Қоғам • 25 Сәуір, 2024

Тұнығыңды лайлаған кім?

221 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сағи Жиенбаевтың «Ардағым-ай, бағың да ашылмады-ау. Ашылмады-ау, дауың да басылмады-ау» деп басталатын «Ана тілім» деген өлеңі бар емес пе? 80-жылдары жазылған осы өлеңде ақынның: «Тұнығыңды қай кәпір лайлаған? Ел додаға түскенін көріп едік, Сен додаға түсер деп кім ойлаған?» деген өткір сұрақтарын жарты ғасырға жуық уақыт өткенде қайтадан күн тәртібіне шығаруға тура келіп отыр. Себебі? Себебі – өз тұғырына әлі қондыра алмай келе жатқан қазақ тілінің қойыртпақ тілге айналып бара жатқанында.

Тұнығыңды лайлаған кім?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Шыны керек, сол 80-жылдары жарияланған қазақ баспасөзін парақтап, Сағат Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз», Шерхан Мұртаза тізгінін ұстаған «Ұлт және сана», журналист Сұлтан Оразалиннің «Сұхбат» секілді көрерменнің айрықша ықыласына бөленіп, ұлттың жоғын жоқтаған бағдарламаларды қайта қарағанда, орысша бірауыз қыстырма сөз, түсініксіз тіркес кезіктірмейсің. Сол кезде жарық көрген қазақ әдебиетінің де тілі таза, мазмұны тұнық.

Ал қазір ше? Қазіргі қоғамда қазақша мен орысшаның ортасындағы, ағылшын араласқан қойыртпақ тіл пайда болды. Ең сорақысы, жастар сол «тілде» «сөйлеседі». Шұбарланған, қойыртпақ тіл сахна төрінде де шырқалып жүр, кино түрінде көрсетіліп те жатыр. Телевидениеде түрлі дүбәра ток-шоумен «дәріптелсе», ал әлеу­меттік желі «тренд» тіркестер мен «слэнг» сөздерден аяқ алып жүргісіз. Ең өкініштісі, алашұбар тіл медиа контентке де енді. Қазақ тіліне қатысты мәселеде ұсақ-түйек болмайды дегенді жиі айтамыз. Сондай мәселенің бірі – БАҚ-тағы тіл тазалығы.

Бүгінде «болып табылады» мен «орын алды» дегенге құлақ та, көз де үйрене бастады. Елімізде қабылданған заңдар атауының бірде-біреуі «бойыншасыз» жазылмайды. Тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдерді орынды-орынсыз бұрмалап қолдана беретіндер де көп. Тіпті «картопты жарды», «мынауың жын­ды екен», «өзіне көп алып қойды», «иг­нор жасаған», «блокке тығып тастап­ты» деген секілді тілбұзар сөздер ақырындап жазу стиліне көше бастады. Қазір жұмысты істемейді, «жасайды». Туған күнді емес, «туылған күнді» атап өтіп жүр. «Жатыр­ған», «отырған» сияқты сөздер де журна­листердің сөз саптауы мен сөздік қорынан, былайша айтқанда, стилі мен лексикасынан «ойып тұрып» орын алған. Қойыртпақ тіл жылдар өте ана тіліміздің тазалығына кесірін тигізбей қоймасы анық.

Қазақ тілінің тұнығын лайламау, ана тілінің сөз мәдениетін сақтау ұлттық мүдде талаптарының бірі екені сөзсіз. Қазіргі мәселенің ірісі – қазақ тілінің өміршеңдігі, жарамдылығы болса, екіншісі – қолданыстағы тілдің тазалығы. Медиа алаңдағы «түрленген», бүлінген тілдің басты дерті орысшадан тікелей аударылған қойыртпақ тілден жұққан. Ең сорақысы, жазыла жазыла, айтыла айтыла «қалыпты тілге» айналып бара жатқан қойыртпақ құлаққа сіңісті болып барады. Ал құлаққа сіңісті дегені – дәл солай сөйлейміз, ойлаймыз деген сөз.

БАҚ арқылы берілген ақпаратты көпшілік норма, үлгі ретінде қабылдай­тынын «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» құрастырушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева да растап отыр. «Сол себепті радио, теледидар және баспасөз қызметкерлері әр сөзіне, әр қимыл-қозғалысына абай болғаны жөн», дейді ғалым. «Бүгінгі таңда калька аударма, қазақ тілінің тіркесім заңдылықтарын түсінбеу салдарынан тілімізде жат қолданыс көбейіп кетті. Олар құлаққа сіңіп кеткені соншалық, кейде қате екенін де аңғармаймыз. Қате қолданыстар тіліміздегі функционалдық стильдердің бәрінде де қаптап жүр», дейді Орынай Жұбаева.

Калька аударманың қазақ баспасө­зінде де қаптап кеткенін маман нақты мы­салдармен де дәйектеп берді. «Мә­с­е­­­­лен, «Ал жалпы Қазақстанның ұйым­дас­тырған сайлауы басқа елдер үшін үлкен тәжірибе болады деген сенімдемін. Дегенмен жайлы өмір сүру үшін шаңы­рағымыздың жарығы сөнбесін дей­міз. Балалар хирургиясы бұрынғыдай емес, қазір заман талабына сай дамып келе­ді деп айтуымызға болады» деген сөй­лемдердің орысшадан тікелей аударыл­ғанын түсіну қиын емес. Тіпті ризашылық білдіруде, кешірім сұрауда да орыс тілінің жүйесі қолданылып келеді: Үлкен рахмет! Зор рахмет! Шексіз ризашылығымды білдіремін. Кешірім сұраймын! Кешірім өтінемін! Қазақ дүниетанымында рах­меттің өлшемі жоқ. Сондықтан орыс тіліндегі (спасибочки, большое спасибо, огромное спасибо) қазақ тілі үшін жат. «Кешірім сұраймын!», «Кешірім өтінемін!» деген кезде «Енді сұрайтын шығар» деп ойлайсың. Оның орнына «Кешіріңіз!» десе жетіп жатыр.

Қазіргі кезде ән шырқайтын болады, сыйлық берілетін болады, жарнамадан кейін жалғастыратын боламыз, Алдағы уақытта қалған су айдынына конкурс жарияланатын болады сияқты қолданыстар жиі кездеседі. Орыс тіліндегі «буду ходить», «буду читать» сияқты тіркестер қазақ тіліне «келемін», «оқимын» түрінде аударылуы керек. Себебі -а/-е/-й көсемше тұлғалы етістік келер шақ (ауыспалы келер шақ) мағынасын бере алады. Сол себепті оған әрдайым «бол» көмекші етістігін тіркестіре берудің қажеті жоқ. Мұның бәрі қазақ тілінің нормаларын белден басып, орыс тілінен сөзбе-сөз ауда­ру салдарынан пайда болған», дейді ғалым.

Тіл маманы келтірген тағы бір мысал – керек тұлғасымен келген тіркестер. «Тілшілер бару керекпіз, білу керекпін, т.с.с. түрде жиі қолданады. Бұл да орыс тіліндегі должен знать, должен идти, т.с.с. қолданыстардың әсері. Дұрысы – айтуымыз керек, білуім керек. Өкініштісі, орыс тілінен жасалған калька аударманың салдарынан тілімізге жат құрылымдар БАҚ-та да, ғылыми еңбектерде де жиі қолданылып келеді. Жалпы алғанда, құпия дауыс беруге ҚХА-ның 351 мүшесі қатысты. Негізі, ауаны ластауға ескі көліктер көп септігін тигізуде. Үміткерлер өз кезегінде партияның сайлауалды бағдарламасын, негізгі бағыттарын егжей-тегжей баяндады. Орыс тілінде жиі қолданылатын в общем, в основном, в свою очередь сияқты құрылымдарды қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алудың қажеті жоқ. Келтірілген сөйлемдерден байқалғанындай, ол құрылымдар сөй­лемге ешқандай жаңа мән үстемейді. Керісінше, сөйлемді түсініксіз, шұбалаңқы етеді. Тіл заңды­лығын белшеден басатын мұндай қол­даныстарға бейжай қарауға болмайды. Себебі БАҚ – дұрыс жазу, сауат­ты жазу әдебін танытатын, дұрыс сөйлеу нормасын қалыптастыратын бірден-бір алаң болуға тиіс», дейді Орынай Жұбаева.

Осыған орай ғалымға «Қазақ тілінің нормасына қайшы сөздерден қалай арылуға болады?» деген сұрақ қойған едік. Ең алдымен мемлекеттік тілге деген талапты күшейту керек екенін айт­қан Орынай Жұбаева: «БАҚ-тағы тіл тазалығын, қазақша мәтіндердің сапасын үнемі қадағалап, тілдік нормалардың бұзылмауын талап етудің маңызы зор. Әсі­ресе қазақ тілді арналардың, бағ­дар­ламалар санын көбейтіп, сапасын арттыру керек. Мәселен, бізде қазақ тілді оқулықтардың сапасы сын көтер­мейді. Жарнама мәтіндерінде, көше­дегі жазуларда қазақ тілінің нормалары сақталмайды. Себебі талап ету жоқ. Қоғам­да құжаттардың мемлекеттік тілде болуын, ресми, іскери қатынаста қазақ тілінің қолданылуын талап етсек, бұл түйінді тарқатуға сеп болар еді», дейді.

Тәжірибелі журналист Қайнар Олжай «Журналистикада тіл тазалығы үшін күресетін соңғы буын өкілдері – біздер» дегенді ашық айтып жүр. Сөзінің жаны бар. Себебі қазір медиа алаңға келген жас журналистердің дені – орыс тілінен тікелей аударылған оқулықпен білім алған буын. Мектепте «Қазақ тілі» пәні дұрыс оқытылмайтынын тіл мамандары былай тұрсын, қарапайым ата-аналар да жиі айтып жүр. Өйткені қазақ мектептеріндегі «Қазақ тілі» пәнінің оқулықтарында тілдегі жүйе, норманың орнына түрлі тақырыптағы лексикалық тақырыптар берілген. Ал орыс мектептері мен қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың жүйесі, құрылымы мүлде бөлек болуға тиіс. Салдарынан бүгінгі таңда тілдегі жүйені, заңдылықтарды бұзушылар, норманы түсінбеушілер күн санап көбейіп келеді. Ал түптеп келгенде сауатсыз жазылған оқулық тұтас бір ұрпақты сауатсыз жасаудың тікелей жолы емес пе? «Қазір тіліміз шұбарланып кетті, тым шұбалаңқы жазатын журналистер легі келді. Адам жазғанды адам түсінбейтін жағдайға жеттік. Заманауи журналистиканың сиқы осы. Өте өкінішті», дейді Қайнар Олжай.

Журналистика ардагері осыдан ширек ғасыр бұрын «Тіл мәдениеті туралы» мақала жазған екен. Онда: «Қазіргі қазақ тілінің дамуына аударма әдебиет, былайша айтқанда, аударма тілі елеулі әсерін тигізіп отыр. Бұл әсердің күші әсіресе мерзімді баспасөзден айқын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда ана тілімізді таза сақтау, оны байыту жолында баспасөзіміз зор рөл атқара алады. Бұл істі баспасөздің өзінен бастау керек десек, қателесе қоймаймыз. Өйткені жақсы мағынада айтылатын аударма тілімен қатар баспасөзге теріс әсерін тигізіп, тілімізді шұбарлап жүрген «үлгілер» де аз емес. Күнделікті газет нөмірінен немесе басылып шыққан кітап беттерінен қате сөз тіркестерін оқығаныңда қатты налисың. Кейбір жолдастар қазақтың бірлі-жарым төл сөздерін де бұрмалап қолданады: аспаз деудің орнына аспазшы, диқан деудің орнына диқаншы, шаштараз деудің орнына шаштаразшы, куә орнына – куәгер деп жазады. Әрине, мұның бәрі – өнер ретіндегі, творчество ретіндегі аудармадан түк хабары жоқ, тек калька жасауды білетін немесе қазақ тілінде материал әзірлегенде орысша ойлап отырып жазатын адамдардың қаламынан шыққан «үлгілер». Келтірілген мысалдардың әрқайсысы қазақ тілінің нормаларына көрінеу қайшы келетінін, тілімізді былғайтынын түсіну қиын емес», деп жазылған. Бұрынғы буынның журналистеріне арналса да, әлі күнге өзекті мәселе дер едік.

Сөз басында ойға сүйеу еткен «Қарыз бен парыз» бағдарламасынан бір үзінді келтірсек. «Аса бір құдіретті нәрсе бар. Содан айырылған күні біз жерден де, елден де, тұрмыстан да – бәрінен айырыламыз. Ол – тіл. Біз тілді сақтау арқылы жанымызды, қанымызды сақтаймыз. Қаны­мыз сақталған жерде қазақ еш уақыт­та өшпейтін, өлмейтін ұлт болады». Қайраткер Сағат Әшімбаев бұл сөздерді айтқанда кеңестік саясаттың құрығы ұзын, қыспағы мықты кез еді. Ал азаттық алғанымызға 30 жылдан асса да, тіл мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Әсіресе аударма ісіндегі, терминология мен орфография саласындағы кемшілік пен шалағайлықтан, БАҚ-тағы ала-құлалықтан арылу мақсатында әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді.

Тіл тазалығы үшін күресіп қана қоймай, қиын-қыстау заман мен қитұрқы саясаттың қыспағына қарамастан орасан зор еңбек еткен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Шора» журналына: «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта... Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ йә құрып жоқ болар, йә өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. Жиырманшы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», деп жазады. Бір ғасыр бұрын айтылған осы сөздердің ақиқаты дәл қазір өзекті болып тұрғаны соншалық, тұнығы лайланған тіл тағыдыры туралы ой қозғағанда ұлттың тағдыры алдыңғы қатарға шығады. Себебі тілдің тағдыры мен ұлттың тағдыры тығыз байланыс­ты. Ал тұнық тілімізді, түзу емлемізді сақтап қалу үшін қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту аздық етеді. Мақсат – тілімізді бизнес, ғылым мен техника тіліне айналдыруда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан «ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылықты» алтын қазық етіп ұстау. ХХ ғасырға дейін азбай, асыл қалпында келген ана тілімізді келер ұрпаққа таза, тұнық қалпында жеткізу бүгінгі буын­ның басты парызы десек, мемлекеттік сая­сат­тың басты бағыттарының бірі де осы болуға тиіс.