Қоғам • 25 Сәуір, 2024

Халық ассамблеясы: Мақсат пен меже

209 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әр қазақтың баласы «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген мағыналы мақалды санасына құйып өсті. Сол қасиетті ұстаным тәрбиемен бойға сіңді. Сондықтан тағдырдың тәлкегімен қоныс аударған этностарды бауырына басқан бабалар жолына қиянат жасамай, ізін жалғастырып, бірлікті сақтау – аманат. Өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын арқау да осы.

Халық ассамблеясы: Мақсат пен меже

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстан үшін этносаралық келісімді қамтамасыз ету – мем­ле­­кет­тік саясаттың маңызды басым­­дық­тарының бірі. Мәдениет және ақпарат министрлігі елде­гі эт­носаралық келісімді сақтау және ны­ғайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған жұмысты қамтамасыз етеді. Оның аясында Қазақстан халқы Ассам­блеясын дамытудың 2022-2026 жыл­дарға арналған тұжырым­да­ма­сы іске асырылады. Уәкілетті ор­ган­дар – Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің Этносаралық қаты­нас­тарды дамыту комитеті, сонымен қатар «Қоғамдық келісім» РММ және «Қолданбалы этносаяси зерт­теу­лер институты» ЖШС. «Қоғамдық келісім» РММ қызметінің мақсаты – этносаралық қатынастарды қамта­ма­сыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету және оның іс-шараларын өткізу.

29 жыл белесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің дамуы­ның бірнеше маңызды кезеңін бас­тан өткерді. Ілгерілеу бағыты мен міндеттер ауқымы кеңейді. Сәй­кесінше, этносаралық қатынастар дамыды, азаматтық бірлік нығайды.

Бүгінде Ассамблея 4 мыңнан астам қоғамдық құрылымды қамти­ды. Оның аясында 50 мыңнан астам адам елімізде бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қайырымдылық жобаларымен танылып, медиация ісін ілге­рі­летіп, әлеуметтік көмекке де ат­салысып жүр. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сая­са­тын қолдап, Жолдаулары мен Үндеулерінің өз дәрежесінде орын­далуына қызмет етіп, ұлттық мерекелерді тұрақты насихаттай­ды. Сондықтан Ассамблея еліміз­дегі ауызбіршілікті сақтап, этнос­тар арасындағы достықтың күре­та­мырына айналып отыр деп айту­ға толық негіз бар. Мұның нәти­жесі елімізде тұрып жатқан этнос өкілдері өздерін Қазақстан халқы­ның ажырамас бір бөлігі ретінде санауы дер едік. Олардың әрқайсы болашағын елімізбен байланыстырып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып келеді. Өңірлердегі Достық үйлері жыл он екі ай белсенді жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Amanat», «Respublica», «Ауыл», Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық және Қазақстан Ха­лық партиялары арасында өзара ынтымақтастық туралы мемо­ран­­думға қол қойылды. Мемле­кет басшысының ҚХА-ның XXXII сес­сиясындағы тапсырмасына сәйкес, Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жасақталып, оның құрамына Қазақстан халқы Ассам­блеясы атынан тағайындалған Сенаттың 5 депутаты енді. Басты мақсат – Президент жүктеген міндеттерді сапалы орындау аясында сындарлы алаң қалыптастыру. Ал Ассамблеяның 11 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында өңірлерде үлкен идеологиялық жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл – еліміздегі консультативті-кеңесші органның жылдар бойы жасап келе жатқан қажырлы жұмысының нәтижесі.

Мемлекетте жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстың нәти­же­сінде еліміз әлемге бірліктің біре­гей мекені ретінде үлгі бола алды. Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз көпэтностық сипатымызды ар­тықшылығымызға айналдыра ал­ға­нымыз анық. Көптеген шетел­дік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқ­ты болжамдарын жоққа шы­ғар­­­дық. Елде аз ұлттар ұғымы қол­да­­­ныл­­­майды. Барлық этностың құқы мен бостандығы бірдей» екенін айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдік қоғамдастықта да бейбітші­лік пен келісім саясатының қазақ­стандық тәжірибесін ілгерілету бо­йынша халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасап, елдегі этнос­тар­дың түпкі түбірі шыққан тарихи елдерімен байланысты дамытып, шетелдегі қазақтарды қолдап отырады. Бірлікті нығайтудың бұл моделі ЮНЕСКО мен Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азшылық ұлттар істері жө­нін­дегі жоғарғы комиссары, Еуро­одақ пен АҚШ мемлекеттеріне та­ныс­­тырылып, 56 тілге аударылды. Бүгінде Ассамблеяның әлемнің дамыған 13 мемлекетінде 14 Достық елшісі бар.

Барлық этноста ата-ана, бала бірі­мен-бірі байланысты үштаған саналады. Бабалардан қалған «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген ұлағатты сөз бар. Асқар тау ас­қа­ралы шыңымен, бұлақ қайнар көзімен, құрақ жайқалған нуымен қажет. Демек әр буынның са­бақ­тастығы – бүгін мен болашақты көрсететін айна. Сондықтан Ассам­блеяның барлық өңірлерде жұ­мыс атқаратын «Ақсақалдар кеңесі, «Ана­лар кеңесі», «Ассамблея жастары» құрылымдарының орны бөлек, қызметі құнды.

«Ақсақалдар кеңесі» өткен жы­лы Мемлекет басшысының тап­сыр­­масымен құрылған. Ертеден еліміз­де ақсақалдар институтының алар орны ерекше болған. Ақыл мен даналықтың қазынасы ретінде қадірлеген қариялар бір әулеттің ғана емес, бір атаның мәселесін шешіп, бағыт-бағдар беріп отырған. Бүгінгі Ақсақалдар кеңесі де заман ағымына сай әлеуметтік және тұр­мыстық жанжалдарды шешу, этно­медиацияны жүзеге асыру, қо­ғамдық келісімді нығайту, жастарға тәлімгерлік практикасын енгізу және жетілдіру міндетін алған. Аз ғана уақыттың ішінде еліміздің жиырма өңіріндегі 1 119 құрылым құрамындағы 7 639 ақсақалдың белсенділігін танытып үлгерді.

Қазақта «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әдемі сөз бар. «Ана­лар кеңесінің» қызметі де жан-жақты дамып келеді. Бүгінде об­лыс­тық, қалалық, аудандық және ауыл­дық деңгейлерде және ірі кәсіп­­орындар ұжымдарында 16 мыңнан астам белсенді мүшенің басын қосқан 1 713 кеңес жұмыс істейді. Жұмыстың негізгі бағыты – отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал етіп, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге қатысады, берекелі, үлгілі әрі тату от­басыларды насихаттайды. Бір ғана «Мәдениетті ана – мәде­­ниет­ті ұлт» жобасы аясында дағ­да­­рыс орталықтары базасында әйел­­дердің жеке дамуы бойынша 400-ден астам семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Ал «Ассамблея жастары» рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестігі 9 мың жасты бір арнаға тоғыстырып, заманауи қызықты жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ұйымның кешенді дамуы үшін алты магис­тралды бағыт анықталған. Бұл жоба­лар жастарды әлеуметтік қол­­дап, білім деңгейін арттыруға, жұмысқа орналасуға, мемлекеттік тілді үйренуге көмектеседі. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, экология мен қоршаған ортаны қорғау, әскери-патриоттық тәрбие, медиа-жобаларды дамыту және медиа-сауаттылықты арттыру да бар.

Бірыңғай ғылыми және оқу-әдістемелік тәсілдерді әзірлеуде зияткерлік күш-жігерді біріктіру мақсатында құрылған Қазақстан жоғары оқу орындарының Қазақ­стан халқы Ассамблеясы кафед­ра­­ларының Қауымдастығы, Ғылы­ми-сарапшылық кеңес, Қазақ­станға инвестициялар, инновация­лар мен технологияларды тарту мен биз­нестің құқықтары мен мүдде­ле­рін қорғайтын Кәсіпкерлер Қауым­дастығы, Журналистер клубының жұмыстарын атап өтуге болады. Әр­дайым белсенділікпен алғы шепте жүретін 1 000-нан астам этномәдени бірлестік, ақпарат айдынына өзіндік жол салған 10 тілде 52 басылым шығатын этностық бұқаралық ақ­па­рат құралы бар. Мәдениет пен өнер­дің қаймағына айналған ұй­ғыр, корей, неміс, өзбек ұлттық театр­лары жұмыс істейді. Ұйғыр, корей, неміс театрлары 2017 жылы акаде­миялық мәртебеге ие болды. Медиация кеңесі бабаларымыздың жолын жаңғыртты. Қазақ халқының дәстүрлі бір ауыз сөзбен кесімін айтқан билерінің тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына кел­тіруге жасалған игі қадамның бірі. Оның тиімділігі уақытпен дәлел­деніп те үлгерді.

Ассамблеяның консультативтік-кеңесші органы Медиация кеңес­тері халық көп жүгінетін құрылым­дарының бірі деп айтуға болады. Жасыратыны жоқ Ассамблеяның Медиация кеңестеріне жыл са­йын өтініштер үздіксіз келіп түсіп жатады. Бұл көпшіліктің медиация жайлы кеңірек хабардар болып, дауларды соттан тыс реттеу­ге құлықты екенін көрсетеді. Өткен жы­лы Медиация кеңестері 2 160 адамды қамтитын 80-нен астам іс-шара өткізді. Жалпы, Ассам­блеяның Достық үйлеріндегі рес­­пуб­ликалық және өңірлік 20 ме­диа­ция кабинетінде 1 294-тен астам медиатор бар. Өткен жылы ҚХА медиаторлары 9 389 өтінішті қараған, оның 2 655-і медиативтік келісімдермен, 6 488-і консультация­мен шешіліп, 246-сы қарау сатысында тұр.

Айта кету керек, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен елі­міз­де Этномедиация институты құ­рылып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының базасында Этномедиация орталығы белсенді жұмыс атқарады.

 

Элина МАСАГУТОВА,

«Қоғамдық келісім» РММ директоры