Су тасқыны • 25 Сәуір, 2024

Су басқан аймақтарда ахуал тұрақталып келеді

176 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Су басқан өлкелер қалыпты тіршілігіне қайта оралды демесек те, жағдай бірте-бірте оңалып келеді. Әзірге тасқын таязымаған өңірлерде жедел іс-шаралар қызу жүріп жатыр.

Су басқан аймақтарда ахуал тұрақталып келеді

Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқынның салдарын жоюға, тұрғындарға жедел көмек көрсетуге басымдық беріл­ген. Жұрттың үрейін алған Орал қаласын­дағы Жайық өзенінің су деңгейі біртіндеп төмендеп жатқаны көңілге демеу. Өткен емес, нақ қазіргі жағдай бойынша үйлерді су басу оқиғасы тіркелмепті. Төтенше жағ­дай министрлігінің өкілі Асқар Шәріп хабарлағандай, күні бүгінге дейін су басқан өлкелерден ұзын-саны 31 112 адам үйіне оралған. Бұл – республика бо­йынша жалпы статистика. Осы аралықта 8 566 тұрғын, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пунктеріне жеткізілген. Құтқарушы, әскерилер мен еріктілер жедел әрекет етіп, 5 677 тұрғын үй мен 2 584 аула іргесіне таяған судың бағытын басқа арнаға бұрған. Тасқын күшіне мінгелі 11,7 млн-нан аса текше метр су сорғымен шығарылса, 5,5 млн қап, 1,5 млн-нан аса тонна инертті материал төселген.

Жедел желі телефонына 2 205 қоңырау түскен. Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 32 мыңнан аса адам, 4 мыңға жуық техника, 773 сорғы құралы, 294 қайық, 13 әуе кемесі жұмылдырылған.

Бірер күн бұрын «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отба­сы­ларға тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойды. Енді жергілікті атқарушы органдар ұсынған үлгілік жоба негізінде қордың қаражатынан 114 тұрғын үй салынады екен. Нақтырақ айтар болсақ, Жымпиты аулында – 49 үй, Бұлдырты аулында – 25 үй. Өлеңті аулында – 38 үй, сондай-ақ Жетікөл, Жаңақоныс ауылдарында бір-бір үйден салынады деседі. Өйткені аталған елді мекендердегі су астында қалған үйлер объективті тексеру қорытындысы бойынша, жөндеуге келмейді, яғни жарамсыз.

Бұл ретте Батыс Қазақстан об­лы­­сының әкімдігі де қарап қал­­май, су басу қаупі байқал­май­тын аймақтардан жаңа үй салуға жер учаскелерін анықтап, нақтылаған. Сол аумаққа инже­нер­лік инфрақұрылым тарту жайы да – әкімдіктің назарында. Құ­­рылыс барысын, сапасын облыс әкімдігі жергілікті қоғамдық бел­сенділермен бірге бақылайды.

– Табиғи апаттың салдары баршамызды алаңдатады. Баршамыз қарап қалмай, қысқа мерзімде құрылысқа кірісіп, қиындыққа тап болған отандастарымызға қолдан келгенше жәрдемдесе аламыз деп ойлаймын. Қор бұған қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша 10 млрд теңге бөлді. Сондай-ақ елдің жанашыр азаматтары мен бизнес өкілдері жібе­ріп отырған қаражатты қо­сымша жолдап отыр, – деп қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева қаралған қаржының жобасын айтып берді.

Бұл ретте Батыс Қазақстан облы­сының әкімдігі де зардап шек­кен тұрғындардың бас­па­на­сыз қалмайтынын, мемлекет тарапынан қажетінше көмек көрсетілетінін хабарлады. Таяуда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыс­тарында үй құрылысына жер учаскелері сайланып, тиісті мемо­ран­думдарға қол қойы­ла­­ты­нын айта кеткеніміз жөн болар. Бұған қоса 1-30 сәуір аралығында қордың атына түскен барлық қа­ражат төтенше жағ­дай­­дың сал­дарын жоюға және ауыл­дық жер­лерде тұрғын үй салуға жұм­са­­ла­тынын білдік. Қор бас­шы­лығы сәуір айының соңына дейін қайырымдылық қаражаты есе­бінен салынатын үйлердің саны артады деп үміттенеді.

Су басқан өңірлерде тұрғын­дарға әлеуметтік төлем қарас­тырылып, жергілікті әкім­дік шы­ғындарды есептеуге көңіл бөлді. Мысалы, Ақтө­бе облы­сын­дағы Ақтөбе мен Әйтеке би ауданындағы тұрғын­дар­ға – 300 мың теңге, қалған аудан­дардың халқына 369 мың теңгеден әлеуметтік төлем үлестіріледі. Қазірдің өзінде облыста 1 966 тұрғын осы әлеуметтік төлемді алып үлгерген. Бұл төлем­дер­дің жалпы төлем сомасын есептейтін болсақ, 638 млн 862 мың теңгенің шамасында екен. Әрине, облыста бір реттік әлеуметтік төлемнен бөлек, бүлін­ген мүлікке, басқа да жөндеу жұмыстарына, үй салуға қаражат бөлінеді. Өңір­лер­де табиғи апаттан зардап шек­кен­дер­дің материалдық шығынын өтеу бойынша құрылған арнайы комиссиялардың да жұмысы қызу жүріп жатыр. Оның ішінде мал шығыны да бар. Мұның нақты есебі алдағы апталарда бел­гілі бола жатар.

Сушылар, бірнеше жыл құр­ғақ­шылықтан қиналған шаруалар тасқыннан су жинап қалудың мүмкіндігін қарауды ұсынды. Мұны Су ресурстары және ирригация министрлігі де біліп отыр. Есесіне, Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне су жібере бастаған. Сосын бұл көлдерге кейінгі 20 жылда су бармағанын да айта кеткеніміз ләзім. 2000 жылдан беріге дейін алғаш рет Тобыл өзеніне су әдеттегіден әлдеқайда көп жиналған. Тобыл өзені кас­кадының ірі су қоймалары тасқынды сейілтуге әсер ете отырып, 92% су жинап үлгерген. Сол секілді Қарағанды облысындағы су қоймалар 100% толған. Мұнда жиналған су жыл бойы аймақ экономикасының қажеттіліктерін толық өтеуге мүмкіндік береді деген болжам бар. Биыл алғаш рет Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жіберілген. Қызылорда облы­сы­ның Телікөл көлдер жү­йесі әжеп­тәуір су жинаған. Жи­налған су қорының есесіне өңірдің ауыл шаруа­шылығы биыл әдет­те­гі­ден шұрайлы болуға тиіс.

Алматы облысындағы Қап­шағай су қоймасына транс­ше­каралық Іле өзеннен келген су ағыны Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуді қамтамасыз етті.

«Қазгидромет» РМК хабар­лауынша, мамырда астық егетін өңірлерде ылғалдандыру нор­маға жақын және одан жо­ғары болады. Қызылорда облы­сының Қармақшы ауданында атмосфералық құрғақшылық күтіледі. Мұнда жауын-шашын аз түсіп, ауа температурасы жоғарылайды. Ал Қостанай облысының Қарасу ауданында, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Сырым, Қаратөбе аудандарында, Павлодар облысының Ертіс, Успен аудандарында және Павлодар қаласында топырақ өте ылғалды болады деген болжам жасалыпты. Алдағы күн­дер­дің ауа райына тоқталсақ, ел аумағының басым бөлігіне оң­түс­тік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронталды бөліктер әсер етеді деседі. Бірнеше өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауса, оңтүстік-шығыста бұршақ жауады. Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік-батыста және оңтүстік-шығыста шаңды дауыл күтіледі. Тек еліміздің солтүстік-шығысы мен шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады деген болжам бар.