Жоба • 24 Сәуір, 2024

Қаржылық сауатты арттыратын жоба

127 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы талқыланды.

Қаржылық сауатты арттыратын жоба

Аталған жоба былтыр мамыр айында Қазақстанның  8 өңірінде басталды. Ол азаматтарға білікті қаржылық және құқықтық көмек көрсетуді, халық­тың қаржылық сауатын арттыруды, азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесуді көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Қазіргі таңда жоба барлық облыстарда, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып келді. Жұмысқа 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы қосылды.

«Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жыл басынан бері 43 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 81%-ы ауылдар мен ауылдық округтердің тұрғындары. Жобаға қатысушылар сарапшылардың дәрістерінен бөлек enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кәсіпкерді ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңестер алуда.

«Біз ел азаматтары арасындағы проблемалық несиелердің үлесін азайтуға әрі халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеуге тырысамыз. Бұл ең маңызды әлеуметтік мәселе және осы ретте партия шетте қала алмайды. Қазір біз оның салдарымен күресіп жатырмыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектептерде, колледж­дерде және ЖОО-да оқыту қажет деп санаймыз. Осылайша, қоғамдағы қаржылық мәдениет деңгейінің үлесін айтарлықтай арттыра аламыз», деп атап өтті өз сөзінде Э.Жұмағазиев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов «Қарызсыз қоғам» жобасына азаматтарды көбірек тарту үшін жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың назарын жергілікті жерлерде ақпараттық жұмысты күшейту қажеттілігіне назар аударды.

Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұр­заева әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, қаржылық сауаттылық бойынша әдістеме мен оқу-практикалық материалдарды әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

«Біз 513 мың адамның арасында сауалнама жүргіздік. Олардың ішінде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар бар. Білім беру үдері­сіне қатысушылар арасында қаржы­лық сауаттылықты оқытудың ұйым­дас­тырылуы мен нысаны туралы бірың­ғай түсінік жоқ. Мұғалімдердің 80%-ы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясын­да сауаттылықты оқытуға арнал­ған оқу­лықтар мен әдебиеттердің жоқ­тығын айтады. Оқушылардың 60%-ы пәнге қызығушылық танытқанымен, оның форматы әрі материалдардың ұсынылуы ұнамайтынын көрсеткен»,  деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі А.Бекмұрзаева.

Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары  Жомарт Қарамбаев мұғалімдерге қаржылық сауаттылық бойынша да сабақ беру үшін біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, «Narxoz» университетінде биылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қаржылық сауаттылық» курсы әзірленген. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады, олардың басым бөлігін  бірінші курс студенттері құрайды. 

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров халық арасында «Қарызсыз қоғам» туралы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

«Жобаның пайдасын бәрі түсіне­ді. Оны сапалы жүзеге асыру – орта­лық және жергілікті мемлекеттік орган­дардың ортақ міндеті. Барлық жа­уапты ведомстволар оқу-әдістемелік құрал­дарын әзірлеу мен жобаны наси­хаттауға белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ ауылдардың, шағын және моноқалалардың тұрғындарын кәсіп­керлік қызметке тарту үшін қолдау көрсету құралдарын кеңейту қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар»,  деді Премьер-министрдің орынбасары.

Нұрлан Байбазаров орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жобаны іске асыру туралы халықты ақпараттандыру жұмысын күшейтуді, жобаға қатысу­шыларды барынша тарту қажеттігін әрі оқушылар мен студенттер үшін қаржылық сауатты арттыру курсын тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.