Балалар • 26 Сәуір, 2024

Балалар қайда демалады?

234 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оқушылардың жазғы де­ма­­­лысы да әне-міне дегенше келіп қал­ды. Балалардың жаз­ғы де­ма­лысын ұйымдастыру жағы қалай болмақ? Бұл – Ұлы­тау об­­лы­сындағы өзекті мәселенің бірі. Бұрынғы пионер лагерь­лері жекешелендірудің ыңғайында сатылып кеткен. Жезқаз­ған­ның жанындағы «Орленок» лагері туралы тамсана айтылатын естеліктер ғана қалды. Аудан­дардағы лагерьлер де солай.

Балалар қайда демалады?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өткен жылы жеке­ше­­леніп кеткен сол ла­герь­лерді мемлекет­ке қайтару туралы біршама талпыныс жасалған еді. «Содан не қорытынды шықты?» деген сұ­рағымызға Жезқазған қала­сының әкімі Қ.Шайжанов «Лагерьлерді қайтару, сөйтіп, балалардың демалысын ұйым­дас­тыру туралы ойымыз болғаны рас. Құжат түрінде қайтаруға болатын да шығар. Бірақ содан ұтарымыз бар ма? Сондықтан сол лагерьлерді арнайы барып көрдім. Сондағы түсінгенім, кері қайтарғаннан түк пайда жоқ. Өйткені кезіндегі ғимараттардан ештеңе де қалмаған лагерь аумағы кәдімгідей мал қораға айналып кеткен» деген еді. Бұл жерде әкімнің сөзіне қосылмасқа болмайды. Бүлінген нәрсені дұрыстап, сосын оны талапқа сай етіп қайыра салып шыққаннан гөрі жаңасын салған дұрыс.

Әрине, жергілікті билік қала сыртындағы лагерьдің жоқ­тығына қарамастан, бала­лардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі жолды қарас­ты­рып келеді. Соның нәтижесінде, өткен жылы облыста 30 321 оқушы, не­месе барлық баланың 75,6%-ы түрлі бағыттағы демалу шара­­ларымен қамтылды. Бұл бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес. Бірақ сол демалыс қалай, қай жерлерде өтті? Айталық, өткен жылы облыс бойынша 155 сауықтыру лагері мен алаңы жұмыс істеді. Ал бұлар негізінен мектептердің жандарында болғандықтан, балалар өздері тұратын тұрғылықты жерінен ұзап кете қоймайтыны анық. Әрине, мұндай лагерьлер де­ керек, бірақ бұл қанша дегенмен «жаз жайнатып, күн күлді­­ріп» дейтіндей лагерь емес екендігін де мойындаған жөн.

Өз лагерьлері болмағандықтан облыстың балалары басқа өңір­лерге барып демалуға мәжбүр. Айталық, Шығыс Қазақстан облысындағы «Балақай» жазғы сауықтыру орталығында облыс орталығындағы Мәруа Құлұ­шева атындағы қиын өмір жағ­дайындағы балаларды қолдау орталығының 40 тәрбиеленушісі былтыр бір айға барып демалып қайтқан еді. Биыл да солай болуы мүмкін. Сондай-ақ өткен жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы шеңберінде 200 дарынды ауыл баласы Астана, Алматы қалаларында демалыс­пен қамтылды. Биыл бұл қор 280 балаға жолдама бермекші. Бұл да жақсы, әрине. Облыстың «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, «Өркен-Атасу» ЖШС, Казцинк, т.б. тәрізді ірі кәсіпорындары өз жұмыскерлері балаларының қала сыртындағы лагерьлерде демалуларына жағдай тудырып, қолдау көрсететін жақсы дәстүрі бар. Өткен жылы осындай демеушілік арқасында 890 бала облыстан тыс жерлерде демалып қайтты. Ал биыл осы кәсіпорындар арқылы 1 170 бала қала сыртындағы ла­герьлерде демалатын болады. Әрине, олардың облыстан тысқары жақта демалатыны айтпаса да түсінікті.

Осы кәсіпорындар жекелей қаражаты жетіспейтін бол­са бірігіп, бірлесе отырып, қаржы қарастырып, облыс аумағынан балалар лагерін салып берсе, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі болмас па еді? Айтпақшы, облыстың Ұлытау ауданының орталығына жақын маңдағы табиғаты келіскен тұсында кезінде «аудандық пионер лагері» болған еді. Әрине, кейін бұл да күтімсіздікке ұшырады. 2000-жылдардың бас кезінде сол «Пионер лагерінің» орнына «Қазақмыс» корпорациясының демалыс нысаны салынды. Қазір де жұмыс істеп тұр. Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы С.Төлекова «Жаз уақытында осы ғимаратты балалардың демалысын ұйымдастыруға берсеңіздер, күтіміне кепілдік бере отырып, барлық шығынын өзіміз көтерер едік» деген ұсыныс­пен «Қазақмыс» басшылығына өті­нішпен шыққанын, бірақ ұсыныстың қолдау таппағанын айтады. «Егер біздің осы ұсы­нысымыз қолдау тапқанда ең кемі 500 баланың демалысын өз жерімізде ұйымдастыруға болар еді», дейді ол.

Осындайда тіл ұшына «Об­лыс­­тың өз аумағында бала­лар­дың қаладан тыс жерлерде дема­лыстарын ұйымдастырудың басқа да жолдарын қарастыруға бол­май ма?» деген заңды сұрақ келеді. Облыстың тамаша таби­ғатының мүмкіндігін неге пай­даланбасқа? Бұл ретте ізденістер де жоқ емес. Мысалы, өткен жылы Ұлытау ауданының Байқоңыр ­аулында бір апталық «Дала LIFE-2023» этнотуристік слеті ұйым­дастырылды. Бұған қоғам­дық жұмысқа белсене ара­ласқан, шығармашылық жетіс­тігмен көзге түскен 50 оқушы тар­тылды. Биыл мұндай іс-шара Ұлытау ауданына қоса Жаңа­арқа ауданында да қолға алынбақшы. Осы орайда, жаз мезгілінде балаларға арналған этно­лагерь ұйымдастырғысы келген кәсіпкерлерге барынша мүмкін­дік беріп, әрі қолдау көрсету тетіктерін қарастырған дұрыс тәрізді. Ал мұндай кәсіп­керлер жоқ та емес. Облыстан тысқары жерге баратын балалар үшін бюджеттен де, демеушілік танытқан кәсіпорындардың да қаржысы бәрібір жұмсалады емес пе? Бұл ретте облыс кәсіпкерлері мен жергілікті билік арасында ойланатын да ойласатын да тұстар бар. Облыс бойынша биылғы 1-10 сыныптардағы оқушылар саны 37 301-ді құрайды. Қазірдің өзінде жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыс­пен қамтылуын дұрыс өткізуге бағытталған негізгі шаралар жос­пары жасалып, бекітілді.

Облыстық білім басқармасы жа­­нынан құрамына Ұлытау об­лы­сы бойынша бала құқық­та­ры­ жөніндегі аймақтық уәкіл, Тө­тен­ше жағдайлар департаменті, Ден­­саулық сақтау бас­қарма­сы, Жұ­мыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдар­ла­­малар бас­қармасы, дене­шы­­нық­тыру және спорт бас­қармасы, Кә­сіп­керлік және өнер­кәсіп бас­қар­масы, полиция депар­та­мен­ті, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, сани­тар­лық-эпидемия­лық ба­­қы­лау депар­таменті кіретін сала­ара­лық штаб құрылды. Штаб 2024 жылғы жазғы демалыс ке­зе­ңінде балалардың демалысын, бос уа­қы­­тын және жұмыспен қам­ты­луын ұйым­­­дас­тыру жөнін­дегі іс-шара­лар­­­дың орындалуын қа­да­ға­лап, бақылап отыратын болады.

Өткен жылы облыс әкімі ал­қалы жиындардың бірінде облыс аумағында бірде-бір балалар­дың жазғы лагері жоқ екендігіне қынжылыс білдіріп, «келесі жылы тым болмағанда өзімізде бір лагерь болсын» деп тапсырма берген еді. Өкінішке қарай, тапсырманы орындау мүмкін болмағанын уақыт көрсетіп отыр. Бірақ мәселе биыл болмаса да алдағы уақытта шешімін табуға тиісті. Бұл орайдағы тығырықтан шығуға Президенттің ел бойынша балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу туралы арнайы тапсырмасының шапағаты тиетін сыңайлы. Осы тапсырманы орындау аясында 2025-2026 жылдар аралығында облыста 3 сауықтыру орталығы, атап айтқанда, Жез­қазған қаласында – 2025 жылы, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында 2026 жылы салынбақшы. Жезқазған қаласында бұл мақ­сатта жер телімі бөлініп те қо­йылды. Әрине, жер бөлінгенмен лагерь бірден салына қоймайтыны түсінікті. Енді жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу, тағы басқа жұмыстар қолға алынуы керек. Кейде осындай шаруалардың ұзаққа созылып кететіні де белгілі. Соған жол бермеген жағдайда ғана облыс балалары үшін жазғы демалысын Ұлытаудың, Жаңаарқаның тамылжыған табиғатының аясында өткізу мүмкіндігі пайда болады. Ал әзірге...

 

Ұлытау облысы