Білім • 26 Сәуір, 2024

Жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мектептегі білім мен ғылымды жетілдіру мәселесі әлі де күшінде. Әсіресе бұған Мемлекет басшысының өзі ерекше назарын аударып отыр. Осы мақсатта Балқаш қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің ауласында жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай ашылды.

Жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай

«Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», деген еді ел Президенті Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда.

«Мектептің жасыл аумағы» жобасы негізінде қанат қаққан жаңа жобаға Қарағанды облыс­тық Экомұражай қызмет­кер­лері, «Қазақмыс» корпора­ция­сы» ЖШС және «The Ulytau Educational Foundation» қайы­рымдылық қоры қолдау көрсеткен.

па

Енді мектеп оқушылары тамшылатып суарылатын тәжі­рибелік алаңда көгал­дан­дырумен өз бетінше айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұған дейін дәл осындай тәжірибе шаһардағы Русаков атындағы №2 мектеп-интернатында жасалған. Жоба жетекшілері балқаштық оқушылардан оң нәтиже күтіп отыр. Қазіргі кезде жоба аясында 100 көшет егіліп, суаруға арналған контейнерлер орнатылды. Жылыжай мен зертханадағы сабақтар Жаратылыстану және Биология пәндері бойынша өтеді. Балалар өз өңірлерінің жағдайына бейімделген өсімдіктерді өсіру технологияларын таңдау бойынша зерттеулерін жүргізеді. Мұнымен қоса, ­жылыжай өнімдерін баптайды. Эко-жоба балаларға табиғатты аялауды ғана сезінбей, өсімдікті өсіріп, өнім алу жолын теориялық-тәжірибелік тұрғыдан үйретеді.

– Қарағанды облысы үшін, атап айтқанда, Балқаш қаласы үшін экология мәселесі бірінші кезекте. Қазірдің өзінде бар және болашақта оқушылардың өздері мектеп аумағына егетін ағаштар шуды азайтады және ауа сапасын жақсартады, – дейді Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының өндіріс жөніндегі директоры Екатерина Оборина.

Жоба авторлары жылыжайда тек биология пәні мұғалімдері ғана жұмыс істемейтінін, өсімдікті жаны сүйетін педагогтерге де мүмкіндік барын айтады.

– Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу универ­си­тетінің ботаника кафедрасының оқытушысы Денис Сирман оқушыларға семинар өткізді. Ол өсімдік шаруашылығындағы жалпы қағидаттар мен заманауи технологиялар туралы айтып, зертханада, жылыжайда және тәжірибе алаңында жұмыс істеу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар берді. Семинарда біз тұқымдарды қалай дұрыс егу және өсімдік қалдықтарын компос­тау керектігін білдік. Сондай-ақ өзіміздің алғашқы өсімдіктерімізді ектік, оларға біз одан әрі күтім жасаймыз, – дейді Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Амелия Ысқақова.

Алдағы уақытта жылыжай кешенінде оқушылар ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, республикалық байқауларда жұмыстарын қорғайтын болады.

 

Балқаш қаласы