Спорт • 27 Сәуір, 2024

Ыстанбұлда кімдер күреседі?

195 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасында өткен Азия чемпио­на­тында Қазақ­стан­ның грек-рим күресі шебер­лері төрт жүлде (1 алтын+ 2 кү­міс+1 қола) еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынды қанағат тұтқанымен, есесіне лицензиялық турнирде тәуір көрсеткішке қол жеткізді. Бішкектің бозкілемінде күш сынасқан бес жерлесіміздің үшеуі Париж Олимпиадасында бақ сынайтын балуандардың тізіміне қосылды.

Ыстанбұлда кімдер күреседі?

Қазір грек-рим кү­ре­сі­нен Қазақстан құра­­ма­­­сы­ның қор­жы­нын­да­­ Олимпия о­йын­да­рының төрт лицензиясы бар. Алғашқы жол­­даманы Нұрсұлтан Тұрсы­нов­тың (87 кг) иеленгені бел­гілі. Был­тыр қандасымыз Бел­градта ұйым­дас­­тырылған әлем чемпионатында үздік бес ба­луанның қатарына қо­сы­лып, көз­деген мақсатына қол жет­­кіз­ді. Ал Бішкектегі бәсекеде Ай­дос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жа­­ды­­раев (77 кг) және Әлімхан Сыз­­ды­қов (130 кг) табысты өнер көрсетті.

Алатаудың арғы бетінде атой сал­ған апайтөстердің арасынан Айдосты бөле-жара атап өтуге болады. Кезінде әлем чемпионатында екі мәр­те қола медальды олжалап, Азия чем­пионы атанған 28 жастағы Сыр бойы саңлағының Олимпиадаға әлі бірде-бір жолы түспеген еді. Биыл ақпан айын­да Астана­да өткен ел чемпио­натында Сұл­тан­ғали өзінің басты қарсыласы Мей­рамбек Айнағұловтан айласын асырып, лицензиялық турнирге қатысу құқығына ие болды. Бішкекте ол Ирак пен Тайпей спортшыларын ойсырата ұтса, тәжіктің тас­тү­легіне қарсы кездесуде өте сауатты тактика құра білді. Сол күні Айдос Сұлтанғалидің өнеріне бар жанкүйер тамсанды.

Демеу Жадыраев – ұлттық ко­манда сапындағы ең жасы үл­кен балуан. 2017 жылы әлем чем­пио­на­тының күміс жүлдегері атанған Жетісу өңірінің тумасы осыдан үш жыл бұрын Токио Олимпиадасында өнер көрсетті. Бірақ ол жарыста Жадыраевтың жолы болмады. Биыл да дәл осы саңлаққа сенім артылды. Осы орайда жанкүйерлер тарапынан «Егде тартқан балуанды ғаламдық додаға апарудың не қажеті бар еді?» деген сауалдың туындауы заңды. Бірақ Демеу ел чемпионатында өзінің мықты­лы­ғын толықтай мойындатты. Жалын­ды жастарды айтпағанда, тәжірибелері әбден толысқан Маго­мад Ибрагимов пен Темір­лан Шадукаев 34 жастағы сақа спорт­шының қарқынына шы­дай алмады. Бішкекте де қазақ балуа­ны өте жақсы кү­ресті. Әсіресе Жады­раевтың ше­шуші тұстағы бәсе­­кесі өте әсер­лі болды. Оңтүстік Корея­­ның өкілі Доуон Лиден 0:2 есе­бі­мен ұтылып жатқанына қара­­мастан, соңғы сәтке дейін Боран­­бек Қоңыратовтың шәкірті қар­қы­нын еш бәсеңдеткен жоқ. Нәти­­­же­­сінде, қазақ балуаны жеңіс­­ті қар­­сы­ла­сының уысынан жұлып әкет­ті.

Ал аса ауыр салмақ дәре­же­сінде айқасқан 29 жастағы Әлім­хан Сыздықов Олимпия ойындарына жолдама алса да, оның өнері көпшілік көңілінен шықпады. 2022 жылы Азия чемпионы атанған қазақтың нар тұлғалы балуаны былтыр Азия ойындары­ мен құрлық біріншілігін қола медальмен қорытындылады. Осы жарыстардың екеуінде де Сыздықовтың функционалдық даяр­лығы сыр берген еді. Осы жолы да дәл солай болды. Жар­ты­лай финалда қырғыз­стан­дық Роман Кимді едәуір ұпай айыр­машылығымен ұтып жатып, қар­сы­ласының есепті теңестіруіне мүм­кіндік берді. Ол аздай, соңғы екі минутта Әлімханның шар­ша­ғаны соншалық, ол мүлдем күрес­пей қойды. Алысып-жұлысу былай тұрсын, тіптен орнынан тұра алмай қалды. Бәсеке 7:7 есебі­мен аяқталды. Қандасымыз тек қосымша көрсеткіштердің арқасында ғана жеңіске жетіп, жол­дамаға қол жеткізді. Париж­де Әлімханның дәл осындай кү­респен алысқа бармайтыны анық. Сондықтан да жеке бап­кері Бисольт Дициев екеуі осы ол­қы­лық­тың орнын толтыру керек.

Бірер айдан кейін Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойын­­­­дарына Қазақстанның грек-рим­ күресі шеберлеріне толық құрам­мен бару үшін әлі екі жолдама қажет. Бішкекте біз Мейіржан Шермаханбеттің оза шабатынына еш күмән келтірмеген едік. 2019 жылғы әлем чемпионатының қола, 2023 жылғы Азия ойын­да­рының күміс жүлдегері және Азия чемпионы деген атағы бар 27 жастағы Шымкенттің шымыр жігітінің теңдессіз өнерімен талайларды тамсандырғанына талай мәрте куә болғанбыз. Бірақ кейде оның болмайтын жерде жеңіліп, көрермендер көңілін су сепкендей басатыны тағы бар. Қырғыз Рес­публикасының бас шаһарын­­да дәл солай болды. Тұсаукесер кезде­суінде түрікменстандық Равшан Атдаевтың аяғын көктен келтірсе, ширек финалда жасөс­пі­рімдер арасында әлем чемпио­ны, жастар мен ересектер арасында Азия чемпионы, өзбек­стан­дық Аброр Атабаевтан айласын асырды. Алайда шешуші тұста Жа­по­н­­­ия­­ның жас жұлдызы Кио­таро Сога­бэінің осал тұсын табал алмады.

Жалпы, 67 кг салмақ дәре­жесінде Қазақстанның өзінде бә­се­келестік өте жоғары. Бұл сал­мақта әлем чемпионатында бес (1 күміс, 4 қола), құрлық чем­пионатында алты (2 алтын, 3 күміс, 1 қола) және Азия ойындарында екі (1 күміс, 1 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілген Алмат Кебісбаев және жастар буыны арасындағы додаларда дараланған Дінмұхамед Қошқар бар. 23 жастағы Тараздың тастүлегі Азияда алдына жан салмаса, әлем бірін­шілігінде үздік үштікті түйін­деді. Бірақ бұл балуанның екеуі де ел біріншілігінде Мейір­жан Шер­ма­хан­бетке есе жіберді. Қазақ­стан чемпионатында үшін­ші орынға табан тіреген Алмат Аман­бекті биыл Азия чемпио­на­­тында күрес­тірген еді, ол екін­ші айналымнан аса алмады. Сол се­бепті де 9-12 масыр ара­лы­ғын­да Ыстанбұлда өтетін соңғы лицен­­зиялық турнирге қайта Мейір­­жан­ды апарған жөн болар еді.

Лицензиялық турнирде 97 кг­ салмақта Олжас Сырлыбайға се­нім артылды. Алайда тәжіри­бе­лі балуан «шу» дегенде сүрінді. Ел чемпионатында күміс медаль­ды мойнына ілген Юсуф Мациев Азия біріншілігінде де дәл сол межеден көрінді. Бірақ финалда оның анау-мынау емес, Иранның атақты пехлеваны, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және құр­лық чемпионы, әлем чемпио­на­тының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Мұхаммадхади Саравиге есе жібер­ді. Бәлкім, осы жағы еске­ріліп, 20 жастағы жалындап тұр­ған жігітке тағы бір мүм­кін­дік берілетін шығар деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, бұл – ұлттық құрама бапкерлерінің құзырындағы мәселе.

Грек-рим күресінен әзірге тек Иран құрамасы ғана Олимпия ойындарына толық құраммен қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Парсы елінің апайтөстері Францияның бас шаһарында барлық алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Қалған коман­да­лардың көрсеткіштері мынадай: Куба, Алжир, Мысыр – 5, Түркия, Қытай, Қазақстан – 4, Армения, АҚШ, Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстан, Жапония – 3, Ресей (AIN), Әзербайжан, Чили, Колумбия, Тунис, Украина, Сербия – 2, Чехия, Беларусь (AIN), Болгария, Венесуэла, Эквадор, Мажарстан, Гондурас, Марокко, Молдавия, Солтүстік Корея, Финляндия, Франция, Грузия, Литва, Германия және Оңтүстік Корея – 1. Осылайша, әзірге 72 жолдаманың иесі анықталды. Ендігі сынақ Түркияда өтеді. Анадолы еліндегі жарыстың қорытындысы бо­йынша әр салмақта алғашқы үш орынды олжалаған балуандар Париждегі ойындарда күш сынасу құрметіне ие болады.