Аймақтар • 27 Сәуір, 2024

Керекуліктер жаппай көшет екті

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы аптада «Жасыл аймақ» апталығы жарияланып, барлық аудан-қалаларда ағаш көшеттері отырғызыла бастады.­ Ертіс-Баян өңі­рінің жұртшылығы да тазалық акциясына айтар­лықтай атсалысып жатыр. Аға буын мұндай экологиялық іс-шара жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулуға үлкен сеп болады деген пікірде.

Керекуліктер жаппай көшет екті

Мапруза Хамитова өңірдегі ең шал­ғай елді мекеннің бірі Шалдай ауылында тұрады. Шалдай – айна­ласын жалқарай ормандары көм­керген, айрықша әсем жерде орналасқан ауыл. Бұл өлкеде қо­ныс еткен жұртшылық ежелден жасыл орманды сақтаудың ма­ңызын жақсы біледі. Қарағай ара­сындағы халық балаларына үнемі қоршаған ортаға қамқор болудың дәнін егіп, бұл бағытта істерімен де үлгі-өнеге болып келеді.

– Жолдасым көп жыл бо­йы жергілікті орман шаруа­шылы­ғында орманшы болып еңбек етті. Өзім ауылда есепші болып қызмет қылдым. Қазір зейнет жасында болсам да, еңбек етуді жалғастырып отырған жайым бар. Екеуміздің де жасымыз – 66-да, бірге түтін түтеткенімізге 43 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде 4 қызымызды аман-есен тәрбиелеп өсіріп, олардан 17 жиен сүйдік. Қарағай арасында туып-өскендіктен жасыл желекті көбейтудің игілігін жақсы білемін. Отағасы екеуміз әр көктемде көшет отырғызуды кезінде қыздарымызға үйретіп келсек, қазір жиендеріміздің құлағына сіңірудеміз. Ауылымызда бүгін «Отбасы ағашы» акциясы ұйымдастырылды. Біз сияқты ұзақ жыл отасқандар, көпбалалы және жас отбасылар ауыл ішіндегі аллеяға жиналып, 100-ден аса қарағай көшетін ектік. Жас бала­лар мұндай экологиялық іс-шара­лардан көп тәрбие алады деп ойлаймын. Айналамыз үнемі таза, жасыл желекке малынып тұрса, адамның да көңіл күйі көтеріңкі жүреді. Себебі таза ауа – мықты денсаулықтың кепілі. Ал кез келген жасыл желек – біздің «өкпеміз», – дейді Мапруза Қаратай­қызы.

п

Бұл күні Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты, Аққулы, Баянауыл, Ақтоғай аудандарында жалпы саны 565 түп қарағай, мамыргүл және қайың ағаштары отырғызылған. Көшет отырғызуға жергілікті жұртшылық, ардагерлер, жастар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихаттардың депутаттары мен ұстаздар қауымы қатысты. Мәселен, Павлодар қаласындағы жастар бастамаларын дамыту орталығы Әлеуметтік жобалар қорымен бірлесіп экологиялық акцияны жалғастырды. Оның аясында Павлов және Ломов көшелерінің бойындағы бірнеше ғимарат маңында жаңадан тал егілді. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара «Birgemiz: Taza Alem» жалпықоғамдық жобасының аясында қолға алынып отырғанын атап өтті.

– Бұл біздің қаламыздың экологиясын жақсарта түсуге қосқан үлесіміз деп білемін. Қоғамдық орындардағы жасыл желекті кө­бейте және оны өзгелерге насихаттай отырып біз жастарды табиғатты аялауға және адал еңбектенуге үйретеміз, – деп пікірімен бөлісті Әлеуметтік жобалар қорының жетекшісі Ербол Кеңгірбаев.

«Таза Қазақстан» акциясында бұл күні Баянауыл мен Аққулы аудандарының халқы да белсенділік көрсетті. «Жасыл аймақ» апталы­ғына үн қосқан жұртшылық жүздеген қарағай көшетін көше­лер мен қоғамдық орындарға отырғызды. Баянауыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сарбасов елді мекендер­ді көгалдандыруға жерлестерін ша­қыра отырып, алдағы уақытта ағаш егу игі дәстүрге айналса деген ниетін жеткізді. Оның сөзінше, өңірдегі экожүйені жақсарта түсу осындай шағын қадамдардан бас­талады. Әрі мұндай іс-шараларға оқушыларды көптеп тартсақ, нұр үстіне нұр болмақшы.

Ал Ақтоғай ауданында Ауған­станнан кеңес әскерінің шы­ға­рылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне ар­нал­ған саябақта 35 көшет отыр­ғызылды. Акция құрметіне орай тұрғындар үшін концерт ұйымдастырылып, ыстық шай мен бауырсақ таратылды.

 

Павлодар облысы