Ғылым • 27 Сәуір, 2024

Ғылым нәтижелері өндіріске енуге тиіс

397 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте «Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс», деп ерекше ой айтты. Иә, елімізде ғылымды жоғарғы деңгейде дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі болуы қажет.

Ғылым нәтижелері өндіріске енуге тиіс

Кейінгі 5 жылда ғылымға бөлінген қаржының көлемі 60%-ға өсіп, одан әрі өсе түсті. Мақсатты бағ­дар­ламалар шеңберінде көптеген ғылыми зерттеу институты мен жоғары оқу орындары зама­науи жабдықтарға ие болды. Сон­дай-ақ жас мамандарды даяр­лау өз елімізде де, жетекші шетел­дік ғылыми орталықтарда да белсенді жүргізіліп отыр. Ма­ман­дарды шетелде тағылым­дамадан өткізу және оқыту арнайы бағдар­ламалар арқылы жүзеге асты. Бұл ретте, мемлекет пен қоғам бүгінде ғылымнан елдің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын нығайтуға байланыс­ты қайтарым күтуге құқылы.

Өкінішке қарай, әзірге Қазақ­стан ғылымы ел экономика­сы­ның дамуына елеулі үлес қо­сып отырған жоқ. Қазір отан­дық ғылыми зерттеулер нәти­же­лерінің өндіріске еніп, одан едәуір пайда келтіріп жатқа­ны сау­сақпен санарлық. Заманға сай отандық ғылыми нәти­желеріне бағдарланған өндiрiстің саны тіптен аз.

Оған бірден-бір мысал ре­тін­­де бюджет қаражатының айтарлық­тай көлемiн пайдаланып, ал олардан қайтарым болмай тұрған еліміздегі биотехнология саласын айтуға болады. Кеңес одағы кезінде Степногорск қаласының базасында биотехнологиялық қорға­ныстық, ішінара бейбіт мақ­сат­тағы өнім өндіретін қуатты кәсіпорындар кешені болды. КСРО ыдырағаннан соң және де кәсіпорын конверсияланғаннан кейін бұл кешен іс жүзінде өз жұ­мысын тоқтатты. Өндірісті қай­та жаңғыртуға мемлекет тара­пы­­нан орасан зор әрекеттер жасал­­ды, технопарк құрылды, инфра­­құрылым мен жабдықтауға едәуір қаражат бөлінді. Алайда мұ­­ның бәрі ойдағыдай нәтиже бер­­ме­­ді, өндіріс өз бағыты бойын­ша нәтижелі жұмыс істей алмады.

Кейіннен Астана қала­сын­­да Қазақстандағы биотех­но­логиялық әзірлемелер мен био­технология­лық өнеркәсіптің көшбасшы­сы болуға арналған биотехно­ло­гия­лық орталық ұйымдасты­рыл­ды. Бұл орайда да ұлттық биотех­но­логиялық ор­талықтың жаңа ғима­ратын са­луға, оны ең заманауи жаб­дық­­тармен қамтамасыз етуге көп қаражат жұмсалды. Өкі­­ніш­­­ке қарай, бұл ретте де ғылы­ми жұ­­мыстар зертханалық әзір­леме­лермен ғана шектеліп, био­тех­нологиялық өндіріс әзір­ше дамымаған күйінде қалып отыр. Бүгінгі ғылыми жетiс­тiк­тер­дiң практикаға енуінің өте төмен деңгей болып тұрға­ны Президент тарапынан да әдiл сынға ұшырап отыр. Сон­дық­тан ғылыми зерттеу­лердің нәти­желерін практикаға енгізу – ға­лымдардың алдына қойыл­ған мем­лекет алдындағы үл­кен жауап­кершілік.

Президенттің былтырғы «Әді­летті Қазақстанның экономи­калық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру аясында биыл 29 наурыз­да Парламент Сенатында «Отан­­дық ғылымды дамыту және ғылы­ми-техникалық прогресс» тақы­рыбында сенатор Алтынбек Нұхұлының төрағалығымен дөң­гелек үстел өтті. Әйткенмен, бұл отырыста еліміздің бүгінгі ғылымының дамуына терең талдау жасалмады. Тыңдалған баян­дамаларда тек қазіргі ғалым­дардың алдында тұрған проблемалармен ғана шектелді. Атап айтқанда, дөңгелек үстел­дің аты айтып тұрғандай, ғылы­ми зерттеулерді түпкілікті тұтыну­шыға жеткізу мақсатында Мем­лекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың іс-шаралары мен оны орындау жолдары нақты көрсетілмеді.

Осыған байланысты біз осы мақалада келтірілген ғылым­да­­­ғы проблемалар туралы ғана ай­тып қоймай, сондай-ақ елі­міз­де ғылыми-техникалық прог­ресті жеделдетуге алып келе­тін отандық ғылымды кезең-кезеңі­мен дамытудың жоспары мен өзекті проблемаларды шешу жолдарын ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша, елімізде ғы­лым­ды дамыту және оны тиісті қар­жыландыру үш негізгі бағыт бойын­ша жүзеге асырылуға тиіс: 1) іргелі және ізденісті зерт­теу­лер – іргелі зерттеулер грант­тарының шеңберінде; 2) қол­данбалы жобалар – қолдан­балы зерттеулер гранттары шең­бе­рінде; 3) мақсатты қолдан­ба­лы бағдарламалар – ірі маман­дан­дырылған мегагранттар және оларды коммерцияландыру шең­берінде. Яғни ғылыми нәти­же­лердің өнімдерін өндіріп, түпкі тұтынушыға жеткізуге бағыт­талған болуы керек.

Барлық ғылыми зерттеу­ді қаржыландыру кезіндегі ең маңыздысы мемлекет нақты мін­деттерді шешуге бағытталған әлемдік ғылымның дамуының негізгі басымдығын басшылыққа ала отырып, еліміздің қазіргі тала­бы­на сәйкес ғылыми зерттеулер­дің негізгі бағыттары мен міндет­терін, яғни нақты айтқанда, бүгінгі күнге қандай зерттеулер қажет екендігі анықталуы керек. Бұл – ғалымдар үшін де, мемлекет үшін де маңызды. Зерттеулердің негізгі басымдықтары мен бағыттарын әзірлеу Ұлттық ғылым академия­сының қатысуымен жасалып, кеңес дәуірінде болған Үкімет жаны­нан Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік комитетті қайта жандандырып, жоғарыда келтірілген бағыттарды терең тал­қылап, бекіткені дұрыс деп есеп­тейміз. Бұл ұсақ-түйек, еліміз­дің экономикасына елеулі үлес қо­са алмайтын және де «қала­ға­ным­д­ы жасаймын» немесе «қо­лым­нан келгенін ғана жасаймын» деп есептеген ғалымдардың зерт­теулеріне шектеу қою үшін қажет.

Келешектегі қолданбалы ғы­лым шешімдерінің басым бөлігі­нің негізі саналатын iргелi және iздестiру зерттеулерiн жүргiзу қа­жеттiгi бүгінгі күні күмән тудырмайды. Олардың үлесі жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 20-25%-ынан кем болмауы қажет. Негiзiнен бұл зерттеулер 200-300 млн теңге көлемiндегi гранттар есебiнен 3 жылдан 5 жылға дейiн (iргелi 5 жыл, iздестiру 3 жыл) болуға тиiс. Бұл жобалар кон­курс­­­тық негізінде іріктелуі қажет, ал қаржыландыру Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) арқылы жүзеге асырылуы керек. Бұл қаржыландыру ғалымдар­­дың шағын ұжымдарының (7-15 адам) жұмысын және зерттеулердің ағымды шығындарын (жала­қы, материалдар, ұсақ жабдық­тар, жарияланымдар, іссапар шы­ғыстары) төлеуді қамтамасыз етуі қажет. Мұндай жобалар­ды орындау нәтижелері респуб­ли­калық, жоғары рейтингтік жур­нал­дарда жарияланымдармен, патенттерге өтінімдермен, па­тент­­термен және т.б. көрсетілуге тиіс.

Ал қолданбалы зерттеулер қол­данбалы жобалар шеңберін­­де, сондай-ақ ірі қолданбалы мақсат­ты бағдарламалар шеңберін­де қаржыландырылуы қажет. Қолданбалы жобалар қолдан­балы гранттық зерттеулер шеңбе­рінде орындалуы керек, оларды қаржыландыру ғылымға бөліне­тін қаржының жалпы сомасынан 20-25%-дан кем болмауы ке­рек, ұзақтығы 3 жылдан 5 жыл­ға дейін болғаны дұрыс. Қол­­­­дан­балы жобалар ҒЖБМ және мүм­кіндігінше бейінді ми­нис­­тр­ліктердің қаражаты есе­­бі­­нен қаржыландырылуға тиіс. Қол­данбалы жобалардың мақ­­са­ты нақты өнiмдердi, препа­рат­­тарды және оларды өн­­дiру технологияларын әзiр­леу, эксперименттiк модельдер жасау, эксперименттiк үлгi­лер алу, монографиялар, әдiс­темелiк ұсы­нымдар, нұсқаулар дайын­дау және т.б. болуы керек. Ал қолданбалы жобалар да ір­гелi зерттеулердiң жобала­ры сияқ­­ты конкурстық негі­зінде ҒЖБМ және бейiндi минис­трлiк­тер қалыптастыратын маман­дандырылған арнайы тапсырмалары бойынша iрiктелуге тиiс. Қол­данбалы жобаларды қар­­жы­ландыру көлемі 200-300 млн теңгені құрауы қажет. Кон­курстық құжаттамада іргелі және қолданбалы жобалардан күтілетін нәтижелердің нақ­ты аражігі ажыратылып көрсе­тілгені дұрыс.

Қолданбалы зерттеулерде – инновациялық отандық жоға­ры технологиялық өнімдерді жа­сауға және олардың өндірісін ұйымдастыруға бағытталған ірі мақсатты бағдарламаларға басты назар аударылуға тиіс. Мұндай мақ­сатты бағдарламаларды қар­жы­ландыру елдің даму жос­пары­на сәйкес келетін және қоғамның ең өзекті мәселелері мен қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылатын мемлекеттік тапсырыстар негізінде жүзеге асырылуы қажет. Мемлекеттік тапсырыс негізінде техникалық тапсыр­малар арқылы қалыптас­тырылуы керек. Сондай-ақ мұн­дай бағдарламаларға міндетті талап, ол «Әзірлемелер және өнді­рісті ұйымдастыру» болуы және ол бағдарламаның атауы мен міндеттерінде де нақты көр­сетілуге тиіс. Ірі мақсатты бағдар­ламаларға ғылымды қаржы­лан­дырудың жалпы көлемінің 50%-ға дейінгі мөлшерін қарас­ты­рып және осы бөлінген қар­жы­ның белгілі бір мөлшерін ғылы­ми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыруға бөлген дұрыс. Қазіргі уақытта мақсатты бағ­дарламаларды түпкілікті қа­­рау жұмыстары Үкімет жанын­­­дағы Жоғары ғылыми-техни­ка­­­­лық комиссияға (ЖҒТК) жүк­­тел­­­ген, алайда бұл жерде мем­­­лекет­тік тапсырыс құры­лы­­мын пысық­тау емес, тек ҒЖБМ ұсынған шешімдерді бекі­ту ғана жүзеге асырылып отыр. Сон­дықтан мемлекеттік тап­сы­рыс­ты әзірлеуге және оны қо­ғамның үнемі өзгеріп отыра­тын қажеттіліктеріне қарай жүйе­лі түрде түзетуге жауап­ты ма­мандандырылған минис­тр­­лік­ке қарамайтын арнайы ұйым бекіткен дұрыс. Мақсатты бағ­дарламаларға ең кем дегенде 5 миллиард теңге және де одан жоғары қаржы бөлінуге тиіс. Мұндай бағдарламалар респуб­лика бойынша жылына 30-40-тан аспауы керек, ал қазір 100-ден аса бағдарлама орындалып жатыр. Мақсатты бағдарламаларға қойылатын негiзгi талап – отан­дық өнiмдi және өндiрiс технологиясын әзiрлеу, мемлекеттiк ұйымдардан барлық құқықтық және рұқсаттық қажетті құжат­ты алу, әзірленген өнiмдердi өндіріске шығаруға арналған iрi құрал-жабдықтарды сатып алу, яғни ел экономикасына нақты үлес қосу үшiн өнiмдер мен технологияларды өндіріске енгізіп, оны коммерцияландыруға бағыт­талған. Бағдарламаның орындалу нәтижесi қатаң бақылануға тиiс және қойылған мiндеттердi орын­дамаған жағдайда мекеме ұйым­дар басшыларынан және бағ­­дарламаның ғылыми жетек­шілерінен жұмсалған қа­ра­­жат­тың кемiнде 50%-ын мем­ле­кетке қайтаруды талап ету қа­жет. Сон­дай-ақ бұл бағдар­ла­ма­лар біткеннен кейін, олардың нә­ти­жесін, яғни өнімін өндіріске ен­гізіп, сатылымын да қатаң бақы­лау керек.

Қазір «Ғылым қоры» АҚ ар­қы­лы ғылыми зерттеулерді ком­мерцияландырудың жекеле­ген жобалары жұмыс істей­ді. Коммерцияландыру жоба­ла­рының басты мақсаты – ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін іс жүзінде қолдануға жәрдемдесу, оларды нарыққа шығару және табыс табу. Мұндай жобалар технологиялық желілерді іске қо­суға, жабдықтарды сатып алуға, эксперименттік өндірісті ауқым­ды өндіріске айналдыруға, өнім­дер­ді сатуды ұйымдастыруға ба­­ғыт­­талған. Қазіргі уақытта ком­­­­мер­цияландыру жобала­­рын қар­­жыландыру Ғылым қоры­ның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жо­баны орындаудың барлық мер­зі­міне 300-350 миллион теңге ғана қара­жат бөлінеді. Бүгінде бұл сом­ма коммерцияландыру проб­­лемаларын шешу үшін жеткі­ліксіз.

Сондай-ақ коммерцияландыру жобаларына жеке серіктес тарапынан қоса қаржыландыру талабы қойылады, бұл ретте әртүрлі қатысушыға әртүрлі талап қойылған. Мұны орынсыз деп есептейміз. Жеке серіктес тарапынан қоса қаржыландыру меншік нысанына қарамастан, (мемлекеттік кәсіпорын, стартап-компания, жеке құрылым) барлық конкурсқа қатысушы үшін талап бірдей болуға тиіс, себебі аталған ұйымның барлығы да мемлекет үшін қызмет етеді. Жоғарыда атал­ған мегагрант бағ­­­дар­ламада көрсетіл­гендей, ком­мер­цияландыруды, сол бағ­дар­­ламаның функциясына кі­руі­не байланысты ғылым қоры­нан коммерциялануды алып тас­та­ған жөн. Бұл өз кезегінде мемлекет­тен бөлінген қаржыны да үнемдеуге әкеледі. Соған қоса ғылым қоры қаржыландырып, коммерцияландыруға бөлініп отырған қаржының кейінгі бір­неше жылдың қорытындысы бойынша елеулі нәтиже бермей отырғаны белгілі.

Осы ғылыми зерттеу­лердің нәтижелері жоғарыда көрсе­тілген барлық кезеңнен өткенде ғана тұтынушыға жететі­нін тағы да атап өткім келеді: 1) тү­бе­гей­лі жаңа шешімдерді, ірге­лі зерт­теулердің негізінде, олар­дың әсер ету механизмдерін дә­лел­деуге бағытталған ірге­лі зерт­теулер және т.б.; 2) зертха­на­лық жағ­дайларда іргелі зерттеу­лер­дің нәтижелерін практикамен тікелей байланыстыратын қолданбалы зерттеулер (жаңа өнімдерді, препараттарды, технологияларды және т.б. әзір­леу); 3) ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіптік ауқымға дейін жет­кізу – өнеркәсіптік үлгілер мен оларды өндіру технологияларын жасау, өнімнің ауқымды өнді­рісін ұйымдастыру, оны на­рық­қа шығару (коммерцияландыру). Зерттеулердің мұндай цик­лі үзілмей кемінде 10 жылды, ал медицина үшін кемінде 15 жыл­ды құрауға тиіс. Сол кезде ғана дайындалған әзірлемелер толы­ғымен сынақтан өтіп, өнді­ріске ену арқылы ел экономикасына елеулі үлесін қоса алады.

Ғылыми жобалар мен бағдар­ла­маларды қаржыландыру барысында, оларды іріктеу кезіндегі өте маңызды кезең, ол – ғылыми сараптама жүргізу. Қазіргі уа­қыт­та ғылыми сараптаманың ұйым­­дастырылуы мен сапасына қа­тысты күмән келтіретін жағдайлар аз емес. Соңғы конкурстардың тәжiрибесi көрсеткендей, ұлттық мемлекеттік ғылыми-техника­лық сараптама орталығының (ҰМҒТСО) са­раптамасының қазiр­гi құры­лымы тиiмсiз. Өйт­кені са­раптама әділетсіз әрі баяу жүргізіледі және де тым қым­бат. Гранттық қаржыландыру жоба­ларының, сондай-ақ мақсатты бағдарламалардың ғылыми сараптамасын ұлттық ғылым академиясы базасында ішінара немесе толық жүргізу орынды деп есептейміз. Президент жанындағы ұлттық ғылым акаде­миясының бөлімдері жанынан ғылым бағыттары бойынша құзыретті ғалым-мамандардан бейінді сараптамалық кеңестер құрған абзал. Сараптамалық кеңестер сараптаманы жүзеге асыру үшін қосымша мамандарды тартуы керек, бірақ олар­дың біліктілігін және қарала­тын жұмыстардың бейініне сәйкестігін міндетті түрде ескеру қажет. Ғылыми ұсыныстардың соңғы нүктесін, ҰҒА жанын­дағы ғылым бағыттары бойынша жұмыс істейтін ғылыми кеңестер жүзеге асыруға тиіс. Ұлттық мем­лекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құрылы­мына формальды белгілер бо­йынша ұсыныстарды тексеру, орын­далатын жобалар мен бағ­дар­ламаларды техникалық сүйе­мелдеу, сонымен қатар олар­дың орындалуын бақылау функция­ларын қалдыру қажет.

Жоғары білікті мамандар – ғы­лы­ми жобалар мен бағдарла­маларды табысты жүзеге асы­рудың және оларды практикаға енгізудің ең маңызды шарты. Кейінгі жыл­дар­дағы тәжіри­бе көрсетіп отыр­ғандай, диссер­тациялық кеңес­терді ғылыми зерттеу институттарынан универ­ситеттерге беру өзін толығымен ақтай алмай отыр. ҒЗИ базасында бұрынғысынша жоғары білікті мамандардың басым бөлігі жұмыс істейді, олардың саны универ­ситеттерге қарағанда әлдеқайда көп. Көп­теген ғылыми зерттеу институтында толыққанды зерттеу база­лары бар, сондықтан универси­теттер докторанттары мен магистранттарының ғылыми жұмыстарын орындау үшін аталған ғылыми базаларды жиі пайда­ланады. Университеттер базасында бұрыннан жұмыс iстей­тiн кеңестердi сақтай отырып, ҒЗИ базасында диссертациялық кеңес­­­тердiң қызметiн қалпы­на кел­­тiру, не бiрлескен диссер­­та­­циялық кеңестер құру орынды. Сондай-ақ болондық білім беру жүйесін сақтай отырып, PhD докторантураның шең­берінен тыс, ҒЗИ базасында дис­сертациялық кеңес бекіт­кен та­қырып бойынша диссер­тациялық жұмыс орындалуы мүмкін болатын ізденушілік инсти­тутын жаңарту мәселесін қарастыру қажет деп есептейміз.

Сонымен қатар медицина мен ауыл шаруашылығына арнал­ған фарм және биопрепараттар жасау жөнiндегi отандық әзiр­лемелердiң мәселелеріне же­ке тоқталған жөн деп есептейміз.

Қазақстанға импорттық дәрі­­лік заттардың орасан зор ағы­ны келіп отыр. Сонымен қа­тар қазір елімізде меди­ци­налық пре­параттардың жеке өнді­рісі 13%-ды ғана құрай­ды. 2022 жы­лы елімізде 97 фар­мацев­тика­лық өндіруші компания жұ­мыс істеді, оның ішін­де 34-і дәрі­лік заттар (ДЗ) өнді­рі­сіне ма­ман­дандырылған, 63-і – ме­ди­циналық бұйымдар (МБ) өн­дірушілер. Бірақ бұл жерде осы өндірушілердің барлы­ғы ше­телдік субстанциямен (ши­кі­зат) жұмыс істейтінін атап өт­кім келеді, яғни отандық өн­діріс тек фасовка үдерісімен ғана шек­теледі. Бүгінгі таңда отан­дық, бірегей, мемлекетімізде тіркелген, Қазақстанның өз субс­танциясынан толыққанды өнді­рілген дәрілік заттар тек бірлі-жарым ғана.

Сондай-ақ ауыл шаруашылы­ғына арналған отандық био­пре­па­раттарды өндіру де айтар­лық­тай жолға қойылмаған. Тұ­қымдық материалдың орасан зор жетіспеушілігінен шаруа­шылықтар тұқымды шетелден сатып алуға мәжбүр. Бұл ретте импорттық тұқымдық ма­териал­дың 50% -ға дейін мөлшері саңырау­құлақ және бактериялық өсім­дік ауруларының қоздырғыш­тарымен залалданған. Соған қоса карантиндік арамшөптер тұ­қым­дары да тоқтаусыз өсіп жатыр. Бұл, өз кезегінде өнімнің 40- 50%-ға дейінгі мөлшерінің жоғалуына әкеліп отыр. Сондай-ақ ауыл ша­руа­шылығы дақылдарының өнім­ділігін арттыру, органикалық егіншілікті кеңейту, мал шаруа­шы­лығының азықтық базасын нығайту, ауыл шаруашылығы дақыл­дарының ауруларымен күресу сияқты ірі проблемаларды шешу – отандық ғалымдар­дың басты міндеттері. Қазір ауыл­ша­руа­шылық министрлігіне қарасты карантиндік мекеме өз дәрежесінде қызметтерін атқара алмай отыр. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі каран­тин­дік ме­кеме елімізге сырттан әке­лінетін биопрепараттар мен ауылшаруашылық тұ­қым­­дық дәндерінің сапасын қатаң ба­қы­лауы қажет және де бұ­рын бол­ған тұқым инспекция­сын шұ­ғыл қайтадан жандандыру керек. Осындай өте маңызды проб­лема­ларды шешуге отандық ғалым­дардың күш-жігері бағыт­талуы және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуге тиіс.

Осылайша, ғылым қоғамға нақ­ты пайда әкелуі қажет. Қазiргi уақытта елімізде ғылыми зерт­теу­­лердi жай орындап шығу ғана емес, сондай-ақ олардың нәти­­желерін өндіріске енгізу арқы­лы экономикаға тікелей пайда тигізе отырып, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік жасайтын зерттеулер керегі анық. Осы жоғарыда айтылған мә­се­лелерді ескергенде ғана ғы­­лым қоғамға өз нәтижесін бе­ре­ді. Сонымен қатар ғылыми зерт­­теу­лердің тиімділігін және оның практикалық нәтижесін арт­тыру барысында зерттеуші ға­лым­дардың ой-өрісін де бүгінгі нарықтық заманға байланысты өзгерткен абзал. Ғылыми әзір­лемелер тек сөреде шаң басып жатпай, еліміздің игілігі мен табысты дамуының нақты құралы болуға тиіс.

 

Аманкелді САДАНОВ,

Микробиология және вирусология институтының бас директоры