Қоғам • 27 Сәуір, 2024

«Индрайвермен» итшілеп...

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір қайсысымыз болсын Әділетті Қазақстан тезірек орнаса екен деп тілейтініміз анық. Ендеше, осы атам заманнан аңыз-ертегіге арқау болған асыл арманды Мемлекет басшысы айқын мақсат етіп алға қойған қазіргі кезде оны жүзеге асыруға бәріміз бірдей атсалысуымыз қажет емес пе?

«Индрайвермен» итшілеп...

Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Атырауда болған үшінші отырысындағы: «Мен Мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жариялан­ған Жолдауымда толыққанды тұ­­жы­рымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғы­­мының саяси риторикада жә­не тәжірибеде қолданылуы бел­­гі­лі бір сын-қатерлер туын­датып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың би­лік­­ке талабын күшейте түсуі мүм­­кін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты осында», деген сөзі ойға оралады.

Өкінішке қарай, отандас­тарымыздың біразының бойында нақ осы қасиет – жауапкершілік жетіспейтінін күнделікті өмірде көзімізбен көріп, көңіліміз түсіп жүр. Жауапсыздық – биылғы алапат су тасқынына жол берген жоғары лауазымды шенеуніктерден бастап, қарапайым азаматтарға дейін кесел болып жабысқан келеңсіз құбылыс.

Жуырда бір шаруамен елордадан Көкшетау қаласына барып-қайтуға тура келді. Сол үшін «Индрайвер» қосымшасы арқылы Қ. деген такси жүргізушісімен алдын ала келісіп, ертеңгі сағат 9.00-де жолға шығатын болдық. Алайда Қ. уәделі уақытта келмеген соң, оған екі рет телефон соқтым. Бірақ ол қоңырау барып тұрса да, жауап бермеді. Арада бір сағатқа жуық уақыт өткенде өзі телефон шалды. «Кеше кешке сізден басқа, уағ­даласқан жолаушыларым сапар­ға шығудан бас тартқан соң, бүгін Көкшетауға бармайтын болдым», деді ұйқылы-ояу күйде. Бұл жайлы маған неге уақтылы хабарламаған себебін айтып, ке­шірім сұрау ойына да кірмеген тәрізді. Сол сәтте кеше кешке менің «Индрайверге» кіріп, тапсырыс жасағанымды көрген талай такси жүргізушісі хабарласып, әлдеқайда қолайлы ұсыныс жасаса да: «Қ. деген таксишіге уәде беріп қойдым. Уәде – Құдай сөзі», деген уәж айтып, бәрінен бас тартқаныма бармағымды тістедім. Ойлап көрсем, Қ.-ға да, өзге таксишілерге де: «Қайсы­сыңыз ертең дәл сағат 9.00-де үйімнің алдына келіп тұрасыз – соның көлігіне мінемін», деп айтуым керек болған екен...

Содан «Индрайвер» арқылы тағы көлік іздеуге кірістім. Іле Е. деген такси жүргізушісі жап-жаңа шетелдік автомобилімен жетіп келді. Көкшетаудағы баратын орныма сағат 14.00-ге дейін жеткізуге уәде берді. Алайда жол бойы қасы­на отырғызып алған 12-13 жасар немересімен қалжыңдасумен және ұялы телефонымен әлдекім­дермен сөйлесумен болып, жү­рісі өне қоймады. Щучинск қала­сына кіреберістегі ақылы жол­мен жүргені үшін ақы алу пунк­тіне келгенде бүгінде кө­лік жүргізушілерінің көбі пайдаланып жүрген қолайлы мүм­кін­дікті қолданып, арнаулы шот­қа алдын ала ақша аударып қой­мағандықтан, «Каspi.kz» қо­сымшасы арқылы төлем жасайын десе, интернет желісі істе­мей қалып, ал қолма-қол ақша­мен есеп айырысайын десе, қалтасындағы тиын-тебені жетпей, сасқалақтап, не істерін біл­мей едәуір дағдарды. Содан соң бізге, кабинадағы жолаушыларға бұрылып, қолма-қол ақшамыз болса, беруді сұрады. Ондай ақша менен ғана табылып, 2 мың теңгелікті қолына ұстаттым. Сөйтіп, ақы алу пунктінде 5 минуттай бөгелдік. Соның салдарынан Е. маған берген уәдесін орындай алмай, Көкшетауға сағат 14.10-да әрең жеткізді. Мен қатысатын іс-шара дәл уақытында басталып кеткен екен, ұяттан қысыла-қымтырыла кіріп, көпшіліктен кешірім сұрауыма тура келді.

«Индрайвермен» итшілеген сол сапарды сірә да ұмыта қоймас­пын.