Қоғам • 27 Сәуір, 2024

Этномәдени бірлестіктердің ісі берекелі

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізді әлем назарында алдыңғы орыннан танытатын ерекшелік – мемлекетіміздегі этностардың өзара татулығы мен ұйыған тірлігі. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің тарихи миссиясын лайықты атқарып келеді. Ассамблея мемлекеттік органдармен, басқа да азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп этносаралық тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етеді.

Этномәдени бірлестіктердің ісі берекелі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Этномәдени бірлестіктер, ең алдымен – азаматтық қоғамның институттары. Олар қоғамдық бірлестік ретінде құрылады, мемлекеттік тіркеуден өтеді. Елімізде 1000-нан астам этномәдени бірлестік бар. Оның 24-і республикалық деңгейде жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктерді жалпы саны 57 837 адам құрайды. Былтыр 402 108 азамат қамтылған 5 757 іс-шара өткізілді.

Ассамблеяның негізгі жұмыстарының бірі – қайырымдылық. Былтыр Ассам­блея меценаттары республикалық «Қайы­рым­дылық керуені» жобасы аясында 250 мыңға жуық азаматқа 1,7 млрд теңге көлемінде түрлі қайырымдылық іс-шарасын іске асырды. Былтырғы оқу жылында да Ассамблея тарапынан «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп керек-жарақтары түрінде 153 миллион 504 мың теңге қаржыға көмек көрсетілді. Тәуелсіздік күніне орай 200-ге жуық көпбалалы, жалғыз басты аналарымыздың отбасын аралап, жалпы сомасы 50 млн-нан астам теңгеге көмек көрсетілді. Тәжік республикалық этномәдени орталығы биылғы қасиетті Рамазан айында еліміздің өңірлерінде қолдауды қажет ететін 500 отбасына азық-түлік себеттерін таратты. Былтыр Абай облысындағы ауқымды өрттен зардап шеккендерге жалпы сомасы 47 миллион 708 мың теңгеге гуманитарлық және қаржылық көмек берілді.

Мемлекет әрдайым кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап келеді. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда елге жанашыр барша іскер азаматтарды қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаларға көбірек мән беруге шақырды. Бұл жұмыстар этномәдени бірлестіктер есебінен өңірлердегі елді мекендерде іске асырылып жатыр. Мәселен, былтыр Ақмола облысына қарасты Қабанбай батыр ауылы және Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына Тәжік республикалық этномәдени орталығының меценаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Мансұр Мазбутұлы 17 мыңнан астам халықтың мұң-мұқтажын өз көзімен көріп, қоқыс полигонына айналған жерді ұтымды пайдалану мақсатында жоба құны 8 млн теңге болатын балаларға арналған спорттық алаңқай салды. Сондай-ақ меценаттар Түркістан облысында спорт кешенін, қазақ тіліндегі үш бірдей балабақшаны пайдалануға берді.

Биыл «Алғыс айту» күні қарсаңында республикалық «Қайырымдылық кер­уе­ні» акциясы аясында аядай ғана бір бөл­мені паналаған 8 баласы бар отбасына және асыраушысы жоқ 5 баласы бар елордалық тұрғынға екі пәтердің кілті табыс етілді. Қайырымды іс әрі қарай жалғасып, «Cotton мақта» серіктестігінің директоры Абдухашим Боев қасиетті Рамазан айында Мақтаарал ауданындағы пәтер жалдап жүрген көпбалалы екі отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Бұған қоса 200 отбасына азық-түлік таратып шықты. Мұндай игі істерде еліміздегі этнос өкілдері белсене атсалысып жатыр. Өйткені Қазақстан – баршамыздың ортақ Отанымыз.

Халықтың бірлігі мен сабыры қиындықта сыналады. Елдегі кей өңір­лердегі жағдайда да қоғам жанашырлары қарап қалмады. «Жүректен – жүрекке!» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жан-жақты күші мен мүмкіндіктерін аямай, аймақтарға көмек қолын созып келеді. Арнайы штаб құрылып, құрамына ҚХА Парламент Сенатының депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, жастар мен Ассамблея мүшелері, еріктілер, меценаттар кірді.

Өңірлердегі Ассамблея өкілдерімен бірге 212,3 тонна азық-түлік пен ең қажетті тауарлар жөнелтілді. Сондай-ақ 43 жүк көлігімен (орта және ауыр жүк көлігі) гуманитарлық көмек жіберілді. 14 арнайы техника (экскаватор, «КамАЗ», самосвал) әкелінді. 253,0 млн теңгеден астам қайырымдылық және гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр.

Әрбір игі істің артынан алғыс пен жақ­сылық келуі заңдылық. «Қайырым­дылық керуені» акциясының жыл аяғында қорытындысы шығарылып, республикалық форуммен түйінделеді. Жалпы, ел бірлігі жолында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға тағайындалған Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалi бар. Ал меценаттық пен қайырымдылық жолындағы қызметі үшін «Жомарт жан» төсбелгісі табысталады. ҚХА Құрмет грамотасы, ҚХА Алғысхаты, «Алғыс» төсбелгісі де рухани құндылықтарды нығайтып, әлеуметтік, мәдени және ақпараттық жобаларды іске асыруға белсенді қатысқан азаматтарды көтермелеуге, басқаларға үлгі етуге арналған.

Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықты темірқазығындай ұстанған елдің ең басты құндылығы – бірлік. Биылғы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессия тақырыбының өзі – тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығы мен бірлігі үшін барша қауымды мемлекеттік саясатты қолдап, егемен елдің дамуына жан-жақты атсалысуға үндеу.

Мемлекет басшысының Ассамблеяның саяси партиялармен өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі тапсырмасын негізге ала отырып, Ассамблея еліміздегі қоғам­дық келісім мен бірлікті нығайтып, саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы арасындағы тікелей байланысты айқын көрсететін негізгі міндеттерді жүзеге асырды. Ассамблеяның саяси партиялармен тұрақты консультациялар институты толық қуатында жұмыс істей бастады. Саяси реформалар қоғамда саяси партиялардың рөлінің артуына әсер етеді.

Президент әр Жолдауында, Ассамблея­ның сессия отырыстарында, кейінгі жылдарғы дәстүрлі Құрылтайда көпші­ліктің көкейінде жүрген маңызды мәсе­ле­лерді көтереді. Соның бірі – мемлекеттік тіл мәселесі.

Қазақ тілі – болашақтың тілі. Қазір өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілінде сөйлеп жүрген азаматтар көбейген. Бұл мемлекеттік тілге деген қызығушылық пен сұраныстың артқанын аңғартады. Енді осы оң үрдісті одан әрі жалғастыруымыз қажет. Былтыр қазақ тілін ілгерілету мақсатында 330 мыңнан аса адамды қамтитын 3 ірі жоба жүзеге асырылды. Мұндай игі істер одан әрі жалғасады.

Қазақстан барлық этнос өкіліне өз тілін, мәдениетін, салты мен дәстүрін сақтап, дамытуына толық мүмкіндік берді. Қазақ даласынан нәр алып, осы топырақта туғаннан кейін қазақтың ұлт­тық құндылықтарын бірлесе дәріп­теуі­міз қажет.

 

Акбаржон ИСМАИЛОВ,

Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ҚХА республикалық штабының жетекшісі, Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы