Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова ЕАЭО қатысушы мемлекеттерде жұмыс күшінің қозғалысын реттейтін заңнамалық нормалар және еңбек көші-қонына берілетін кепілдіктер туралы баяндады.
«Ағымдағы жылдың алғашқы күнінен бастап Еуразиялық экономикалық одақ шарты күшіне еніп, жұмыс істей бастағаны белгілі. Осы ретте елдегі еңбек нарығын реттеу мәселесі қалай болады десек, бұл ретте біз ЕАЭО мүше-мемлекеттердің мақұлдауымен қабылданған негізгі шартқа сүйене отырып әрекет етеміз. Атап айтқанда, еңбек мигранттарының құқығын жан-жақты қорғау, еңбек қауіпсіздігі мен келеңсіз жағдайлардан сақтандырылуы, міндетті зейнетақы аударымдарының дұрыс төленуін қадағалап, реттеуде аталған шарт қауқарлы деп айта аламыз», деді вице-министр.
Оның айтуынша, ЕАЭО елдері арасында кейбір арнайы салалар ғана болмаса, көптеген салаларда мамандар дипломы мүше-мемлекеттер арасында толық мойындалатын көрінеді.
«Мұндай әрекеттер ЕАЭО аясындағы еңбек нарығын реттеуде өз тиімділігін көрсететіндігі айқын», деді Светлана Қабыкенқызы.
Атап өтер болсақ, шарттың «Еңбек көші-қоны» деген тарауында барлық жағдайлар жазылған. Мәселен, онда жұмысқа орналасқан мемлекет аумағында еңбеккердің және оның отбасы мүшелерінің уақытша мекендеуі жұмыс берушімен және жұмыс алушымен жасалған еңбек және азаматтық-құқықтық шарт қолданысының мерзімімен белгіленеді делінген. Мезгілінен бұрын шарттың бұзылуы жағдайында келген күніне 90 тәулік өткеннен кейін еңбеккер-мигрант жұмысқа орналасқан мемлекет аумағынан шықпай-ақ 15 күн ішінде жаңа еңбек және азаматтық-құқықтық шарт жасауға құқығы бар.
Сондай-ақ, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында елдер белгілеген жұмысқа рұқсат алу рәсімдері алынып тасталған.
Келісімшарт еңбеккер-мигранттарын және олардың отбасы мүшелерін жұмысқа орналасқан мемлекет аумағына кірген күнінен бастап 30 тәулік ішінде тіркеуден босатады. Басқа мемлекет аумағына кіргеніне 30 тәуліктен асқан жағдайда келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелуге міндетті.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында еңбеккер-мигранттарды әлеуметтік қамсыздандыру жұмысқа орналасқан мемлекеттің заңнамасына сай іске асырылатыны, сонымен қатар, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін азаматтардың еңбек өтілі әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында жалпы еңбек өтіліне қосылатыны айтылды.
Еңбеккер мен оның отбасы мүшелерін зейнетақымен қамтамасыз ету тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасына, сондай-ақ, ұйымға мүше-мемлекеттер арасындағы жекеленген халықаралық келісімшарттарға сай реттеледі. Еуразиялық экономикалық одақ Кеңесінің 2014 жылғы 12 қарашадағы шешімімен «Зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келісімшарт жобасының тұжырымдамасы» мақұлданып, аталған құжат жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Еңбеккер-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері жедел медициналық көмек және өзге де медициналық жәрдем алуға құқылы. Жұмыс істейтін мемлекет аумағында еңбеккер-мигрантпен бірге тұратын балалары сол елдің заңнамасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелерге баруға құқылы.
Деректерге сүйенсек, 2014 жылы шетелдерден жұмыс күшін тартуға квота көлемі республиканың экономикалық белсенді тұрғынына шаққанда 0,7 пайыз көлемінде белгіленген еді. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар шешімімен Қазақстан аумағында 29 462 шетел азаматы еңбек еткен. Шетелдерден жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер саны 2 577 болыпты.
Негізінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ЕАЭО елдерінен Қазақстанға жұмыс күшінің көптеп ағылуын болжап отырған жоқ. Мәселен, 2014 жылы Қазақстанға Ресейден – 7 990 адам, Беларусьтен – 560, ал Армениядан 260 адам жұмыс істеуге келді.
«Біздің болжамымызға сүйенсек, бұл елдерден жұмыс күшінің ағылуы жоғарыда аталған көрсеткіш деңгейінде болады. Шетелдік жұмыс күшінің ағылуы бойынша қазақстандық рынок үшін тәуекелді байқап отырған жоқпыз», деді С.Жақыпова.
Бастысы, еліміздегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына шетел азаматтары қатыспайды. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшінің шамадан тыс көбейіп кетуіне де мемлекет жол бермек емес. Әрбір мемлекет өз еңбек нарығын реттеп, алдымен өз азаматтарының жұмыспен қамтылуын қадағаламақ. Сол себепті де, министрлік бұл келісімшарттың елдегі жұмыссыздықпен күрес шараларына кері әсері болмайды деп сендіруде.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».