«Таза Қазақстан» • 29 Сәуір, 2024

«Таза Қазақстан»: Акцияға 27 мың адам қатысып жатыр

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысында «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны жалғасып жатыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Ұлы дала» шағын ауданының аумағында Тараз қаласының тұрғындарымен бірге ағаш екті. Бұл күні 125 түп қарағаш, 100 түп емен, 170 түп терек, 101 түп шырша көшеті егілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Таза Қазақстан»: Акцияға 27 мың адам қатысып жатыр

27 мыңнан астам жамбылдық қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға өз үлестерін қосты, оның ішінде кәсіпорын мен әлеуметтік нысанның 5 222  қызметкері бар. Аумақты абаттандыру бойынша 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ, 1400-ге жуық аула, 8300 су жүйелерінде тазарту жұмыстары жүргізілді.

Облыс бойынша биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 57 100 көшет отырғызылды, 809,4 шақырым арық және канал, 3 102 шақырым көше, 1,1 миллион шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазартылды, 4 280 тонна қоқыс шығарылды. 53 субұрқақты іске қосу шаралары қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жалғастыру үшін 25 бірлік техника сатып алу жоспарланған.

Сондай-ақ облыс бойынша 469,6 шақырым жол жөнделеді. 228 көше (Таразда 76 көше) жарықтандырылады. Биыл облыс орталығындағы 10 шағын аудан мен Қарасу тұрғын алқабының аулалары толығымен жарықпен қамтылады.

Өңір басшысының айтуынша, қазіргі кезде ағаштарды түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәліметтер негізінде ұтымды суару жүйесін ұйымдастыруға көмектесетін дендрокарта жасалмақ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Президент қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің, бизнес өкілдері, студенттер экологиялық акцияға белсенділікпен қатысып жатыр», дейді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салу жобаларының ажырамас бөлігі болуы тиіс деп есептейді.

Осы жылы облыста 56 көпқабатты тұрғын үйдің (2 909 пәтер) құрылысына 12,3 миллиард теңге бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша 54 үй (2 749 пәтер) пайдалануға беріледі.

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алу жоспарланған (республикалық бюджеттен, «Самұрық-Қазына» қоры). Бұдан бөлек, 14,2 мың орынға арналған 41 білім беру, 24 денсаулық сақтау нысанының, 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірдегі аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі экологиялық науқан жүйелі түрде жалғасады.

Т.Мұсылманқұл.