Пікір • 29 Сәуір, 2024

Игі істер мұратқа жеткізеді

73 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясы өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін, конституциялық мәртебесі бар қоғамдық орган.

Игі істер мұратқа жеткізеді

Елімізде су тасқыны басталғалы бері Қазақстан халқы Ассамблеясы әдеттегідей белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп, республикалық және аймақтық штабтары құрылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қауіпсіз жерге көшіруге атсалыс­ты. Табиғи апат кезінде ел бірлігі нығая түсіп, халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде апат болған өңірлерде ешкім елеусіз қалмайтыны, мемлекет шығынды түгел өтейтіні, тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатыны және мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режімі енгізілетіні жөнінде айтты.

«Жол салынады, су тартылады. Ауыл­да­рымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін қоғамдық кеселдерге қарсы жұмыс істеуге шақырды. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсаратынын және мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болатынын айтты. Президент айтқандай, еліміздің мызғымас бірлігін нығайтып, жасампаздық игі істерді ынталандыруға, мемлекеттің экономикалық және әлеу­меттік өрлеуіне бәріміз бір адамдай атсалысайық.

 

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,

Сенат депутаты