Бастапқыда бұл кен орны ауыл тұрғындарын әрі-сәрі күйге түсіргенімен, телекөпірден кейін көңілдегі күдік тұманы сейіліп, инвесторларға деген берік сенім орныққандай болды.
Индустрияландыру күні шеңберінде өткен жалпыұлттық телекөпірде Елбасының рұқсатымен іске қосылған «Әулие» өндірістік алтын кеніші жөнінде сөз қозғамас бұрын аз-кем шегініс жасағанды жөн көрдік. Сонда мемлекеттік ауқымда үлкен қозғау салынып отырған мәселенің мәні ашыла түсер деген ойдамыз.
Былтыр тілшілер қосынына Бұлақ ауылының бір топ тұрғындарынан шағым хат келді. Өзім осы өңірдің тумасы болғандықтан, жерлестерімнің жанайқайы бей-жай қалдыра алмады. Түрлі деңгейдегі органдарға жолданған ұжымдық арызда Құлсары әулие жерленген оба маңынан бағалы металдың жеткілікті қоры табылғаны туралы хабар жеткелі елден маза кеткені айтылып, алтын бар жерде уран қоса жүретіні, сол себепті айтып келмес кеселдің әкелер зардабы қандай, жобаның пайда-зияны нақты таразыланды ма, бірлескен кәсіпорын иелері қоршаған ортаны зиянды қалдықтарға толтырып, тайып тұрмай ма деген сансыз сауалдар сананы сілкілеп, тынышы кеткен, ұйқысы қашқан жұртты әуре-сарсаңға салған.
Мұның алдында Сабыр Ілиясов ақсақал да осы мәселелерді құзырлы орындарға көлденең тартқанымен, тұшымды жауап ала алмаса керек. Оның үстіне іс әлі басталмай жатып өлексе үстіне шүйліккен құзғындардай аты-жөні белгісіз бірнеше компанияның иелікке ұмтылуы да секем алдырған тәрізді. Бәрінен де бағдарламаның жүзеге асуына үзілді-кесілді қарсы шығып жүрген азаматтардың өткен ғасырдың орта тұсында жүргізілген барлау жұмыстары барысында уран қоры табылыпты деуі отқа май құйғандай өте-мөте әсер еткен сияқты. Ел ішін елес құсап кезген осындай жайсыз жайттардан кейін бір-бірімен қоңсы қонған елді мекендер тұрғындарының алаңдайтындай-ақ реті бар.
Уәде бойынша Бұлақ ауылдық округінің орталығында «Әулие Голд Майнинг» ЖШС директоры Павел Джулаймен арнайы кездесіп, ай-күннің аманында дүниені дүрліктірген мәселенің түп-төркініне бойлауға тырыстық. Округ әкімі Асхат Мұстафин де ұжымдық шағымға байланысты аудан әкімінің, облыстық құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен өткен қоғамдық тыңдаудың хаттама шешімдерін ұсынып, істің мән-жайына тереңірек қанықтырды. Жиында сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атынан жобаның негізгі орындаушысы ретінде «Әулие Голд Майнинг» ЖШС бекітілгені, шетелдік қаржыгерлердің қойнауы алтынға толы жаңа кен орнын игеру жөніндегі жобаларды жан-жақты зерттеп, экологиялық, экономикалық, құқықтық сараптамалардан өткені түсіндіріліпті. Ауыл тұрғыны Ерғали Оразалиннің айнала экологиялық жұтауға ұшыраса, жауап бересіздер ме деген сұрағына бұл жағдай келісімшартта анық көрсетілген. Сондай-ақ, алынған пайданың бір пайызы тарату қорына аударылып отырады. Бұл қаражат жер қойнауларын қалпына келтіруге, басқа да мақсаттарға жұмсалады деген жауап беріліпті. Осы маңайда «сібір жарасымен» ауырған малдардың өлекселері көмілген арнайы орын бар. Ол жерден қазба байлық табылса, не істейсіздер деген сауалға біздің қолымызда малдәрігерлік қызмет картасы бар, соған орай әрекет жасаймыз делініп-ті. Осындай ашық әңгімелесуден кейін тұрғындардың күдігі біршама сейіліп, салықтың бір бөлігі әлеуметтік салаларға бөлінсе, жұмысқа жергілікті адамдар бірінші кезекте тартылса деген ұсыныстармен тарасқаны байқалады.
Болған оқиғаны боямаламай, бүкпесіз әрі егжей-тегжейлі баяндап отырған себебіміз, түсіндіру жұмыстарының кемдігінен түрлі қауесет жайлап, оның арты ел ішін жік-жікке бөліп, алатайдай бүлдіріп жататыны жасырын емес.
– Жер қойнауына жан-жақты барлау жүргізудің нәтижесінде алтын қорының жалпы аумағы 400 гектарды құрап отыр. Зерттеу жұмыстарына 100 миллион теңге жұмсалды. Қазба шараларымен біздің компания айналысады. Қазақстан нарығы жақсы таныс. Бірнеше еншілес кәсіпорындарымыз бар. Алға қойған жоспарларымыз көп. Олардың ішінен жаңа жұмыс орындарына жергілікті тұрғындарды алдымен қабылдауды ерекше бөліп айтар едім. Әлеуметтік мәселелерді шешуге де белсене атсалысатын боламыз, – деп еді сол жолғы әңгімесінде еншілес кәсіпорын басшысы П. Джулай.
Фирма 2021 жылға дейін арналған жұмыс кестесіне сәйкес тау-кен зауытының іргетасын қалауды тез-ақ бастап кетті. Озық жоба алғашқы бесжылдықтың Индустрияландыру картасына енгізіліп, межелеген мерзімге дейін 600 мың тонна өнім өндіру белгіленген. Кәсіпорынның пайдалануға берілуі индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындыларымен орайлас келіп, Мемлекет басшысы тұсауын кесті. «Әулие Голд Майнинг» ЖШС-нің Бұлақ ауылы маңайында игерілген өндірістік алтын кенішінің жобалық құны 2,7 миллиард теңгені құрап, толығымен шетелдік инвесторлар есебінен қаржыландырылады. Былтырғы жобалық қуаттылығы 140 мың тонна болса, биыл өнімділік 2 есеге ұлғайтылады. Алтын кеніші құрылысында 180 адам еңбек етеді.
Алтын аралас топырақты өндіріп, өңдейтін кешеннің бой көтеруі жергілікті тұрғындар үшін маңызы өте зор. Толық пайдалануға берілгенде 250 жаңа жұмыс орындары ашылады. 2016 жылға дейін алғашқы алтынды алу жоспарланып отыр. Аталмыш жоба бойынша 1,5 миллиард теңге инвестициялық салым аяқталуға жақын. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жер қойнауын барлау одан әрі жүргізіліп, қосымша келісімшарттар жасау арқылы облыста түсті металлургияны дамытудың, бұл салаға инвестиция құюдың тиімді жолдарын қарастыратын боламыз.
Фирма жетекшісі Павел Джулайдың дүйім жұртшылық алдында айтқан бұл уәжін берген серт деп қабылдаған ләзім. «Айтқан сөз – атылған оқ» демей ме? Олай болса, бір-бірімен іргелес отырған ауылдар тұрғындарының алаңдауына еш негіз жоқ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы.