Талабы таудай баланың суретші болу үшін өзін еш аямай, бірнеше рет қатерлі қадамдарға қорықпастан ерікті түрде барғанын жақсы білеміз. Оның бірнеше рет өлімші етіп сабалғаны да мәлім. Ол осы жуан таяқтардан неге қорқып жасқанбады деген сұрақ тұрады көкейде. Талып жатқан Әбілханды анасы Қалипан бірнеше рет көтеріп әкеліп емдеп, зорға жазып алғаны белгілі. Қыстың күні Іледен Шежінге жол тартып, ажал аузынан әзер аман қалғаны тағы бар. Торғай өңірінде қатты үсіп қалғаны да ұмытылған жоқ. Осындай қиыншылықтың, ауыртпалықтың барлығына кішкентай сары бала қылқалам өнеріне деген құштарлығының, осы өнерге деген сүйіспеншілігінің, суретші болсам деген асқақ арманының арқасында қарсы тұра білді.
Қандай істі де жүрек қалауымен істейтін балғын суретші үлкен өмірде де осы қасиетінен танған жоқ. Өзінің асқан талантымен қоса, ел-жұртына деген ерекше сүйіспеншілігінің нәтижесінде артына өшпестей мол мұра қалдырды. Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов ағамыз өз естелігінде: «Суреттері қазақтың бейне энциклопедиясы секілді» деп жазса, бұл Ә.Қастеевтің бұрын-соңды болып көрмеген «Қазақ бейнелеу өнерінің» мектебін қалыптастырған қайталанбас тұлға, бояуды қылқаламмен сөйлетудің хас шебері екенін тағы бір мәрте айғақтаса керек.
Ұлы тұлғаны ұлықтау барысында «Арманына асыққан Әбілхан» атты тағылымдық оқулық (құрал) жазуды тәңірім менің еншіме бұйыртқан екен. Онда дүниежүзі мойындаған қылқалам шеберінің өнегелі балалық шағы тиянақты зерттелді. Ал оның қаншалықты көркем, мазмұнды жазылғаны жайында оң пікір не сын-ескертпе айту оқырман қауымның құзырында деп білемін. Дегенмен жеткіншектердің өрелі, зерделі болып өсулеріне оқулықтың нұрлы дәні өз әсерін тигізеді ғой деп үміттенемін. Өресі биік суреткердің ғибратты істері ұрпағымызға жұғысты болсын.
Мәмет ИМАНБАЙ,
суретші-ұстаз