Қоғам • 01 Мамыр, 2024

Қайырымдылық керуені толастар емес

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылжар өңіріне ағылған қайырымдылық керуені толастар емес. Су тартыла бастағанын білсе де, ағайын халықтың жағдайы әлі толықтай орнықпағанын біліп отыр. Міне, Жетісу өңірінен тағы да 40 тонна жүк жетті. Мұның бәрі – азық-түлік қана емес, күнделікті қажет басқа да заттар. Бұған дейін жетісулықтар еліміздің басқа да су басқан өңірлеріне 190 тонна жүк жіберген екен.

Қайырымдылық керуені толастар емес

«Қайырымдылық көмегін Жетісу жұрты шын жү­рек­­тен, жанашырлықпен жіберіп отыр. Игілікті іске мүмкіндігі шектеулі жандар да белсене атсалысты. Сон­дай-ақ «Ажар» тігін фабрикасы, Қазақстан халқы ассамблеясы, қарапайым адамдар да өз үлесін қосты. Біз осылай біріккен кезде ғана барлық қиындықты жеңіп шығамыз», дейді «Amanat» партиясы Же­тісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.

Ал Алматы облысынан «Damu Logistics» компания­лар тобынан да 45 тонна гума­нитарлық көмек келді. Оның ішінде бұқтырылған ет өнімдері, тұрмыстық химия, тамақ, балалар тағамы, су және басқа тауарлар бар. «Біз 50 млн теңгеге керекті заттар әкеліп отырмыз. Оның арасында вентилятор­лар, үтіктер мен төсектік-орындар бар. Көмекке мұқтаж жандар ресми түрдегі тарату орындары­на келіп, керек заттарын ала алады», дейді «Damu Logistics» компаниялар тобы директо­рының орынбасары Арман Шәймергенов.

Жалпы, кейінгі екі аптада облысқа 1 300 тоннадан аса гума­нитарлық көмек келді. Бар­­лығы «Радуга» ЖШС қа­был­­дау орталығына түсіріліп, сұ­­ры­п­­талған соң ресми тарату орын­­дарына жіберіледі. Мұның үшеуі Петропавлда орналасса, қалғаны Қызылжар ауданында ашылған. Осы орындарда қанша ауданның қанша адамы зардап шеккені туралы тізім бар. Қайырымдылық көмек соған сәйкес таратылады. Әрбір ауданда әкімдік тарапынан жауапты адамдар тағайындал­ған, олар көмекті нақты зардап шек­­­кендердің өзіне ғана беруді ұйым­дастырады.

«Qyzyljar» АЭА көтергіш крандар шығарумен айналысатын ресейлік «КazКran» компаниясы да зардап шеккендерге өзінің азды-көп көмегін берді. Олар медициналық орын­дар­­дың зардап шеккен қыз­меткер­ле­ріне 3 млн теңге­нің қаражаты мен бірінші кезекте қажетті заттарын әпер­ді. Көп­бейінді облыстық ауруха­наның бас дә­рігері Сәкен Әмрин­нің айтуы­на қарағанда, тек облыс­тық аурухананың біраз қызмет­кері тасқыннан зардап шеккен екен. «Сондай жандарға азық-түлік, тұрмыстық химия­лық бұйымдар, төсек жапқыш­тар, көрпе-жастық сатып әпер­дік», деді ол.

Зардап шеккен әріптестері­не алдымен аурухананың өз қыз­мет­керлері орталарынан ақша жи­нап көмек беріпті. Бұл қа­ра­жат тұрғын үй жалдауға, дәрі-­дәрмек, азық-түлік алуға жұм­­сал­ған. «Ойқала» ауданын­да тұрып, тасқыннан зардап шек­кен Рита Мұқанова осы ауру­ха­на­да қызмет істейді. «Ұжы­мымыздың басшысына айтар алғысым шексіз. Отбасымыздың қиын жағ­дайда қалғанын білген соң, ол әріптестерімнің көме­гін жедел ұйымдастырды. Егер әріп­тестерім ақша жинап бермесе, маған тұрғын үй жалдау қиынға түсер еді», дейді ол.

Суда қалған тұрғындарға қа­ла­ны ауызсумен қамтама­сыз ететін «Қызылжар су» кәсіп­орны да қолынан келген көмегін беріп жатыр. Серіктестік тас­қын су басқан барлық шағын аудан­ның тұрғындарын сәуір айы­ның төлемінен босатты. Әрине, олар өздері де ауызсуды осы айдың алдыңғы он күнінде, эвакуа­ция­ға кеткенше ғана алған еді. Бірақ сол он күннің ауызсуы қайы­рымдылық көмек ретінде тұр­ғын­дардан алынбайтын болды.

Бүкіл ел болып осылай таби­ғат апатымен күресіп жатқанда, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген­­дей, алаяқтар да жатпайды. Олардың біразы өтірік көмек тілеп, ақша жинаған болса, енді басқа қитұр­қылық­қа көшуі мүмкін деген әңгіме шықты. Олар эвакуа­циядағы жандарға жаны ашығансып телефон соғып, сіздің зардап шегуші екеніңізді анықтау үшін СМС нөміріңіз керек дейтін көрінеді. Егер тұрғын оны беріп қалса, бірден оның атына несие ресімдеп үлгеруі мүмкін екен. Сондықтан полиция тұр­ғындарға жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіздер деп құлақ­тандырып жүр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы