Депозит • 01 Мамыр, 2024

Ислам депозиті артып келеді

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл еліміздегі ислам депозитінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігі исламдық қаржы жөнін­де­гі басшысы Мәдина Тұқұлованың ай­туын­ша, ислам қаржысын дамыту ор­та­лықтағы басым бағыттардың бірі сана­лады.

Ислам депозиті артып келеді

Фото: akchabar.kg

«Қаржы орталығы құрылғалы бері елімізде исламдық қаржыны ілгерілету бойынша жүр­гізілген жұмыс бүгінде едәуір табысқа қол жет­кізіп отыр. Айта кететін жайт, Қазақстан өткен жылғы исламдық қаржы елдерінің индексінде 24-орынды иеленді. ТМД елдері арасында исламдық қаржыландыруды дамытуда көш бастап келе жатқан мемлекет саналамыз. Жалпы, ислам қар­жысы 80 миллион адамнан асатын мұсылман халқы бар ТМД елдерінде үлкен әлеуетке ие», дейді Мәдина Тұқұлова.

АХҚО заңнамасына сай, компаниялар ислам­дық қаржы қызметінің кең спектрін жүзеге асыра алады. Оның ішінде исламдық банкинг, исламдық қаржыландыру, сақтандыру және қайта сақтандыру (такафул, ретакафул), сонымен қатар исламдық қорларды басқару мен бағалы қағаздарды шығару бар.  Қазір лицензияларды «Alif Islamic Bank», «Al Saqr Islamic Bank Ltd», «Kazakhstan Islamic Finance Company» ислам қаржы институттары алып үлгерген. АХҚО қатысушылары қатарына Малайзия, Бахрейн, Пәкстан, Татарстан және елімізден шариғат саласындағы халықаралық әрі отандық консалтингтік компаниялар кірген.

«Елімізде исламдық қаржыны одан әрі дамыту мақсатында исламдық қаржы өнімдеріне сұранысты бағалау тұрғысынан зерттеу жүргізілді. Бұл өз кезегінде нарық динамикасын біліп, қажет­тілігі мен үрдістері туралы маңызды ақпа­рат жинауға мүмкіндік берді. Ол нарықтағы сұранысты барынша дәл анықтауға, неғұрлым талап етілетін өнімдер мен қызметтерге назар ауда­рып, индустрияны одан әрі жетілдіруге, негізгі бағыттарды қалыптастыруға, исламдық қаржы үшін бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға ықпал етеді. Аталған қаржы өнімдерінің дамуы ең алдымен мұсылмандықты берік ұстаушы жеке тұлғалар мен бизнес өкілдерін қызықтырып отыр», дейді маман.

Айтуынша, зерттеу қорытындысы бо­йынша исламдық қаржы өнімдеріне әлеуетті сұраныс бөлшек сегментте исламдық депозиттер – 2,8 трлн теңге, исламдық қаржыландыру – 2,3 трлн теңгеге бағаланса, оның ішінде бөліп төлеу, автоқаржыландыру және тұтынушылық қаржыландыру, сонымен қатар нарықтық мөлшерлемелер бойынша исламдық ипотека 1,6 трлн теңгеге дейін бағаланған. Корпоративтік сектор үшін исламдық қаржы өнімдеріне жыл сайынғы сұраныс 760 млрд теңгеден асуы мүмкін дейді М.Тұқұлова.

Зерттеу нәтижелері әртүрлі исламдық қар­жы құралына сұраныс айтарлықтай жоғары екенін, оның нарықтағы дамыту қажеттілігі діни сенімдеріне қарай классикалық банк құралдарын пайдалана алмайтын дінді берік ұстаушы мұсылмандар санының артуымен байланыстырылады. Алайда исламдық қаржыландыру тек дінді берік ұстаушы мұсылмандарға ғана арналмағанын атап өткен жөн. Баламалы қаржыландырудың бұл түрін діни сенімдеріне қарамастан, кез келген адам пайдалана алады. Еліміздің барлық өңірінде жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың 85%-ы ешқашан исламдық қаржыландыру өнімдерін қолданбаған болып шықты. Оған кедергі кел­тіретін себептердің арасында өнімдердің қол­жетімсіздігі, ұсыныстардың жоқтығы және ислам­дық қаржы туралы қате түсініктер мен сенім мә­се­лесі аталған.

Биыл ақпан айынан бастап АХҚО қатысушы компанияларының ел азаматтарына көрсете алатын қаржылық қызметтерінің тізбесі кеңейтілді. Мәселен, заңды және жеке тұлғаларға кез келген валютада исламдық қаржыландыру бо­йынша қызметтерді АХҚО исламдық банктері немесе сақтандыру компаниялары ғана емес, исламдық қаржы ұйымдары да көрсете алады. Бұған тұтынушылық қаржыландыру, бөліп төлеу, исламдық лизинг, сауданы қаржыландыру мен шариғат қағидаттарына сәйкес қаржыландыру кіреді.

«Валюталық реттеу қағидаларына және АХҚО-да жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді ұсынуға» өзгерістер мен толықтыруларды АХҚО Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп енгізген. АХҚО алаңында лицензияланатын исламдық қаржы ұйымдарының ашылуы еліміздің резиденттері, оның ішінде шағын және орта бизнес үшін ұсынылатын құралдар желісін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, тұтастай алғанда ел экономикасының нақты секторын дамытуға септігін тигізеді.

АХҚО алаңына компанияларды тарту мақсатында 2026 жылдың мамырына дейін ислам­дық банктер мен қаржы ұйымдары үшін жарғылық капитал бойынша талаптар төмен­детілген. Бұдан өзге, АХҚО реттеушісі лицензиялаған қаржы компаниялары корпо­ративтік табыс салығы (КТС) мен қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босатылып отыр.