ҚОСТАНАЙ. 9 қаңтар. Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта жеті жасар Виктория Ганяның өліміне байланысты қылмыстық істі алдын ала тыңдау өтті. Бұл туралы ng.kz хабарлады.
60 томнан тұратын істің алғашқы тыңдауы жабық жағдайда өтті. Рудный қаласындағы 7 жасар Вика Ганяны зорлап, одан кейін өлтірген Денис Лесиковты сот залына күшейтілген күзетпен алып кірді. Оның жасы 31-де, ақыл-есі дұрыс, Қостанай қаласының тұрғыны. Әдетте, сотталушының істі алқа билердің қатысуымен жүргізуді сұрауға мүмкіндігі бар. Бірақ Лесников оны сұраған жоқ. Қылмыстық іс судья Ерлік Сералиннің төрағалық етуімен жүргізіледі. Соттың алғашқы мәжілісі 26 қаңтарға белгіленді.
Еске сала кетсек, 2014 жылы 24 сәуірде Рудный қаласындағы 7 жасар Виктория Ганя із-түзсіз жоғалып, бір айдан кейін оның мәйіті табылған болатын. Бүлдіршін қыздың жоғалуы бүкіл облыс халқын абыржытты. Оны іздеуге мыңдаған волонтерлер, полицейлер, тұрғындар, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері мен әскерилер қатысты. Бүкіл елді шулатқан бұл қылмысқа қатысты қостанайлық полицейлердің кәсіби біліктілігіне сын айтылғаны белгілі. Қыз баланың мәйітін волонтер Владимир Радченко тауып алған болатын. Медициналық сараптаудан кейін Виканың басына тиген соққыдан қаза болғаны анықталды. Бүлдіршінді өлтірген қылмыскер осы күнге дейін ізін жасырып келді. Оны іздеу барысында 19 жасар мүгедек Владимир Пыжов ұсталған болатын. Облыстық прокуратураның мәліметінше, мүгедек жігіттің бұл оқиғаға қатысы болмай шықты.
Айыпталушы Денис Лесиковқа төрт рет адам өлтірді, екі рет жасөспірімдерді зорлады деген айып тағылып отыр. Ол жасөспірім Қымбат Мұқатованы, Қостанай қаласының тұрғындары Әбділдина мен Поляничконы өлтірген. Мұқатова мен Поляничко із-түзсіз жоғалып кеткен, Әбділдинаның ісі ашылмаған. Азғынның соңғы құрбаны Рудный қаласындағы 7 жасар Виктория Ганя болыпты. Денис Лесиковты куәлардың барлығы да танымаған, бірақ ДНК оның қылмысқа қатыстылығын бұлтартпай отыр.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: ng.kz.