Президент • 02 Мамыр, 2024

Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысын қабылдады

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады. Президентке АХҚО-ның былтырғы және биылғы I тоқсанда атқарған жұмысының нәтижелері баяндалып, орталықты дамыту жоспары таныстырылды. Ренат Бектұровтың айтуынша, Қаржы орталығы іске қосылған сәттен бері елімізге 11 миллиард доллардан астам (2023 жылғы және осы жылдың алғашқы 3 айындағы 3,5 миллиард доллар қаржыны қоса алғанда) инвестиция тартуға атсалысқан. Бұл 2025 жылға алдын ала белгіленген мақсатты көрсеткіштен асып түсті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысын қабылдады

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылы АХҚО-да тіркелген компаниялардың саны 670-тен (жалпы әлемнің 78 елінен 2600-ден аса компания) асқаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Былтыр және осы жылдың алғашқы үш айында Орталық қатысушылары мемлекет бюджетіне 48,7 миллиард теңге салық төлеген. Дауларды шешуде АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы сияқты институттар табысты жұмыс істеп жатыр. 2023 жылы 767 коммерциялық іс қаралған.

Президент Қаржы орталығын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар өзекті міндетті айқындап берді. Атап айтқанда, АХҚО-ның өңір үшін жасыл қор тарту және Орта дәлізді дамыту ісіндегі рөліне тоқталды. Еліміздегі «жасыл» облигациялар мен кредиттердің 60 пайыздан астамы АХҚО Жасыл қаржы орталығының қолдауымен берілді. Қаржы орталығының юрисдикциясында Орта дәліз жобасы аясында бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда мәмілелер жасау үшін АХҚО инфрақұрылымын белсенді пайдалана отырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға көмектесетін барлық мемлекеттік орган мен оған жетекшілік ететін қаржы институттарының күш-жігерін біріктіру қажет екеніне назар аударды.