Экология • 02 Мамыр, 2024

Каспий теңізіне 1 млрд текше метрге жуық қарғын су жіберілді

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспий теңізіне 1 млрд текше метрге жуық су жіберді. Тасқын су Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок арналары арқылы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Каспий теңізіне 1 млрд текше метрге жуық қарғын су жіберілді

фото: kazgazeta.kz

Аталған арналар тәулігіне 12 миллион текше метрге дейін су өткізе алады. Олардың әрқайсысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесінің мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, Соколок арнасының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі.

«Сондай-ақ біз Жайық өзені арқылы суды лимандарға бағыттаймыз. Ал Ойыл өзенінен су лимандардан бөлек, жерасты суларының орындарын толтыру үшін де жіберіледі. Осыған дейін біз Балқаш көліне су жіберіп, оның деңгейін 15 см-ге көтердік, БҚО Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытаудан Қызылорда облысының көлдеріне су жібердік, Ақмола облысының көлдерін толтырдық. Біздің алдымыздағы бірінші кезектегі міндеттердің бірі - көлдерді тасқын сумен толтыру», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.