Талбесік • 02 Мамыр, 2024

Өрт қаупін ұмытпаған жөн

81 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жарқын жаздың халыққа тағы бір табиғи қаупі бар. Бұл – ұзақ уақыт тамшы тамбай, шөбі мен ағашы қурап қалған жерлердегі өрт. Уақытында ауыздықталмаса, оның да қасіреті аз емес. «От пен су – тілсіз жау» дегенді халқымыз бекер айтпаған.

Өрт қаупін ұмытпаған жөн

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мамандар өрт қауіп­сіздігі маусымын қар кеткен сәттен бас­тап, жаңбыр тұрақты жауатын кезге дейін болады деп есептейді. Демек бұл уақыт – 15 сәуір мен 15 қазан аралығы. Өрттің де түрлері бар: болмайтын, шамалы, орташа, жоғары және төтенше жоғары деген бес топқа бөлінеді. «Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан облысындағы фи­лиа­лының директоры Қымбат Мірғалымова жоғары және тө­тен­ше жоғары өрт қауіптілігі жағдайы туындаса, бірден жеті тәулікке дейінгі аралықта төтенше жағдай қызметтері мен облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктерге дабыл қағылатынын айтты.

«Өрт қауіптілігінің қан­­дай класқа жататынын «Қазгидрометтің» күн са­йынғы бюл­летеньдерінде жария­лап отырамыз. Сонымен ұзақ­мер­зімдік болжаулар да жасалады. Биылғы жазда мамыр мен маусым айларының орташа температурасы Солтүстік Қазақстан облысында қалыптағыдан 1-2 гра­дусқа жоғары болады. Оның үстіне мамырда жауатын жаңбыр мөлшері де жылдағы нормадан төмен болады деп болжанып отыр. Осының өзі өрт қауіптілігін арттыра берері сөзсіз. Жағдай күрделі бола бастаса, алдын ала онкүндікке немесе бір аптаға жасалатын ауа райының болжамында өрт қаупі туралы айтылып, штормдық ескертулер жасалмақ», деді Қ.Мірғалымова.

Жазғы ауа райының болжамына қарағанда, мамыр айының орташа температурасы +15-16 градусты көрсетеді. Бұл, жоғарыда айт­қанымыздай, нормадағыдан 2 градусқа жоғары. Айдың алғашқы он­күндігінде кей жерлерде ауаның температурасы күндіз 15-16 градус жылы болғанымен, түн мезгілінде 5 градустық ызғарға дейін төмендейді. Ал екінші және үшінші декадада күн құбылмалы болады, кей күндері ыстық 23–28 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осы айлардағы жауын-ша­шынның түсуі 25–39 мм болып, норманың маңында болады. Жел­дің секундына 15–20 метрге дейін көтерілуі айдың аяғында деп болжанған. Шілде мен тамыз айларындағы ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері – жылдағы норманың маңында. Биылғы ауа райы 1994 жыл­ға келеді деп болжанып отыр. Демек шаруа адамдары, диқан­дар сол жылдың ауа райы қандай болғанын іздегені абзал.

Төтенше жағдайлар департа­ментінің орынбасары Дмитрий Рас­тихин облыстағы өрт қауіп­сіздігі туралы біраз мағлұматты алға тартты.

«Жыл басынан бері облыста 139 өрт болып, 51 млн теңгенің шы­ғынын келтірді. Өрттің кесірінен 13 адам көз жұмып, 23 адам жарақат алды. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде 144 өрт тіркелген еді, алайда оның шығыны биылғыдан 20 млн-ға аз, адам шығыны да 11 болған. Ал жараланғандар бар-жоғы алты-ақ адам еді», деді ол.

Биылғы сәуірдің 8-інен қауіпті өрт маусымы басталған, алайда содан бері екі рет үлкен өрт орын алды. Екеуі де Мамлют ауда­нында, 2 гектардан аса жердің қамысы өртенді. Қар кетіп, жер құр­ғаған мезеттен былтырғы қау шөптің, қураған қамыстың өрт­тенуі жиілейді. Ал бұл өрттер тұр­ғын үйлерге, өндіріс орындарына жайылуы да жиі болады. Осындай қауіптерді ескерту үшін азаматтық қорғаныс пен полиция қызметкерлерінен, жергілікті атқару органдары өкілдерінен 40 жедел топ жасақталып, халыққа өрт қауіпсіздігін алдын ала ес­кертіп жатыр.

Былтыр Петропавл қала­сы­ның «Береке» шағын ауданында көп­жылдық қураған қалың қа­мыс­тың күюінен үлкен өрт болып, сол маңдағы бірқабатты 9 тұрғын үй, 2 автобус, гараж және авто­бус пар­кінің тұрақ орны түгі қал­май күйіп кеткен еді. Жалыны аспанға кө­терілген қызулы өрт маңына еш­кімді жолат­паған. Бұл қамыс сол жер­де болған көлдің орнындағы бат­пақ­­қа өскен. Көп жыл бойы су кел­ме­гендіктен көл осылай құр­ғаған. Ар­тынан бел­гілі бол­ғанындай, өрт біреудің темекі тұ­қылын қамысқа тас­тай салға­нынан туған. Д.Растихин өзінің сөзінде осы мысалды еске алып, тұрғындарды өрт қауіп­сіздігін бе­кем сақтауға шақырды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы