Денсаулық • 03 Мамыр, 2024

Аутоиммунды дерт: әлемдік ем-дом тәжірибесі

104 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда ревмати­калық кеселдер көкейкесті әлеуметтік мәселеге айналып келеді. Өткен жылы елімізде омыртқа, буын ауруларына душар болған 400 мыңнан аса науқас тіркелген, бұл көрсеткіш 2022 жылға қарағанда 9%-ға артқан. Өз кезегінде ДДҰ Жер шарындағы бүкіл халықтың 4%-ы аутоиммунды дерттердің азабын тартып отырғанын дәйектесе, демек аталған кесел асқына келе осыншама адамды жасына жетпей арбаға таңып, еңбекке жарамсыз етеді деген сөз. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ревматикалық дерт­ «жасарып» келе жат­қан­дықтан, бұл ғылыми тұр­ғыдағы кешенді қадам­дар­ды талап етеді.

Аутоиммунды дерт: әлемдік ем-дом тәжірибесі

Ревматология орталығы құрылады

Сонымен, өткен аптада отан­дық денсаулық саласында ай­тулы оқиға –APLAP-2024 Cим­позиумы мен Қазақстан ревма­тологтерінің 7-конгресі өтіп, үш күнге ұласқан ауқымды жиында Жапония, Сингапур, Гонконг, Тайвань, Бангладеш, Үн­дістан, Филиппин, Қатар, Қы­тай, Таиланд, Аустралия, Кана­да, Ұлы­британия, Колумбия, Гер­мания, Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Қазақстан сын­ды елдердің жетекші мамандары сөз алды. Жоғарыда атап өткен­дей, Қазақстан ревмато­логтерінің 7-конгресі, Азия-Ты­нық мұхиты ревматологтер қауымдастығы мен Еуразиялық ревматологтер лигасы симпо­зиумында ревматикалық аурулар құрылымында ревма­тоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, қабыну спондилоартриті, жүйелі васкулитке шалдыққандар саны артып келе жатқаны мәлім болды. Сондықтан елімізде отан­дық ревматология ғылыми орта­лығын құру осы бағытты ғана емес, жалпы денсаулық саласын дамы­тудың маңызды қадамы ретінде қарастырылып отыр.

– Ұлттық ғылыми орталықты С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина универси­те­ті­нің базасында құру ревматология сала­сының деңгейін айтарлықтай көтереді. Бұл мәселе жөнінде Үкімет қаулысы шықты. Осы жобаны жүзеге асырумен жылдар бойы айналысып келеміз. Ұлттық ғылыми орталықтың жұмысы елі­мізде денсаулық сақтау сала­сын­­дағы барлық жаңалықты енгі­зуге бағытталып, оған қоса отан­дық медицинаның ғылыми қыз­меті әлемдік қоғамдастыққа ықпал­дасады. Тағы бір маңызды вектор – кадрлық әлеует пен білім беруді дамыту. Алғашқы буын дәрігерлерінің, емханалардың, арнайы бағыттағы мамандардың ғана емес, жалпы практика дәрі­герлерінің, терапевтердің білі­мін көтеру қажет. Өйткені біз­дің жұмысымызда ауруды асқын­дырып алмау өте маңызды, – дей­­ді Денсаулық сақтау минис­тр­­лі­гінің бас ревматологі, Қазақ рев­­матология алқасының (QCR) және Еуразиялық ревматологтер лига­сының (LEAR) президенті, профессор Ғалымжан То­ғыз­баев.

Алматы конгресіне келген шетелдік мамандар да Қазақ­станда ревматология ғылыми орталығын құру қажет деген тоқтамға келіп отыр.

– Өйткені бұл оқиға тек Қа­зақстанда ғана емес, өзге мем­ле­кеттердегі мамандар үшін де аса маңызды. Меніңше, бұл – рев­­матологиялық мектепті да­мы­­тудың қисынды жалғасы. Ал Ал­маты конгресі әлемдік ревма­то­логия майталмандарын жинай алды. Қазақстанда бірнеше мықты ревматологиялық мектеп бар. Бірқатар себепке байланыс­ты Ұлттық ғылыми орталық осы мектептерді біріктіруі, шоғыр­ландыруы тиіс. Біріншіден, ол осы саладағы кәсіби кадрларды тәрбиелеудің қайнар көзіне ай­налса, екіншіден, ауқымды ғы­лыми қызмет. Қазір ревматология жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу жағынан онкологиядан кейінгі екінші орынға шықты. Бұл – медицинадағы өрлеудің қозғаушы күші. Өйткені жаңа әдіс­тер емдеудің жаңа мүмкін­діктерін ашады. ХХІ ғасырда қабыну кеселдерінің эпидемиясы бар екенін айту керек, олардың ішінде ревматология ең айқын көрініс тауып отыр. Қазіргі уа­қыт­та өмір сүру ұзақтығы ғана емес, өмір сапасы да үлкен әлеу­мет­тік маңызға ие, – дейді РҒА академигі, Ресей ревматологтер қауымдастығының президенті Евгений Насонов.

Таиланд ревматологиялық қауымдастығы, Чулалонгкорн университетінің ассисент профессоры Сумапа Чайямнуай Алматыда өткен конгресте өте қызықты да пайдалы сессиялар өткенін, ревматикалық ауруларды емдеудің өзекті тақырыптары талқыланғанын, шеберлік дәріс­терінде инновациялық емдеу әдістері жөнінен тәжірибе алмас­қанын атап өтті.

– Қазақстанға алғаш рет жолым түсіп отыр. Алматы әсем қала екен. Симпозиум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Пле­нар­лық кездесулерде ревматоидты артритке бейімділікті анық­тайтын генетикаға және осы ауруларды емдеу мен алдын алуды айтарлықтай ілгерілеуге ықпал ететін басқа да маңызды мәселелерді қозғадық. Болашақта біріге қимылдауға дайынбыз, өйткені табысқа өз бетінше жету қиын, әрқашан біліммен бөлісіп, тәжірибе алмасып отыру қажет, – деді Қатар ревматологиялық қауымдастығының президенті Самар Аль Эмади.

Қырғызстан ревматологтер қауымдастығының президенті Аб­димуталиб Мамасаидов екі ел арасында ғалымдар мен дәрігер­лердің өзара іс-қимылы біраз уақыттан бері жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

– Бұл – осындай ауқымдағы алғашқы симпозиум. Қазақ­стан ревматологтерінің 7-кон­гресінде көтерілген тақы­рып­тар әрбір ревматолог үшін өзек­ті. Кейінгі 20 жылдағы ревмато­логияның үлкен жетіс­тіктері де айтылды. Тәжірибеге ревматоидты аурулары бар пациент­тердің өмірін едәуір жақсартатын биологиялық препараттардың енгізіліп, әрбір мәселе бойын­­ша жетекші спикерлер сөйле­ген мұндай форум – осы саланың да­муының ғана емес, сонымен қатар әртүрлі елдер мамандарының ауызбірлігінің дәлелі. Біздің әрқайсымыз үшін пациенттің денсаулығы – бірінші орында, – дейді РФ бас ревматологі, профессор Александр Лила.

 

Ғасыр дертіне айналып барады

Осы арада арнайы бағыттағы мамандар даярлаудың маңыз­дылығы мен ревматология саласына қызығушылық артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

– XXI ғасыр бұл аутоиммундық дерттер ғасыры десек те болады. Ал аутоқабынулар, ау­тоим­мун­дық өзгерістер мен аутоим­­мундық созылмалы ауру­лар – рев­матологияның ең күрде­лі бөлігі. Оның белгілері неврало­гия­лық, басқа да кеселдер­ге ұқсайтындықтан, бірден диаг­нос­тикалау қиын, бірақ дер кезін­де қаралу арқылы жеңуге болады. Ең бастысы – «Мүмкіндік тере­зесін» жіберіп алмау. Бір сөзбен айтқанда, дертті дер кезін­де анықтап, емдік шараларды ерте бастау. Қазіргі таңда ревма­тологиялық ауруларды емдеуде гендік инженерлік-биологиялық терапия, жаңа синтетикалық препараттар, кіші молекулалар қолданылады. Ал мамандар­ды ауру белгісі басталғанға дейінгі кезең, «тәуекел тобындағы­лар­ды» зерттеу, «сау болып көріне­тін адамдарда» оны қалай бол­жауға болады деген сауалдар қызықтырады, – дейді Қазақстан Пре­зидент Іс басқармасы меди­циналық орталығының Ұлттық госпиталі шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ревма­тологі Салтанат Бекенова.

– Мен Қазақстанға осындай маңызды кездесуге алғаш рет ке­ліп отырмын. Іс-шарада остео­пороз, микрокристалдық артрит сияқты ревматикалық ауру­лардың өзекті мәселелерін тал­қы­ладық. Біздің елде негізі­нен жасанды интеллект әдісте­рін қолданамыз. Сондай-ақ Қа­зақ­станда ревматология ғылыми ор­та­лығын құру бастамасы өте ұна­ды. Бұл – маңызды оқиға, пациенттерге көмекті жақ­сар­туға серпін береді. Өйткені рев­матологиялық аурулары бар адам­дардың барлығы әлемнің әртүр­лі елдерінде бейінді түрде ерек­шеленеді, – деді канадалық ревма­толог Ванесса Окампо.

PANLAP – Ревматологтер қауымдастығы панамерикалық лига­сының бас хатшысы, профессор Карлос Энрике Торо Гутьеррестің (Колумбия, Кали) пікіріне сүйенсек, ревматикалық аурулар тұрғылықты жеріне, қор­шаған ортаға, нәсілі мен басқа факторларға байланысты ерек­ше сипатта болуы мүмкін, сон­дықтан ғылыми орталықта жинақ­талатын дербес деректер пациенттерге көмек көрсету сапасын жақсарта алады.

Қазақстанда осындай ауқым­ды жобаны құру бастама­сын Берлиндегі медицина уни­верситетінің профессоры Франк Буттгерейт те қуаттай келе, рев­ма­тологияда да жаңа емдеу әдістерін жасау үшін үнемі зерт­теуді қажет ететіндіктен, ғылыми әлеуетті дамыту қажет­тігін атап өтті.

Бұл бастаманы Сингапур деле­гациясы қолдап қана қой­май, ревматологияны дамыту саласында Қазақстанмен ынты­мақтастықты жалғастыруға мүдделестік танытып, отандық сарапшыларды биыл тамызда Сингапурда өтетін APLAR Азия-Тынық мұхиты лигасының конгресіне шақырды.

Қорыта айтқанда, омырт­қа, буын ауруларына душар болғандардың дертін мүгедек­тікке жеткізбей, дер кезінде емдеп, осы арқылы денсаулық сала­сындағы кезекті бір әлеуметтік мәселені бір мысқалға болса ке­міту өзектілігін жоймай­ды. Сондықтан отандық ревмато­ло­гиялық қызметтің дамуын халық­аралық деңгейден кем түс­пейтін мүлдем жаңа белеске көтеру үшін барлық шара қабыл­данып жатыр деуге болады.

Симпозиумның ресми бө­лігі аяқталғаннан кейін шетел­дік қонақтар Алматының ең көрік­ті жерлерін аралап, Көктө­беге шықты. Ең қызығы, Синга­пур Парламенті спикері өз елінен келген Сингапур ревматология делегациясының өкілі Йю-Куанг Ченг мырзамен күтпеген жерден кездесіп қалған. Сингапур Парламентінің спикері Алматы­ның төрінде өз отандасымен кез­дескеніне қуанып қана қой­май, Қазақстанда халықаралық ауқымдағы ревматологтер съезі өткізіліп, әлемнің ең мықты ревма­то­логтері тоғыс­қанынан хабар­дар болып, таңғал­ған көрінеді.

Осылайша, үш күндік симпозиумда ревматоидтық артрит, васкулит, остеопороз бен микрокристалдық артрит сияқты өте өзекті кеселдерді емдеудің заманауи әдістері талқыланып, инновациялық әзірлемелер ұсы­нылды, өзара әрекеттің бұдан былайғы келешегі талқыланды. Сондай-ақ цифрлық жүйедегі медициналық дәрі-дәрмектер көрмесі қатар жүрді.

 

АЛМАТЫ