Қоғам • 02 Мамыр, 2024

Жалпыұлттық «Біз біргеміз!» телемарафоны: Республикалық 10 телеарна 5 сағат бойы үздіксіз хабар таратты

63 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірлік күні қарсаңында алғаш рет отандық 10 телеарна бірлесіп «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонын өткізді. Елімізде кейінгі 80 жылда болған ең ірі табиғи апат – су тасқынына байланысты ұйымдастырылған тікелей эфир 5 сағатқа жалғасты.

Жалпыұлттық «Біз біргеміз!» телемарафоны: Республикалық 10 телеарна 5 сағат бойы үздіксіз хабар таратты

Телемарафон барысында «Qazaqstan», «Хабар», «Jibek Joly», «Еуразия», «КТК», «31 арна», «Atameken Business», «Astana TV», «7 ар­на» және «Almaty TV» телеарналарының эфи­­­рін­де орталық және жергілікті билік өкіл­­­дері, депутаттар тасқынның салдары мен мем­ле­кет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты әңгімеледі.

Теламарафонға тасқынның зардабын жоюға жауапты бірқатар ведомство жетекшілері: Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин, Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен еріктілер қатысты.

Төтенше жағдайлар министрі Ш.Әріновтің айтуынша, бүгінге дейін су тасқыны болған аймақтардан 119 мың адам толық эвакуацияланды. Оның 45 мыңға жуығы – бала. Төтенше оқиға басталғалы тасқын болған аймақтарға көмекке Қарулы күштерден 5 400-ден аса жауынгер, 230 техника, 12 тікұшақ, 5 әскери ұшақ жұмылдырылды.

Телемарафон барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев: «Жер үйлері суға кеткен азаматтардың баспана құрылысы 1 маусымда басталып, келесі жылыту мау­сымына дейін жалғасады немесе зардап шеккендерге бағасы 22 млн-нан аспайтын дайын пәтерлер ұсынылады», деп мәлімдеді.

Бүгінге дейін тасқын зардаптарын жоюға меценаттар мен ірі компаниялардан 200 миллиард теңгеге жуық қаражат жиналған. Бұл қаражат мектептер мен үйлер, балабақшалар мен жол салуға жұмсалады.

ми

«Біз біргеміз!» телемарафоны барысында су тасқынының алдын алу бо­йынша Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз сұхбат берді: «Қазір еліміздегі барлық су қоймасы толып тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін Батыс Қазақстан (2), Ақтөбе (4), Қызылорда (1), Түркістан (3), Жамбыл (3), Алматы (1), Шығыс Қазақстан (2), Абай (1), Қарағанды (2), Ақмола (1) облыстарында жалпы саны 20 көлемді су қоймасын салу жоспарланды», деді министрлік өкілі.

Телемарафонда тасқын судың алдын алуға және зардабын жоюға жұмылған күштік құрылымдарының жұмысы мен қиын сәтте бір-біріне қолұшын соза білген қарапайым ел тұрғындарының қайырымды әрекеттері туралы жан-жақты көрсетілді. Қолайсыз ауа ра­йына қарамастан 280 адамды ұшақпен эвакуациялаған әскери ұшқыш Бибарыс Ибраевтың, қайықпен 200 адамды құтқарған ақтөбелік құтқарушы Ерсайын Нұржановтың, Петропавлдағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарды тегін тасыған жүргізушілер, Орал қаласының шетіндегі саяжайларға су жайылып, үйлерінде қалып қойған тұрғындарды құтқарған сержанттар, мектеп мүлкін судан аман алып қалу үшін күрескен Қостанай облысына қарасты Алтынсарин ауылының мұғалімдері, мыңнан аса волонтердің басын қосқан «Жүректен – жүрекке!» волонтерлік клубының мүшесі Әлішер Садықтың оқиғалары баяндалды.

Қоғамдық штаб өкілі Әскер Пириев тасқын кезінде Қазақстан халқы Ассам­блея­­­­сы атынан 12 мыңға жуық ерік­ті қызмет еткені, «Жүректен – жүрек­ке!» акциясы аясында 800 миллион тең­ге­ге гуманитарлық көмек көрсетілгені жөнінде әңгімеледі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова телемарафонда: «Су тасқыны үйлермен қоса мәйіттерді, жануарлар көмілген шұңқырларды шайып кетіп, қауіпті індет таралып кету қаупі болды. Соған орай біз бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес тиісті жұмыс жүргізіп, судың сынамасын алып отырмыз. Бүгінге дейін 6 мың нысан дезинфекцияланды. Барлық аймақта дезинфекциялау шарасы әлі де жүріп жатыр. Маскалық режім енгізілмейді», деп атап өтті.

р

Телемарафон барысында 10 арнаның тікелей эфирінде 48 спикер тікелей эфирге шықты. Телемарафонды 10 арнадан 21 тележүргізуші жүргізді. Телемарафонның негізгі ұйымдастырушысы – «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы.

Корпорация басшысы Ләззат Танысбай: «Қиын кезеңде бәрімізге күр­делі шешімдер қабылдауға тура келеді. Отандық телевизия тарихында форматы мен ауқымы жағынан мұндай марафон тұңғыш рет өтіп отыр. Жекеменшік және мемлекеттік арналар бірігіп 5 сағаттық эфир ұйымдастырды. Бұл жерде халықтың ауызбірлігімен қоса, еліміздегі телеарна мамандарының ынтымағы да айқын көрінді», деп атап өтті.

«Техникалық мүмкіндіктеріміздің әртүрлі болуына қарамастан біртұтас эфир шығардық. Телемарафонға салалық арна ретінде атсалысып, көрерменге бизнес секторларының қиын сәттегі қолдауы туралы жеткіздік», деді «Atameken Business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахария.

«Телемарафон телеиндустрияның аса ықпалды біріктіруші күшін тағы бір мәрте паш етті. Отандық телеарналардың шығармашылық тобы телевизияның индустрия ретінде халықты жұмылдыра, қиын сәттерде біріктіре алатын зор әлеуетін көрсетті. Бірлігіміз күшті бол­ғанда ғана мемлекет, қоғам болып кез келген қиындықты еңсереміз. Телемарафон аудиторияға осы бірлік пен тұтастықты сезінуге мүмкіндік берді», деді «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова.

«Су тасқынының зардаптарын жоюға барлық отандасымыз үлес қосты. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары да шет қалған жоқ. Төтенше жағдай басталғалы беріліп жатқан үздіксіз тікелей эфирлер Бірлік күні қарсаңында ауқымды телемарафонмен қорытындыланды», деді «Almaty TV»телеарнасы бас директоры Тимур Базарбаев.

Іс-шараның онлайн трансляциясы 10 телеарнаның эфирінде, ресми сайттарында, Facebook және YouTube желілерінде, сондай-ақ http://t.me/bizbirgemiz_marathon telegram-арнасында жүргізілді.