«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалы ұсынған гидрологиялық мониторинг дерегіне сүйенсек, өзен арнасындағы су күн сайын көтеріліп жатыр. Мәселен, кеше 2 мамырда таңертеңгі сағат 08.00-де Индербор кентіндегі гидробекетте су деңгейі 32 см-ге көтеріліп, 750 см болды. Бұл ауданда Жайық өзені көктемгі су тасқыны басталғаннан бері 527 см-ге көтеріліпті. Ал Махамбет ауданында бір тәулікте өзен арнасы 16 см-ге ұлғайып, 795 см-ді құрады. Батыр атындағы ауданда су тасқыны басталған кезден бергі көтерілу көрсеткіші – 478 см. Су айдыны деңгейінің көтерілгені Атырау қаласындағы гидробекетте де тіркеліп отыр. Шаһар маңында су деңгейі 8 см-ге көтеріліп, 459 см-ге жетті. Дегенмен Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті шегіне жете қойған жоқ. Өйткені Индер ауданында Жайық өзенінің қауіпті шегі – 8,5 м. Махамбет ауданында су арнасының қауіпті шегі осындай деңгейде белгіленген. Атырау қаласында 550 см қауіпті деңгей саналады.
Облыстық жедел штабтың ақпаратына сүйенсек, өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі жарияланғаннан бері Жайық өзенінің жағалауында бөгет тұрғызу қолға алынды. Осы орайда арнайы мамандар тобы су арнасының осал тұстарын анықтап, бөгетті қандай биікте көтеру қажеттігін зерделеді. Осындай талдаудан соң өзен жағалауына 522,8 шақырым бөгет салу қажеттігі жоспарланды. Бөгетті су екпіні бұзып кетпеуі үшін топырақ толтырылған 5 млн қап төселді. Бұрнағы күні екі ауданның Жайық өзенінің жағалауында орналасқан елді мекендерінде бөгет салу, нығайту жұмысы толығымен аяқталды. Мәселен, Индер ауданында Жайық өзенінің жағалауына жоспарланған 30 шақырым бөгет салынған. Қазір жағалауда нығайтылған бөгеттің орташа биіктігі – 4,5 м. Бөгетті нығайту үшін 518 мың 500 қапқа топырақ толтырылды. Бұл жұмыстарды атқаруға 988 адам, 132 техника жұмылды.
Ал Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауына 65,5 шақырым бөгет салу көзделген еді. Жоспарланған бөгет толығымен тұрғызылды. Бұл аудандағы бөгеттің орташа биіктігі – 2,5 м. Өзен жағасындағы бөгетті нығайтуға шамамен топырақ толтырылған 1 млн 93 мың 920 қап қойылған. Жағалауды нығайту жұмыстарына 1 мың 628 адам, 207 техника тартылыпты.
Қазір Атырау қаласында бөгет салу жұмысы жалғасып жатыр. Оған жергілікті тұрғындар, кәсіпорындардың қызметкерлері мен еріктілер жұмылып отыр. Өңірдегі ірі компаниялар арнайы техникаларын бөлді. Жайық жағалауында бөгет салып жүрген еріктілердің қатарында зейнеткер Бегалы Меңдіғалиев те бар. Егде жастағы қария ерікті жастармен бірге күн сайын 6 мыңға жуық қапқа құм толтырып жүр.
Бөгет салу ісіне 18 этно-мәдени бірлестіктің 200-ден аса мүшесі де атсалысты. Мәселен, «Тхониль Атырау» корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Лидің айтуынша, Алмалы ауылдық округінде жаға бекіту жұмысы екі ауысыммен атқарылған. Өйткені бұл ауыл су басу қаупі бар аумақта орналасқан.
«Біз бөгет салу басталғалы қауіпті учаскені бөлуді сұрадық. Өйткені қазақ елінде тұрғаннан кейін қауіптің алдын алуға үлес қосқымыз келді. Бөгет салуға қатысудан үлкендер де, жастар да тартынған жоқ. Әсіресе жас жігіттер мен қыздар күндіз жағаны бекітсе, кешкі мезгілде гуманитарлық көмекті қабылдауға көмектесті», дейді Л.Ли.
Жайық жағалауында бөгет салуға шетелдіктермен компанияда жұмыс істейтіндер де қалыс қалмады. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-да жұмыс істейтін шетелдіктер де қалыс қалмады. Өйткені бұл компанияға жұмыс істеуге әлемнің әр елінен келгендер Жайық өзенінің жағалауындағы «Достық» қалашығында тұрады. Қалашықтың 60-тан аса тұрғынын ортақ іске жұмылдырған шетелдіктің бірі – «Теңізшевройл» ЖШС-да стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесші болып жұмыс істейтін Джон Фелл.
«Мен Қазақстанда жұмыс істеу үшін Оңтүстік Луизианадан келдім. Онда жылына 3-4 рет су тасқыны болып тұрады. Су тасқынының зардабын бала кезімнен білемін. Сондықтан Атырау қаласын Жайық өзенінен төнуі мүмкін қауіптен қорғауға атсалысуды көздедік», дейді Джон Фелл.
Бөгет құрылысы Атырау қаласында әлі жалғасып жатыр. Шаһар маңында орналасқан Еркінқала аулындағы жағалауды бекітуге 63 сарбаз, 400-ге жуық ерікті, 16 техника тартылған. Мұнда 17 сәуірден бері Тараздан келген Қайрат Есіркеп те жұмыс істеп жүр. Ол «Akbars story Ltd» компаниясының жүк тиегіш көлігін жүргізеді.
«Арнайы техникамен құм толтырылған қапшықтарды жағаға көтеріп беремін. Бұл техникамен жұмыс істегеніме 38 жыл болды. Жүк тиегіш техникасы 3 тонна жүк көтереді», дейді Қ.Есіркеп.
Дегенмен Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменовтің айтуына қарағанда, кейінгі 100 жылда Атырауда тасқын су дерегі тіркелмеген. Мәселен, 1942, 1957 және 1993 жылы су тасқыны болған. Алайда одан Атырау қаласы зардап шекпеген.
«Кейінгі күндері Ресейдің Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан жіберілген су мөлшері едәуір азайғаны байқалды. Бұрынғы жылдардағы талдауға сәйкес Жайық өзеніндегі судың 20 пайызы буланып, ауаға ұшады. Демек Атырау қаласына жеткенге дейін өзендегі су сай-салаға ағып шығады. Осындай себеппен Жайықтағы судың мөлшері азаюы мүмкін. Оның үстіне Қараөзек және Соколок каналдары тазаланды. Бұл – өзендегі судың теңізге ағып кетуі үшін жасалған оң қадам», деді Т.Сүлейменов.
Атырау облысы