10 Қаңтар, 2015

Жүрекжұтқан

560 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Базаргалиев Фархат Базарғалиевтың полиция қатарында қызмет ете бастағанына көп бола қойған жоқ. Қоғамдық тәртіптің күзетшісі ретінде бастаған жұмысы енді жол қозғалысының сақталуына да жауапты болуымен жалғасын табуда. Күнделікті жұмысын тындырымды атқаратын полиция сержанты бала кезден қоғамдық тәртіп сақшысы болуды армандапты. Қазір Атырау қалалық ішкі істер басқармасындағы әріптестері арасында оның есімі құрметпен аталады. Өйткені, Фархат – тек әріптестерінің ғана емес, жұртшылықтың да шынайы құрметіне бөленген қаһарман полицей. Оның есінен өткен жылдың 18 маусымында болған оқыс оқиға кетпейді. Дәл сол күні ертеңгілік «112» жедел қызмет кезекшісіне «Жайық өзенінде қайық аударылды» деген телефон хабарламасы түсті. Арты өкінішке ұрындырар шұғыл хабар рация арқылы «Батыс-1» жылжымалы жол-патрульдік экипажына хабарланады. Экипаж құрамындағы полицейлер – аға сержант Ерболат Досжанов, сержант Фархат Базарғалиев және кіші сержант Руслан Танашев санаулы минөттерден кейін оқиға орнына жедел жетті. Сөйтсе, Жайық өзенінің жағалауында дірдек қаққан үш жігіт отыр. Олар өзен ортасында аударылған моторлы «Казанка» қайығында болғандар екен. Жағаға дейін өздері әрең жеткен. Ал өзен ортасында жартылай суға батқан қайық жанында бір адамның басы қылтияды. Қайықта бірге болған жігіттердің айтқанындай, суға бір батып, бір шығып, аласұрған бойжеткен екен. Оның басы қылт-қылт етіп әрең көрінеді. Шұғыл көмек қолын созбаса, баяу болса да ағысы бар өзен суының тұңғиығына батып барады. Не істеу керек? Жігіттердің арасынан Фархат Базарғалиев ойланбастан өзенге қарай «атылды». Тіпті, киімін шешуге мұршасы болмады. Ойы – қызды құтқару. Киіммен құлаштай жүзу қиындық тудырғанымен, айтып келмейтін ажал апанындағы қызға жақындап келеді. Суды мөлшерден тыс көп жұтып қойған қорғансыз қызға қолы жетісімен жағаға қарай сүйрей жөнелді. Мұндайда жаға да жеткізіп болмайды екен. Құдды алыстап кеткен секілді. Абырой болғанда, оларды жағада «жедел жәрдем» дәрігерлері де күтіп тұрды. Сол жерде ес-түссіз жатқан қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін біраз күн ауруханада емделіп, ортаға қайта оралды. Тұрымтайдан зорлық көрген бозторғайдай әрі қорқып, әрі абдырап қалған бойжеткенді құтқарған Фархат Базарғалиев әріптестерімен бірге кезекшілігін атқаруға аттанып кетті. Оған дәл сол сәтте демалуға болмайтын еді. Өйткені, полицейлер кезекшілігі біткенге дейін қызметін атқару міндеті жүктелген. Дегенмен, полиция сержанты Фархат Базар­ғалиевтың батырға тән батылдық танытып, суға бат­қан бойжеткенді құтқарған қаһармандық ісі әуелі қалалық басқармаға, кейін облыстық ішкі істер депар­таментіне лезде тарады. Басшылар оған жеке құрам алдында алғыс жариялады. Жергілікті басылымдар арқылы полиция сержантының аты жұртшылыққа жария етілді. Бірақ, Фархат Базарғалиевтың өзі мұны «Қаһармандық іс атқарған жоқпын. Менің орнымда болған әр полиция қызметкері дәл солай әрекет еткен болар еді» деп қана жымияды. «Қиын сәтте көмек сұраған жанға қолұшын созу – азаматтық парызым» дегенді де қосып қойды. Иә, полиция сержанты Фархат Базарғалиев тек азаматтық парызын атқарып қана қойған жоқ, бір адамды ажал апанынан суырып алып, өмірін сақтап қалды. Сөйтсе де мақтануды білмейтін Фархаттың қарапайымдылығы ата-анасынан дарыған қасиет екеніне шүбә жоқ. Өйткені, оның әкесі –Жеткіншек пен анасы –Гүлсофия да өте қарапайым жандар. Тек зейнет жасына жетпесе де олардың жұмыссыз жүргені Фархаттың жанына батады. Отбасындағы жалғыз табыс табушы Фархат Базарғалиевтың бейбіт күндегі батыл ісі атаусыз қалған жоқ. Былтырғы қарашада Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Қазіргі заман қаһармандары» атты республикалық акцияға атыраулық полицейлер атынан қатысып, министр Қ. Қасымовтың Алғыс хатына ие болды. Ал Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қаһарман сержантқа мемлекеттік марапатты жеке құрам алдында облыстық ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы Аян Дүйсенбаев табыс еткен сәтте Фархат Базарғалиевтың: «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деген дауысы саңқ етті. Иә, шындығында бейбіт күннің батыры атанған қаһарман сержант марапатты алысымен ел тыныштығы үшін қызметін атқаруға аттанып бара жатты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.