10 Қаңтар, 2015

Еуропа одағын «елес» кезіп жүр

316 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Келіп жатқан жыл бір кездері барынша қуатты да әлеуетті көрінген Еуропа одағының да келешегі күмән бола бастағанын байыптап байқата бастады. Оның шынжырының бір шебін 25 қаңтарда Грекияда өтетін парламент сайлауының қорытындысы бұзып кетуі де мүмкін. Егер сарапшылар болжап жүргендей, Эллада елі одақ аймағынан шыға қалатын болса, көп ұзамай мұның соңынан «Кәрі құрлықтың» түстіктегі бірқатар мемлекеттері қуып кетуі де ғажап емес. Бұл да ештеңе емес, бұрнағы күні осыған ұқсас үнді Еуропа одағының «қамытын мойнына киіп», осы кезге дейін оны «өгіздей өрге сүйреп» келе жатқан басты демеушіГермания өзінің гректерден бұрын бұл ұядан кетіп қалуы ықтимал екенін жария етіп қойды. Егер бұл шынымен орындалар болса, одақтың тарағаннан басқа ешбір амалы қалмас еді. Осының бәрі қазіргі күндері Еуропа одағының өзін «елес» кезіп жүргенін байқатады. Ал әлем экономикасы қазір үлкен таңдаудың алдында, нағыз жолайрықтың бойында тұр. Жаһанның бұдан әрі дамуы мен өркен жаюы осы түйіннің қалай шешілгеніне байланысты болмақ.

Грекия «кірген үйінен» қайта шыға ма?

09-01-15-grecia-1 Еуроодақ елдері Грекияның одақтан шығуы мүмкін екені туралы тағы да әңгіме көтере бастады. Батыс бақылаушылары қазір бұл сұрақтың қалай шыққаны және оның соңы неге апарып соқтыратыны туралы өз ойларын ортаға салып жатыр. Каолициялық үкіметті басқаруды қолға алған грек премьері алдағы 25 қаңтарға асығыс түрде жаңа парламент сайлауын белгілеп үлгерді. Оның қандай нәтиже әкелетіні әзірге белгісіз. Бірақ бір нәрсе айқын: сайлаудың қорытындысына байланысты елдің алдынан шығатын екі жолдың бірі оны Еуропа аймағында қалуға апарып тірейді. Ал екіншісі одан шығу болып табылады. Гректер бұл үшін Еуроодақ пен оның басты демеушісі – Германия тарапынан өздеріне таңылған экономикалық және қаржылай шектеуді жеңілдетіп, қарыздарын сызып тастауды талап етуде. Осы туралы сөз еткен «Сидней Морнинг Хералд» газеті қарсы жақтың бұған келісе қоятынына қатты күмән келтіріп отыр. «Грекия қазір капиталдың әлемдік рыногындағы қуғын көруші ел болуға өзінен өзі сұранып тұр. Себебі, қарызын төлемейтін елмен ешкімнің де қарым-қатынас жасағысы келмес еді», деп жазады басылым сондықтан. Ал Батыс сарапшылары Грекияның Еуропа аймағынан шығуының зардабы аз болмасын айтады. Олардың байыбы бұдан Еуропа одағының жоғалтары 1 миллиард еуроның шамасына барып жығылатынын білдіреді. Мұның өзі әлем рыногына да сұрапыл соққы болып тиеді. Осыған орай Америка мамандары бұл оқиғаның салмағы 2000-жылдардың аяғындағы «Лиман Бразерс» банк холдингінің құлауымен тепе-тең болатынын алға тартады. «Біріккен Еуропаның 2008 жылға қарағанда, экономикалық жағынан бүгін күштірек болғанына, сондай-ақ, Грекияның Еуроодақтағы үлесі небәрі 2 пайызды ғана құрағанына қарамастан, гректердің одақтан шығуы үлкен құлдыраудың басын бастап беріп кетеді, – деп есептейді Батыс сарапшылары. – Мұның қаупі сонда, оның соңынан Еуроодақтан Португалия, Ирландия, Испания және Италия сынды елдер сыпырылып шығып қалуы ықтимал». Бақылаушылар сол сияқты Грекия үшін Еуропа одағынан шығудың бұдан да басқа зардаптары болуы мүмкін екенін тілге тиек етеді. Оның соңы дефолтқа алып барып, соның салдарынан елде саяси қозғалыстардың күшеюіне, тіпті, азамат соғысына алып баруы мүмкін. Дегенмен, бұл жерде де жұрттың пікірлері екіге жарылып отыр. Осының алдында Германия канцлері Ангела Меркель Грекияның одақтан шығарылуы ендігі жерде проблема болмай қалғанын айтамын деп, біраз тараптан сынға ұшырады. Ақырында неміс басшылығы күн тәртібіне мұндай мәселенің қойылып отырмағанын айтып құтылды. Ал күні кеше Финляндияның ETLA атты экономикалық институтының зерттеушісі Пааво Суни тарихи Эллада елі ұрпақтарының Еуропа одағында қалатынын, оған екі түрлі себеп барын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұған ел халқының басым бөлігінің одақта қалуды қалайтыны мен одақтағылардың өзінің бұған жол бере алмайтыны себеп болады.

Өз валютасы үшін алаңдайды

09-01-15-eurosouiyz

Келіп жатқан жаңа жылда еуроаймақ елдері валюталық одақ экономикасының өсуіне барынша үлкен көлемде үлес қосулары керек. Еуропа орталық банкінің басшысы Марио Драги жаңа жылдың алғашқы күндерінде немістің Handelsblatt газетіне берген сұхбатында осылай деді. Банкирдің айтуынша, одақ валютасын сақтап қалу ғана емес, оның қауқарын арттыру үшін одақтағы барлық мемлекеттер өздерінің үлестерін қосулары тиіс. «Мәселе кімнің көп, кімнің аз қосқанында емес, мәселе осыған барлығымыздың бірдей атсалысқанымызда. Олай болмаса, келешектен кемел көкжиек күтудің өзі күпірлік», – деді ол. «Көптеген елдердің экономикасы соңғы уақыттары аздап болса да тағы өсе бастады. Олар өздерінің мемлекеттік қаржы жүйелерін ретке келтіріп, құрылымдық реформа жасауға кірісті», – деп атап өтті Драги. Ол өз сөзінде, сонымен қатар, қайта құру үдерістерінің күткен қарқыннан қалып келе жатқанын, «мұның бәрі үшін уақыт керек» екенін атап өтті. Еуропа орталық банкінің басшысы еуроаймақтағы экономика ахуалына баға беру үшін дәл қазір «дағдарыс» деген термин оңтайлы келе бермейді, деп санайды. «Әңгіме бәрінен бұрын дағдарыстан да гөрі ұзаққа созылып кеткен әлсіздік кезеңі туралы болып отыр», – деп түсіндіріп өтті ол. Оның сөзіне қарағанда, «сауығудың қалыпты үдерісі жалғасып жатыр». Дегенмен, өткен жылғы желтоқсан айы еуроаймақтағы экономикалық өсімнің әлі баяу екенін көрсетіп берді. Зерттеулер жылдың соңғы тоқсанындағы көрсеткіштің ең төменгі деңгейде болғанына көз жеткізді. Еуроаймақта соңғы тоқсанда экономиканың өсімі бар-жоғы 0,1 пайызды құрады. Тұтастай алғанда, сарапшылардың сөздеріне қарағанда, соңғы 18 айда аймақта ептеп те болса өсу үрдісі байқалған. Жылдың басында еуроаймақ елдерінде инфляцияның төменгі көрсеткіші байқалған. Осыған байланысты тұтынушылар бағаның тағы да төмен түсуін күтіп, ірі мөлшердегі сауда-саттықтарды кейінге қалдырған. Жағдайды мұнай бағасының түсуі нашарлатып жіберді. Өткен жылдың тамыз айынан бері Brent маркалы бензиннің бағасы екі еседен де артық төмен түсіп, оның баррелі 51,54 долларға дейін құлдырады. Осы сейсенбі күні АҚШ-та WTI маркалы бензиннің бағасы 2009 жылдан бері бірінші рет барреліне 50 доллар деңгейінен түсіп кетті. Қазір Еуробанк басшылығын дефляция қаупі қатты алаңдатып отыр. Осыған орай құрлықтың бас банкі кредиттердің базалық мөлшерлемелерін 0,05 пайыз мөлшеріне дейін түсірді. Сонымен бірге, банк директоры Марио Драги экономикаға қосымша қаржылай құйылымды қамтамасыз ету үшін әртүрлі активтермен қамтамасыз етілген құнды қағаздарды сатып алу жөніндегі бағдарламаның іске қосылғанын да мәлім етті. Мұнда Еуропа банкі Британия, АҚШ және Жапония орталық банктері қолданған жолмен жүрмеуге шешім қабылдап, еуроаймақ елдерінің мемлекеттік қарыздарын сатып алудан бас тартты. Алайда, сарапшылар 2015 жылдың қаңтарында Еуропа орталық банкі бәрібір мемлекеттік облигацияларды сатып алудың басталғанын жариялауға мәжбүр болады деген тұжырымға қазық байлап отыр. Себебі, Quantitative Easing («экономиканы сан жағынан ынталандыру») деп аталатын бұл бағдарламаны іске қоспай, одақтағы елдердің экономикасын көтеруге көмек көрсету тұйыққа тірелер еді. Өткен жылғы қараша айында еуроаймақтағы инфляция деңгейі 0,3 пайызды құраған болатын. Сарапшылар желтоқсандағы деңгейдің 2009 жылдан бері бірінші рет кері кеткеніне көз жеткізді. Ал бұдан бірер күн бұрын Марио Драги аймаққа дефиляция қаупі төніп тұрғанын мойындауға мәжбүр болды. Осы қатерге Еуропа орталық банкі қарсы тұрудың амалдарын қарастыруы керек.

Samsung табыстан қағылып жатыр

09-01-15-samsung-1

Аты әлемге танымал Samsung Electronics компаниясы, алдын ала болжам бойынша, 2014 жылдың соңғы тоқсанында мұның алдындағы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, табысының үштен бірінен, яғни 37,4 пайызынан айырылып қалды. Корпорация болжамы бойынша, осы кезеңде табыстары 5,2 трлн. корей вонын құраған. Телевизорлар мен мобильді телефондар шығаратын ірі өндірістік корпорацияның акциясы соған қарамастан, Оңтүстік Кореядағы таңертеңгі саудада біршама өсе түскені байқалып отыр. Ал компанияның 2014 жылғы төртінші тоқсандағы көрсет­кіштері жөніндегі толық мәліметтері қаңтар айының соңында белгілі болады. Кейінгі кездері Samsung арзан электроника өндірушілер тарапынан қатты бәсекелестік бой көрсетуі салдарынан біраз қиындықтарға тап болып жатыр. Ол, әсіресе, Қытайдағы смартфондар сататын ірі рынокта өзінің үлесін айтарлықтай ауқымда жоғалта бастады. Атап айтқанда, мейлінше арзанырақ смартфондар сататын рынокта ұтыла бастаған Galaxy телефон жабдығы бағаларын төмендету үрдісі орын алуда. Сарапшылар соңғы уақыттары смартфон рыноктарындағы, әсіресе, Азия елдеріндегі сауда орындарындағы бәсекелестіктің күрт өсіп кеткенін айтып отыр. Айталық, Қытайда осы елдің Xiaomi компаниясы Samsung корпорациясымен бәсекені қыздырып қана қоймай, онда айтарлықтай оң нәтижелерге жетуде. Дүйсенбі күні компания таратқан мәліметке қарағанда, компанияның 2014 жылғы табысы екі еседен де артық өсе түскен. Мобильді телефондар аумағындағы бәсекелестік әлемдегі басқа компанияларды да жұмыстарын қайта қарауға мәжбүр етуде. Мәселен, Microsoft корпорациясы өткен жылдың тамыз айында интернетке шыға алмайтын арзан ұялы телефондар шығара бастайтынын жария етті. Ол шығаратын Nokia-130 маркалы жаңа телефонның бағасы бар-жоғы 19 еуро тұрады. Ал арада тағы бір ай өткесін корпорация Windows жүйесі негізіндегі қымбатырақ бағалы смартфондар шығару үшін бұрынғы бюджеттік нөмірлерінің бірқатарынан бас тартатыны туралы қауесет тарады. Алайда, компания басшылары сәл кейінірек әдеттегі модельдегі ұялы телефондардың ассортиментте қала беретінін айтып, жұрттың өрекпіген көңілдерін басты. Қазіргі күндері әлемдегі көптеген компаниялар өздеріне келетін табыстың күрт түсіп кететініне қарамастан, барынша арзан стандартты телефондар шығаруға бет алды. Бұл дүмпуге жоғарыдағы Samsung корпорациясынан бөлек, үндінің Micromax және қытайдың TCL компаниялары да қосылды. Әйткенмен, олар шығара бастаған арзан бағалы телефондар интернетке шығу мүмкіндігі жоқтығына қарамастан, барынша кең диагоналды экранмен дайындалып жатыр. Олардың көлемдері 4,6 сантиметрді құрайды және SD жадылы картасы бар бейнефайлдарға ие. Мұндай аппараттар осы кезде Қытай, Египет, Үндістан, Индонезия, Кения, Нигерия, Пәкістан, Вьетнам және Филиппин секілді елдермен қатар, бірқатар Еуропа мемлекеттерінде және АҚШ-та сатылып жатыр. Әзірге бұл үрдістің қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».