Ши оқпен аң-құс атып жатқан мерген Суретші Қоңыр Мұқамәдиевтің жаңғыртпасы
Қазіргі тілмен айтқанда, бытыраның оғы сияқты қатар атылған бірнеше оқ нысанаға бытырап барып тиетін болған. Атақты Ақтамберді жыраудың: «Тобылғы түбі құралай, Бытыратып атар ма екенбіз» (Ақтамберді. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т., 73-б) дегендегісі осы тіз оқ.
Сол сияқты, Қазақстанның халық жазушысы марқұм Қабдеш Жұмаділов 1994 жылы жарық көрген «Дарабоз» тарихи романының бірінші кітабының 131-бетінде: «Балқашта тіз оқпен үйрек атушы едік. Ал мына жақта кекіліктен басқа ештеңе көрінбейді» деп жазған екен. Қаламгердің бұл сөзі біздің жоғарыда айтқан «қазақтар тіз немесе ши оқпен құс атқан» деген пайымымызды толықтырып тұр.
Сондай-ақ бұрынғы кезде аталарымыз тіз оқпен жас балаларды мергендікке баулып, жеңіл садақпен жаттықтырғаны туралы да дерек бар. Бұған дәлел:
2004 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты жүзтомдықтың 37-томының 238-бетінде:
«Мерген еді жас бала,
Жалғыз шиден оқ атса,
Кетпес еді далаға», –
деген жыр жолдары болса, «Бес ғасыр жырлайды» атты екі томдықтың бірінші кітабының 35-бетінде атақты Шалкиіз жыраудың аузымен айталатын:
«Алға сап тіз оқ ата көрмеңіз,
Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай», –
деген екі жол тіркес бар. Осындағы жыр мәтіндерінен ши оқ немесе тіз оқтың бұрынғы қазақ өміріндегі маңызы туралы ой қорытамыз.
Яғни бұрынғы заманда бабаларымыз ши оқ – тіз оқпен топтанып отырған жыл құстарын ататын болған. Өйткені жыл құстарын ауыр оқпен атуға келмейді.
Оның сыртында жас балалар әуелі ши оқпен атып жаттығатын болған. Бұл туралы «Ер Тарғын» жырында:
«Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың», –
деген тіркес бар. Яғни болашақта мерген болатын бала ши оқпен атып әбден жаттығып, машығы толысқан тұста атқан оғын жоғалтатын дәрежеге жеткен.