Шыңғыс АЙТМАТОВ.
КСРО ыдырағанынан кейін бізде және басқа республикаларда жаңа егемен мемлекет құру барысында рухани құндылықтарды қайта бағалау үдерісі қарқынды түрде бастау алып, айналасы 5-10 жыл ішінде өз мәресіне жетіп те үлгерді. Өткен ғасырларда өмір сүрген танымал тұлғалардың қажырлы еңбегіне лайық баға да берілді. Әрине, бұл қуанышты жағдай. Дегенмен, ұлттық мәдениетке теңдесі жоқ үлес қосқан кейбір ірі тарихи тұлғалар елеусіз қалып қойды. Осындай тұлғалардың бірі де, бірегейі де – есімі көзі тірісінде-ақ кең-байтақ қазақ даласында аңызға айналған дарабоз жазушымыз Ілияс Есенберлин еді. «Қаһар» тарихи романы жарық көрген 1969 жылдан бастап Ілияс Есенберлин өзінің кітаптары ең көп оқылатын автор ретіндегі біріншілігін ешкімге бермей келді. Ілияс ағамыздың осы ерлігіне тоқырау заманында қазақ халқы қайран қалған. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде І.Есенберлин – кітаптарының жалпы тиражының көлемі жағынан теңдесі жоқ жазушы. Осыдан 10 жыл бұрын олардың саны 8 миллион данадан асқан еді. Қазіргі санын білмеймін. Бұл жай ғана қосалқы көрсеткіш емес. Образды түрде айтсақ, оның кітаптары әр үйде бар деуге де болады. Республикамыздың қай қаласын немесе ауылын алсаңыз да. Өйткені, ол сонау кеңес дәуірінде де, бүгінгі тәуелсіздік заманында да оқырманның ыстық ықыласына бөленген жазушы. Жоғарыдағы эпиграфта Шыңғыс Айтматов осындай қысқа да нұсқа тұжырымды қызыл сөз үшін айтқан жоқ еді. Оның «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи трилогиялары саяси салмағы мен танымалды құндылығы жағынан өткен ғасырдағы ұлттық проза саласындағы ең іргелі шығармалар болып табылады. Ілияс Есенберлин шығармашылығының өзгелерден бөлек басты ерекшелігі неде? Бұл – негізгі сұрақ. Осындай әмбебап сұрақты барлық әдебиетшілерге қоюға болады. Бұл кез келген классикалық шығармаға қойылатын ең басты талап екендігі баршаға белгілі. Ілияс Есенберлинге қатысты осы қағидатқа негізделген сұрақтың жауабы қаламгерлер түгілі жәй жұртқа да белгілі. Мен 2005 жылы жазушының 90 жылдығы жайбарақат өткенде әріптестері Ілияс ағаларының алдындағы өздерінің інілік парыздарын оның 100 жылдығында өтеуге бел байлаған ғой деп топшыладым. Осындай күдік туғасын Қожанасырдың «Оған дейін не есек өледі, не арба сынады» деген әзілі де еске түскен. Ол да соцреализмнің кейбір классиктері сияқты ақырын-ақырын шегініп, оқырманынан алыстап кете ме екен деп те күмәндандық. Ілияс Есенберлин өткен ғасырдың басында (1915 жылдың 10 қаңтарында) дүниеге келіп, сол ғасырдың соңында (1983 жылдың 5 қазанында) дүниеден озды. Оның замандастарының көкейіне үміт отын маздатып, саналарына алуан түрлі ойлар қозғай алған сегіз қырлы, бір сырлы шығармашылығы өз халқының жан дүниесінің түбіндегі сары алтындай сақталған – алда тұрған ірі өзгерістер мен жарқын болашағына деген арманының ақ құсы еді. Ол қара суды теріс ағызатын көркем сөздің теңдесі жоқ майталманы емес еді. І.Есенберлиннің әсерлі сөздер таңдауға уақыты да болмады. Бірақ, оның алдында өзгеше маңызды міндеттер тұрды: тарих тағылымының – тарихи болмыстардың философиялық талдаулары, сол заманның кемшіліктері, көркемсөз образдарының көмегімен жасалатын болашақтың жоспарларын баян ету. Жалпы алғанда, оның шығармашылығы өз ұлтының алыс болашақта дамуының мәселелеріне аса ауқымды және түбегейлі көзқарасымен ерекшеленеді. Ол өзінің шығармашылық ойтүйіндерін осы тұрғыда құрды. Ұлтының жасанды түрде үзілген жоғарыдағы немесе жан-жағындағы «қамқоршыларға» жалтақтамай, өз еркімен ойлай алатын және маңызды мәселелерді шеше алатын қабілетін қалпына келтіруге үш бағытта ықпал жасай алды және көмектесті. Осы мақсатта І.Есенберлин кеше, бүгін, ертең деген классикалық формулаға жүгінді. Ұлт өз тағдырының 4-5 жылына болжам жасауы үшін ол өзінің соңғы 100 жылдық тарихында қандай оқиғалар болғанын анық білуге тиіс. Бес ғасырлық тарихыңды білмей тұрып алдағы 15-20 жылға болжам айту мүмкін еместігін ол басқалардан бұрын түсінді. Осы себеппен Ілияс Есенберлин өткен ғасырлардың қырық қатпар астарына терең үңіліп, ондағы барынша маңызды тарихи оқиғалар мен шынайы тарихи тұлғалар тағдырына ерекше зер салды. Бір мақаланың аясында автордың қай кітабына болса да талдау жасау қиын. Жазушының повестері мен романдарының тек аттарына көз жүгірткеннің өзінде де біз көптеген деректерді біле аламыз. Ең бастысы, оның алысты болжағыштық қасиеті таң қалдырады. Есенберлин өз заманы мен өткен ғасырлардың аса ауқымды дәуірлік оқиғаларын талдау мен ой елегінен өткізуге о бастан бейім болған еді. Ол үшін шығармаларының ең маңызды құндылығы нақты адам, жеке тұлға тағдыры болды. Сондықтан, автордың ертеректе жазылған повестерінің бірі «Адам туралы ән» (1957) деп кездейсоқ аталмаған. Басқаша сөзбен айтқанда, оның бүкіл шығармашылық өмірбаянын «Адамдар жайлы поэма» деп атауға толық негіз бар. Оның кітаптары ұлы тұлғалар мен қарапайым адамдар, жағымды және жағымсыз кейіпкерлер жайлы. Оған осындай көзқарас негізінен тарихи тұлғалардың түп бейнесі болып келген кейіпкерлердің әдеби образдарының мінез-құлықтарын ашық көрсетуге көмектесті. Қаламгердің басқа бір повесі «Толқиды Есіл» (1965 жыл) деп аталады. Бүгінгі күн сайын құлпырып келе жатқан Қазақстанның жас астанасы Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Бұл өзен таулардан шалғай Сарыарқа жазығында ағып жатқандықтан ешқашан да буырқанып толқыған емес. Дегенмен, басқаша астарлы мағынада алғанда бүгінгі Есіл үлкен толқыныста. Өйткені, соңғы 17 жылдан бері биязы мінезді Есіл өзені Астана тұрғындарымен қатар басқа жұрттың да назарын өзіне аударып тұр. Есіл – су күрежолы. Қала сәулетінің жоспарлары осы өзеннің ерекшелігіне тікелей байланысты. Өзеннің оң және сол жағалауларының жер бедері тұтастай бір пейзаж ретінде біртіндеп қала суретімен ұштасып жатыр. Астананың жобасын дайындаған шетелдік және отандық архитекторлар өзенді есепке ала отырып, жобаларын Есілден бастайды. Осындай жайттарды ескере отырып, мен оның шығармаларындағы бейнелердің алда келе жатқан оқиғаларға қатыстылығына таңданамын. Тіпті, оның кітаптарының бастапқыда берілген шартты атаулары да жылдар өте өзінің терең мағынасын жоғалтпайды. Есенберлин романдарының атаулары заңғарлықты, сымбаттылықты, сәнділікті паш етеді. Мысалы, «Алтын аттар оянады» (1978) және «Алтын құс» (1972). Жиырма жыл өткен соң оның осы образдары жас мемлекеттің геральдикасын бейнелеуге (гербін суреттеуге) пайдаланылды. Көшпелі өркениеттің белгісі – көшпенді бабаларымыздың «қанаты» – ат Қазақстан Республикасы елтаңбасында қолданылды. Елімізде XX ғасыр мен 1991 жылдың соңында «Алтын аттар» біз үшін тура мағынада оянды деп айтуға да болады. Мұнда да Ілияс Есенберлин ойтүйіндері тарихи оқиғалардан ондаған жылдарға озық тұр. Енді Қазақстанның туында Ілияс ағамыздың қыран келбетті «Алтын құсы» өзінің зор қанаттарын жайып жіберіп, күннің асты мен Ұлы Дала үстінде қалықтап тұр. Адамсүйгіш Ілияс Есенберлиннің қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынас өте шебер сипатталған романтикаға толы романдарының аты да затына сай: «Ғашықтар» (1968), «Махаббат мейрамы» (1983), «Аққу құстың қуанышы» (1984). Адамзат баласы үшін қай кезде болмасын өзекті тақырыптар осы романдардың атауларынан бастау алады. Бір сөзбен айтқанда, Есенберлин бізге тарихи шығармаларынан басқа «Махаббат туралы трилогия» да қалдырып кетті. Оның кешегі күнгі әдеби образдары бүгінгі күннің таптырмас айшық айғағы мен дәуір таңбасына айналды. Ілияс Есенберлиннің бүкіл саналы өмірі қиындыққа толы, шығармашылығы барып тұрған қатерлі өткел болғандықтан, оның туындыларының өткір мінезділігі кітаптарының атынан-ақ байқалады. Мұндай қайсар мінез автордың өзіне де тән еді, әйтпесе ол осыншама ауқымды және тың тақырыптағы творчестволық жоспарларын қарлығаштай қорғай да, іс жүзіне асыра да алмас еді. Автордың ержүрек батыл адам болғандығын оның әдеби туындыларынан білуге болады. Оның «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Маңғыстау майданы» (1978) сияқты романдары осының бірден-бір дәлелі. Баталист Есенберлин тек қана тарихи кітаптарында ғана емес, басқа да шығармаларында кейіпкерлерінің ауызымен өз заманы мен болашақ ұрпақтардың өзекті мәселелерін көтеріп отырды. Оған сол кездегі ресми саясаттың тәртібін қатаң қадағалаған жандар күдіктене қарап, оны бейсаясаттық, теріс көзқарастағы жазушы деп те санады. Оларға ол коммунистік идеологияның шеңберінен шығып кетіп ескілікті аңсайтындай болып көрінді. Мұндай күрделі жағдайда Мәскеудегі орталық билікке тәуелді, бірақ халқының өткені мен болашағына жаны ашыған Дінмұхамед Қонаев Есенберлиннің тарихи еңбектерін ашық түрде қорғамағанымен, іштей құптап, олардың жарық көруіне жағдай жасауға тырысты. Ілияс Есенберлиннің шығармашылығын халық даналығының мөлдір бұлағы ретінде қарастыруға болады, өйткені оның туындылары халқымызда ұмытылып бара жатқан аңыздарды, жауынгерлік ерлікті баяндап отырды. Жасыратыны жоқ, сол кездегі қызыл империяның саясатына толық сенген оның кейбір қаламдастары үшін ұлтымыздың тарихы 1917 жылдан басталатындай болып көрінген. Ол оларға өзінің көзқарасының дұрыстығын дәлелдей отырып, кейін тарихи шындықты «Қаһар» романы мен «Көшпенділер» трилогиясы арқылы қазақ көркем әдебиетінде бірінші болып айта бастады. Осылай «айқастар» мен «майдандардың» сарындары қалыптасты. Оның кітаптарының атауларынан бастап оқырманға ой салады. Ілияс ағаның шығармалары жастарға дербес ойлау әдетін қалыптастырады. Оның шығармалары ойлауға «азық» болып табылады. Мұнда көптеген тарихи деректер келтірілген, олар болған оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып отырады. Оқиғалар асығыс, үстірт жазылмаған. Олар болған жағдайларды қысқа ғана баяндап отырады. Ілияс Есенберлин шығармаларының негізгі құндылығы да осында. Ілияс Есенберлиннің 40 жылға созылған шығармашылық ғұмырын «қатерлі өткелмен» салыстыруға болады. Оның замандастарының басым көпшілігі әдебиеттің даңғыл жолдарын таңдағанда, ол жалғыз өзі жолсыз жермен жүрді. Дегенмен, 1970-ші жылдардың басында көптеген қазақ ақын-жазушылары оның ізін басты. Ол XX ғасырда қаламгер тарихшылардың әдебиет мектебінің іргетасын қалады. Ол, о баста, көне дәуірдің ақиқатын іздеп, жолсыз жерге сүрлеу салып, сол соқпақпен адаспай, жалғыз өзі дұрыс шешімге келіп, аяғында теңдесі жоқ нәтижеге қолын жеткізіп жеңіс мәресіне бірінші болып жетті. ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының алыбы Қадыр Мырзалиев айтқандай: Есенберлин Ілияс қызық еді. Ерейменнің сілемі, үзігі еді. Арктика мұзындай тақырыпты, Алғаш рет ол өзі бұзып еді! Осылайша ол өзінің «Қатерлі өткелінен» абыроймен өтті. Бұл бәрі күтпеген жерде тосыннан болған, халқына арнаған сыйы болатын. «Жазушы» баспасының директоры және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болған кезінде Ілияс Есенберлин біртума тұлғаларға көмектесіп жүрді. Әнуар Әлімжанов көзқарастарының қалыптасуына әсер етіп, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабын шығарды. Ілияс Есенберлинге де танымал адамдар, мысалы, тарихшы, этнограф, академик А.П. Окладников (КСРО ҒА-ның Сібір бөлімі, Новосибирск қаласы), Кристина Дамм (Варшава), Шыңғыс Айтматов (Бішкек), Әлкей Марғұлан (Алматы) және басқалар рухани қолдау жасап жүрді. «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы атауы «Ақ Орда» болатын. Оған ол кездегі «ақ» түс қызыл коммунистерге саяси тұрғыда жарамсыз болғандықтан бұл атауға рұқсат етілмеді. Есенберлин қызыл фаталистермен кітап атауы бойынша ымыраға келуге мəжбүр болды. Ақыры трилогияға «Көшпенділер» деген сәтті атау табылды. Ол қазақ халқының ғасырлар бойы басынан кешкен тұрмысын көрсетеді. Оның үстіне біздермен қатар өткен ғасырларда басқа да көрші халықтар да көшпенділер болған. Қазіргі қауым «Алтын Орданы» әлі күнге дейін түсінбей қеледі. Кеңес Одағы кезіндегі оқулықтарда «Алтын Орда» империясы Еуразия халықтары үшін тек зорлық-зомбылық, жабайылықты ғана әкелген мемлекет ретінде көрсетілген. Осындай қатқан қасаң қалып көпшіліктің ойында үш ғасырда орнығып қалды. Онымен келіспегендер тек азын-аулақ білімді қауым ғана (Л.Н.Гумилев және басқалар). Ілияс Есенберлин осындай қалыптасқан жағдайды көптеген тарихшылардан гөрі жақсырақ білетін. «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары, басқа он бір кітапты есептемей-ақ қойғанда, бізді мыңдаған жылдық тарихы бар ұлт екенімізді айдан анық дәлелдеп берді. Ілияс Есенберлин қазіргі Қазақстанның XII-XV ғасырлардағы Алтын Орданың (Жошының Ұлысы, «Ұлы Ұлыс») бір бөлігі болып табылатынын көрсетті. Жазушының деректері бойынша, осы Алтын Орда мемлекеті моңғолдардан бастау алып, бірақ оның негізгі бөлігі Қыпшақ даласы болып табылады, оның («Дешті Қыпшақтың») арқасында Шыңғысхан мемлекетінің күш-қуаты нығайтылды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстан Алтын Орданың мұрагері болып саналады, өйткені бабаларымыз өз жері мен тарихи отанында аталмыш мемлекет игілігіне аянбай жұмыс істеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде қорытындылап айтсақ: Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы кез келген ұлттың мәдени өмірінде бір ғасырда, мүмкін бірнеше ғасырда, бір рет қана дүниеге келетін әрі сирек, әрі ғажайып алып туынды. Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ, Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкер-қор сақтаушысы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32