Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Нәтижесінде, қазір бұрын-соңды болмаған су тасқынының қаупі сейіле бастады. Алайда оның ауыр зардаптарын жою оңайға соқпайтыны анық. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ескерілмеген түйткілді мәселелер де бар болып шықты. Мәселен, Петропавл қаласының қарғын су басқан Заречный шағын ауданының тұрғындары өткен сәуір айының басында тайлы-тұяғына дейін түгел эвакуацияланған еді. Олардың көпшілігі эвакуациялық пунктке орналастырылса, біразы пәтер жалдауға мәжбүр болды. Бірақ жұмыртқадан жүн қырқатын пайдакүнем пәтер иелері жұрттың басына түскен қиындықты өз мүддесіне пайдаланып, жалдау ақысын шарықтатып жіберді. Сөйтіп, заречныйлықтардың қайсысы болсын уақытша тұрмыстық қолайсыздықтарды бастан өткеріп, қосымша қыруар шығынға да ұшырады. Ол аздай, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға мемлекет тарапынан берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алуға өтініш бергенде жергілікті шенеуніктердің алалауына тап болды. Нақты айтсақ, олар көпқабатты тұрғын үйлердің қарғын су кірген бірінші қабатында тұратын, тұрмыстық заттары бүлінген тұрғындарға ғана 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңге мөлшерінде ақшалай жәрдем көрсетіледі, ал мұндай өтемақы мүлкі зақымданбаған 2-3-қабаттардағы пәтерлердің иелеріне төленбейді деген көрінеді. Тіпті көппәтерлі үйлердің жоғарғы қабаттарында тұратын заречныйлықтардың қайсыбірінің біржолғы әлеуметтік төлем алуға берген өтініштерін қабылдамай тастапты. Бұған қоса олар су тасқынынан зардап шеккендер тізіміне енгізілмегендіктен, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары бұрын алған кредиттерін төлеу мерзімін ұзартудан бас тартқан. Мұның өзі заречныйлықтардың наразылығын туғызып, қала әкімі Серік Мұхамедиевке ұжымдық шағым жазуына тура келді. Ақыры қала билігі қарғын су басқан көппәтерлі үйлердің 2-3-қабаттарында тұратын тұрғындарға да 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем төлеу туралы шешімге келді.
Шынтуайтында, эвакуациялауға жатқызылғанымен, көппәтерлі тұрғын үйлердің жоғары қабаттарындағы пәтерлеріндегі мүлкі бүлінбеген азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлем төлеу, оларды су тасқынынан зардап шеккендер қатарына жатқызу 2014 жылғы 11 сәуірде қабылданған «Азаматтық қорғау туралы» Заң мен Үкіметтің сол жылғы 19 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларында қарастырылмаған.
Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың басқа мұқтаждықтары да аз емес екен. Парламент Сенатының Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаты Әсем Рахметова жуырда Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, өңірлерде су тасқынынан зардап шеккендермен кездесулер барысында үйлері суда тұрған, өздері эвакуациялық пункттерде бас сауғалап жүрген жергілікті тұрғындар көтерген көкейкесті мәселелерді жеткізді. Оның айтуынша, қарғын судың кесірінен үйлері құлағандар немесе тұрғынжайларын су шайып кеткендер үшін материалдық шығынды дәлелдеу қиынға соғып отыр. Ал үйлерін, қора-жайларын салып алғанымен, оларды жылжымайтын мүлік ретінде ресми тіркетіп үлгермеген және саяжайларда тұрып жатқан адамдар мемлекеттен берілетін материалдық көмектен қағыламыз ба деп алаңдаулы. Бұған қоса су басқан елді мекендердегі тұрғын үйлерді жалға алғандар біржолғы өтемақыға қол жеткізе алмай жүр. Тағы бір өзекті мәселе – есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілген біржолғы әлеуметтік төлем сомасын екінші деңгейлі банктер олардың алған кредиттерін төлеу үшін ұстап қалып жатыр. Осыған орай сенатор қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, су тасқыны кезінде толық жойылу немесе жоғалу себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес тұрғын үйге келтірілген залалды өтеу, гараж, шаруашылық құрылыстар, монша сияқты тұрғынжай емес ғимараттарға және жиһаз, тұрмыстық техника тәрізді мүлікке келтірілген зиянның орнын толтыру, саяжайларда тұратын азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлем төлеу тетіктерін әзірлеуді, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен жеке не мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтарға біржолғы өтемақы төлеу және олардың материалдық шығынын өтеу тәртібін айқындауды, төтенше жағдай кезінде екінші деңгейлі банктердегі шоттары бұғатталған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Парламент Мәжілісінің Қостанай облысынан сайланған депутаты Екатерина Смышляева Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында қарғын су басқан үйлері бүлініп, апаттық жағдайда тұрған отбасыларға баспана беруге әкімдіктердің тұрғын үй қорлары жетіспейтіндіктен, олар жалдап тұрып жатқан пәтерлердің жалдау ақысын 50 пайыз мөлшерінде субсиядиялау туралы ұсыныс жасады. Мәжілісмен тағы бір өзекті мәселені көтеріп: «Қолданыстағы ереже бойынша қарғын су қайтқаннан кейін тұрғын үйлер мен аулаларды санитарлық өңдеу олардың иелерінің есебінен жүргізілуге тиіс. Алайда бұл шара қымбат тұрады әрі оны тиісті мамандар атқаруы қажет. Сондықтан санитарлық өңдеу жүргізу үшін бюджеттен қаражат бөлу және бұл жұмысты мамандандырылған ұйымдарға тапсыру қажет», деді.
Түйіндей айтсақ, мүдделі мемлекеттік органдар мен Парламент депутаттары биылғы алапат су тасқынынан тиісінше сабақ алып, азаматтық қорғау, төтенше жағдайлардан зардап шеккен адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында бірталай жұмыс атқаруы қажет. Әзірге жергілікті атқарушы органдар туындаған мәселелерді төтенше жағдай режіміне сәйкес шешіп жатыр.