Айбын • 04 Мамыр, 2024

Кәсіби сардардың өнегелі жолы

245 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Болат Жанасаев – ІІМ-нің кешегі Ішкі әскері, бүгінгі Ұлттық ұлан басшы­лы­ғының үнемі аузында жүретін есім. Бар­лық командир өздерін оның шәкірті санай­ды. Үлкенді-кішілі жина­лыста жеке құрамға атақты генералдың сөз­дері мысалға келтіріліп, басқару әдісі мен айтқан ой-пікірлері қанат­ты сөзге айналған.

Кәсіби сардардың өнегелі жолы

Жүрек қалауымен Отан қор­ғаушы ма­ман­ды­ғын таң­да­ған Болат Бақыт­жан­­­ұлының өмір жолына қарасаң, қа­ра­­пайым лейтенанттан – генерал-лей­тенантқа, взвод командирінен – ІІМ Ішкі­­ әскерлерінің қолбасшысы, Қорғаныс министрінің орынбасарына дейін өткен қызмет барысы бір кітапқа татырлық. Ол ел әскерінің қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосты. Кейіпкеріміздің замандас­тары мен әріптестерінен еліне елеулі еңбек еткен азаматқа деген құрметті байқау қиын емес.

Алматы облысындағы Еңбек­ші­қазақ ауданы, Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласы­ның құрметті азаматы атанған Болат Бақытжанұлы – кеңес одағының маршалы Конев атындағы Алматы жалпыәскери командалық училищесінің түлегі. «Офицерлер шеберханасы» атанған әскери оқу орнында ол болаттай шыңдалып, алмас қылыштай қалыптасады. Саптық және дене дайындығы, қару қолдану тәсілдері, әскери киім кию үлгілері мен өмір сүрлеуінен өткен ұлағатты ұстаздарының берген білімі жас курсантты шыңдады.

Болашақ генерал курсанттық кезінен бастап үлкен үміт күтетін азамат екенін көрсетті. Бұл оның спорттық, мәдени жан-жақты дамуы әскери саладағы болашақ жеңістерінің іргетасы еді. Айналасын түгел қамтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Тіпті Дінмұхаммед Қонаев әскери оқу орнына келген кезде курсант Болат Жанасаев республика басшысымен тілдесу мүмкіндігіне ие болған. Жалындаған өрен кеңестік генералитет пен ел ағаларының арасында еш қысылмастан ойын еркін білдірді.

Білім жолындағы курсанттық кезең аяқталып, жас лейтенант өмірінің жаңа сатысына қадам басты. Кеңес өкіметі салтанат құрған кезде Отан ұғымының аясы да, алып жатқан аумағы да кең болғаны түсінікті. Жас лейтенантқа бірден Германияға жолдама берілді. Бұйрықтың аты – бұйрық! Туған шаңырағынан алшақтық жас офицердің жа­лы­нын сөндірген жоқ. Кері­­сінше, оның бойындағы жаңа­шыл­­дыққа, биіктерге деген қы­зы­­ғушылығын арттыра түсті. Алғашқы қызмет жолын Германиядағы кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасары болудан бастап, кейінде Сібір әскери округінде батальон командирінің орынбасары, батальон командирі қызметін жалғастырады. Киев әскери округінде өзін жақсы қырынан көрсеткен сарбазды жолдамамен Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы әскери академиясына оқуға жібереді.

80-жылдар аяғында Орта Азия елде­рінде тұрақтылықты қам­тамасыз ету мәселесі өткір қойылды. Орта Азия ұлт­та­рының іштей дербестікке ұмтылуы, тарихи сахнадан өз орнын іздеуі, алып елдердің мүдделерінің тоғысуы осы аймақта саяси-әлеуметтік қиын­дықтардың пайда болуына итермелеген еді. Оның үстіне қызыл империяның құлдырау кезеңі де таяп қалғанын көпшілік сезген. Қара халық былай тұрсын, «орталық» тарапынан алып мемлекетті сақтап қалу, тіпті болмаса ыдырау үрдісін бейбіт түрде, қан-төгіссіз, адам шығынынсыз жүзеге асыру мақсаты қойылды.

Сол жылдары ұлтаралық қатынастар шиеленісіп, ортақ үйіміздің әр түкпірінде қақтығыс ошақтары пайда болды. Дәл осы қиын-қыстау уақытта КСРО Ішкі әскері­нің Орта Азия мен Қазақстан бойынша жаттығу полкінің командирі лауазымына Болат Бақытжанұлын мол тәжірибесіне сеніп тағайын­дайды. Іргесі шайқалған импе­рияның жан-жағын алауыз­дық оты шарпыған кездері Ішкі әскердің жауынгерлері ба­рынша арағайындық танытып, бейбітшілік миссиясымен қар­сы­ласқан тараптарды ажыратты.

Ферғана мен Бакудегі, Таулы Қара­бақтағы қақтығыстарда және тағы басқа оқиғалар кезінде құқықтық тәртіп әскер­лерінің арқасында қаншама бейбіт тұрғынның өмірін қатерден арашалады. Қаншама азамат отбасыларына аман оралды. Осы аумақта бейбіт жағдайды қалыптастыруға КСРО, Гер­мания армиясындағы далалық оқу-жаттығуларда тәжі­ри­бесін шындаған Болат Бақыт­жан­ұлы бір адамдай атсалысты. Сардардың мұндай ерлігі барын біріміз білсек, енді біріміз білмейміз.

Десе де, сол кездегі ерен ерлікті тарих әлі де айшықтап береді деп санаймыз. Уақыт өте әр жердегі көтерілістердің себебімен алып мемлекет КСРО-ның шаңырағы ыдырап, бірнеше мемлекетке бөлінді. Осылайша, біздің елде Тәуелсіздік таңы арайлап атты. Әрине егемендік алып, қуаныш сезімі көкірегімізді кернегенмен, еліміздің қоғамдық өмірінде қордаланған көп мәселе шешімін күтіп тұрған еді. Соның ішінде ең маңызды міндеттердің бірі – еліміздің Қарулы күштерін қалыптастыру.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Болат Бақытжанұлының өмі­рін­де тағы бір жаңа кезең бас­талды. Ел сенім артып Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымының депутаты атанады. Жауапкершілігі мол қыз­метте жүріп, егемен елдің армиясы­ның іргетасын қалауға бар ынтасымен кіріседі. Себебі ол әскери өмірдің қиын да қызықты сүрлеуінен өткен, тісқаққан офицер болатын. Әскерге қатысты мәселелерді атүсті қарамай, оңтайлы шешілуін тікелей қадағалады. «Қазақстан Республикасы Қарулы күштері туралы», «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы», «ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңдар мен тағы да басқа заңдардың жобасын жасап, қабылдануына үлесін қосты. Әскерге қатысты кез келген мәселенің басы-қасында жүрді. Қоғамдық мәселелерге белсене араласып, өзінің пікірін батыл білдірді. Қандай да бір шешімі шиырланған проблеманың оңтайлы жолын таба білу аздық етеді, оны үлкен мінберден жетесін жеткізе өткір айта білу екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Осы тұрғыдан келгенде де кейіпкеріміздің қайраткерлік қыры айқын көрініп тұр.

Әскеріміздің құжаттамалық негізі қаланғанымен, әлі де іске асыру жағы ақсап тұрған. Жалпы, халықтық күн көрісі секілді әскерилердің де жағдайы көңіл көншітпейтін деңгейде еді. Сөзден іске кірісу – уақыт талабы. Болат Бақытжанұлының мол тәжірибесі ескеріліп, 1994 жылы оған Ішкі әскердің тізгіні сеніп тапсырылды. Міне, содан бергі өмірі құқықтық тәртіп әскерімен етене байланысты. Елдегі экономика­лық қиындықтарға қарамастан, жауын­герлердің рухын көтеру соның негізгісі болды. Мемлекеттің қорғаныс әлеуетінің жағдайы Ішкі әскермен тікелей байланысты болғандықтан, ең алдымен жауынгерлік даярлыққа үлкен көңіл бөлінді. Әскери қызметшілердің жала­қылары кешіктіріліп, материалдық-тех­ни­калық базасының нашар­лығы, кадр тапшылығына қара­мас­тан, жауынгерлік даярлықты жоғары деңгейге көтеру талабы қо­йылды. Бұл айтқанға оңай көрінгенімен, іс жүзінде жүзеге асыру оңайға соқпасы анық болатын.

Ерекше тоқталатын бір жайт, сол кезде адамдардың үмітін ояту, болашаққа деген сенім ұялату қиынның-қиыны еді. Кейде жылы сөзімен, кейде қатаң тәртіппен қойылған тапсырманың үдесінен шығу керек болды. Сондай-ақ ол офицерлерден жаңа заманның ағымынан қалмауды қатал талап ете білді. Әскердің бір орында тұрақтап қалуын қаламады. Офицерлердің білімін жетілдіруге, тәжірибе жинақтауына ерекше көңіл бөлді. Командир жылы кабинетте отырып, бұйрық беруші емес, жеке құрамның ыстық-суығына бірге тоңып, қиын жағдайдан қиыстыра жол тауып кетуі қажеттігін үнемі айтып жүрді. Өзі де осы ұстанымда болды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық әскери бөлім мен жеке роталарды, әскери қалашықтарды аралап шықты. Сондай сапарларында қарамағындағы әр командирдің уәжі мен ұсыныстарын мұқият тыңдай білді.

Осындай сабырлылықтың арқасында Ішкі әскердің қалып­тасып, аяғынан тік тұрып кетуіне қосқан ұшан-теңіз үлесін айтып жеткізу мүмкін емес. Жауын­герлердің тамақтануы мен жаңа ғимараттарды салу секілді үлкен­ді-кішілі мәселелердің шешілуіне атсалыс­ты. Қандай істі қолға алмасын соңына дейін жеткізуге бар ынтасымен кірісті. «Мүмкін емес» деген сөз тіркесі генерал-лейтенант Б.Жанасаевтың сөздігінде болмайтын. Сондықтан болар, «Жанасаев келеді» дегенді естіген кез келген әскери бөлім алдына жарты жыл уақыт салып, қолбасшыларының сапарын күтетін. Кез келген істі нәтижемен аяқтауы қол­астындағылардың да сенімін арттыра түсті. Жеке құрамның жүректеріне жалын отын тұтату қасиеті нағыз сардарға бұйырған. Ең бастысы – әскердегі жеңімпаз рухты қалыптастыру. Рухы мығым әскердің алдында алынбайтын қамал болмайды. Ішкі әскердің қызметі күрделі кездерде оны қолына алып, биік деңгейге көтеру тек іскер, еңбекқор, батыл, елжанды және өр мінезді тұлғалардың қолынан келер.

2000 жылдан кейін кәсіби сардар, генерал-лейтенант Болат Жанасаев басқа лауазымды қызметтерге ауысып, абыройлы қызметін жалғастырды. Десе де, Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның тарихында өшпес із қалдырды. Дарабоз тұлғаның бүгінгі отаншыл жастарға үйретер тәлімі мен тәжірибесі аз емес.