10 Қаңтар, 2015

Өнер – халықтікі

792 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Жанакорган-3 Жаңақорған ауданының өнерге деген көзқарасы мені бұрыннан толғандыратын. Өйткені, есімді білгелі сол өнердің айналасында жүрмін. Қазақша айтқанда, сол терінің бір пұшпағын илеп келемін. Ауданның мәдениет саласын басқардым, аудандағы Әлшекей атындағы өнер мектебінде директор болып істедім. Осы уақыттар ішін­де көргеніммен, көңілге түйгендеріммен оқыр­манмен бөлісейін. Біреу келісер, біреу келіспес... Сүгірдің ұстазы саналған дәулескер күйші Әлшекей атамызға марқұм Б.Байкенжеев жүгіріп жүріп өнер мектебінің атын алып берді. Сол өнер ордасында директор болып қызмет істеп жүрген кезімде мектептің 30 жылдығы қарсаңында білім ұясының алдына Әлшекейдің бюстін қоюға ұсыныс айтып, аудан басшыларынан бастап облыс әкіміне дейін бардым. Бірақ ешкімнен қолдау болмай, талабым тасқа шағылды. Содан соң өз күшімізбен мектептің қабырғасына «Бұл жерге 1992 жылы Сүгірдің ұстазы дәулескер күйші Әлшекейдің аты берілді» деп бір жағына, екінші жағына «1972-1992 жылдары Б.Байкенжеев өмірінің соңғы күндеріне дейін директор болып қызмет істеді» деп қара граниттен естелік тақта қойдырдым. Мен ол жерден қызметтен кеткен соң қай ақылгөйдің айтқанын білмеймін, қара тастан естелік тақта қоюға болмайды деп алдырып тастапты. Оны алып тастағанда кімді мұқатпақшы болды екен. Мені ме, әлде Әлшекей мен Бексұлтанды ма? Меніңше, бұл істен тек өнерге зиян келді. Қазақтың ән өнеріне «Ақбаян», «Ақшолпан», «Жеңешем», «Жаңақорған», т.б. көптеген елге танымал әндерді алып келген Б.Байкенжеевтің өмірінде болған мына бір оқиғаны үлкендер ұмыта қоймаған болар. Бекеңнің үстінен арыздар жазылып, күн көрсетпеген соң ол Жаңақорғанды тастап, Алматыға кетіп, 3-4 жыл жүріп қайтқан болатын. Дарынды актер, режиссер, драматург, әнші, ақын Ә.Мәжитовтің өнердегі тағдыры да кісі қызығарлықтай болды деп айта алмаймын. Алланың берген керемет өнері бола тұра, мәдениет саласынан қызмет таба алмай әр жерде жұмыс істеп жүрді. Өмірінің соңғы жылдарында бес-алты жыл мәдениет саласында қызмет істеп, қандай нәтижеге жеткенін білеміз. Ашаршылық тақырыбына жазылған «Бір үзім нан» атты драмасына биліктен, не болмаса жеке адамдардан қолдау таппай жалғыз сиырын сатып Алматыға келіп, М.Әуезов атындағы акедемиялық театрында көрсетуі ерлік емей не? Егер өзі сүйген өнер саласында жүргенде қаншама шығарма жазған болар еді. Өкінішті-ақ. Өмірден өткеннен соң да құрметтеліп жатқаны шамалы. Артында қалған сүйікті жары, ұл-қыздарының арқасында аты аталып келеді. Болмаса Ә.Мәжитов атындағы халық театрларының облыстық, республикалық байқауын екі жылда бір өткізіп тұрса, қандай ғанибет болар еді. Ол да аудан басшылығының өнерге деген көзқарасының салғырттығынан. Ал айтыстың ақтаңгері атанған М.Көкеновтің көзі тірісінде қаншалықты басшылардың құрметтегенін білмеймін. Қайтыс болғаннан кейін осы уақытқа дейін Манап ақынның атына лайық бірде бір іс-шара өткен емес. Егер де келген қонақтар атақты М.Көкенов атындағы көше қайсы десе не басының, не аяғының қайсы екені белгісіз көшені көрсетуге ұят. Ал ол кісінің замандастары Е.Қоңқабаев, М.Райишева туралы айтатын сөз де жоқ. Есіркеп Қоңқабаев ағаның ұлы Бөрібай көкеміз қайта-қайта айтып жүріп әкесіне бір көшенің атын алып берді-ау, әйтеуір. Жаңақорған ауданында музыка саласындағы сауат алған бірінші маман. Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай сезілетін «Қаракөзайым», т.б. тамаша әндердің авторы Бекеңнен (Байкенжеев) бастап бәріміз ұстаз санайтын Н.Жаманбаев ағамыз туралы аудан басшылары білмейді де ғой деймін. Жасырақ кезінде белгілі ғалым Б.Алияров ағамыз ұстазды еске алу концерттерін ұйымдастырып тұратын. Соңғы жылдары ол кісі де шаршады, әрине. Біздің елде іздеушісі жоқ адамдар естен шығып қала беретіні қалай? Ондай кісілер бар. Мысалы, Нартаймен бірге қызмет істеген ерекше өнер иесі Күндебай, Нартайдың шәкірті Т.Айбергенов арнап өлең жазған Құтбай ақын, ауданда алғаш халық театрын ұйымдастырған М.Райишевалар. Ал ауданның мәдениет саласының бастығы даталы күндерге арналған мерекені тойлаудан басқа ешнәрсе білмейді. Аудандағы өнерге деген осындай көзқарасты сезген соң С.Елеуов, Д.Сыздықовтар да елден кетті. Олары дұрыс та болған екен. Дүйсенханның Жаңақорған туралы жақсы әні болатын, кейін аты өзгеріп, басқа ән болып кетіпті. Бұрын Дүйсенханның мұнысы қалай деп іштей ренжіп жүретінмін. Кейін түсіндім.Деректі фильм режиссері К.Омаровтың ұсынысымен Қалиланың сөзіне жазылған «Жәннатым – Жаңақорғаным» атты ән жаздым. «Сол әнімді жарыққа шығару үшін демеуші болыңыз», деп аудан әкімінің алдына неше рет бардым. Осы мәселемен әкімнің орынбасарларына, мекеме басшыларына, қалталы азаматтарға өтініш жасадым. Көрерміз деп шығарып салудан аспады. Алматыға келген соң ол туралы естіген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты академик Амангелді Саданов ағамыздың арқасында ән жарыққа шықты. Ол кісіге үлкен рахмет, Алланың нұры жаусын! Ал көрші Шиелі ауданында Шиеліге арналған қырықшақты ән бар. Ар жағын өздеріңіз ойланып қорытынды жасай беріңіздер. Мен, жұмыс сұрап /қызмет емес/ аудан әкімінен бастап мәдениет бөлімі, білім бөлімі бастықтарының алдарына барып шықтым, нәтижесіз. Маған қатты батқаны ауданның облыстағы есеп беру концертіне қатысайын деп өтініш жасағанымда, сол концертке қатыстырмағаны. Елбасының Жарлығымен берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы бар аудандағы жалғыз өнер иесі бола тұрып, сүйікті сахнама жете алмағаным жаныма қатты батты. Шындығында, ауданнан шыққан бірде-бір өнерпазымыз елге келіп өнер көрсеткен емес. Бұрнағы жылы Д.Сыздықов елге барып Роза Рымбаева, тағы да басқа белгілі өнерпаздарды ертіп апарып тегін концерт көрсеткенде, бүкіл ел алақанына салып отырған Қазақстанның халық әртісі Рымбаеваға аудан әкімі келіп ілтипат білдіруге жарамағанын қалай түсінеміз? Қазақтың айтыс өнерінде ерекше орны бар Әбілқайыр Сыздықовтың мақалада жазғандай, аудандық емханада жұмыс істеуі елдігімізге сын, өнерге жасалған қиянат емес пе? Қазақтың Островскийі атанған қайсар ақын, жерлесіміз Нұртас Исабаев былтыр 60-қа толды. Өткен жолы кездескенімде: «Енді қанша жасайтынымды Алла білер, осы мерейтойым аталмай қалады-ау!», деп қамығып отыр. Қазақтың қазіргі көрнекті ақындарының бірі Есенғали Раушанов Келінтөбеде орта мектепті бітірген. Ертеректе бір кездескенімде: «Әбдірейім, менде бір азаматқа жететін абырой-атақ, қызмет, бедел бар. Жылда 1 қыркүйекте Келінтөбеге, өзім оқыған мектепке жаңа оқу жылының бас­талуымен құттықтап жеделхат жіберемін. Балаларым: «Әке сізді іздеп жатқан ешкім жоқ қой, оны кімге жібересіз?», – дейді. Шынында да, Жаңақорғаннан мені іздеп жатқан ешкім жоқ», деп өкпесін білдірген болатын. Сол кездегі аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаевқа келіп, Есенғалидың өкпесін айтқанымда: «Жарайды, осы күзде шақырып, кездесу өткізейік», – деген еді, ол кісі ауысып кетіп, ол да аяқсыз қалды. Мен қазір Есенғалимен кездесуге ұялып жүрмін. Баяғыда күйеуі өлгенде бір апамыз: «Қай қылығыңды айтып жылайын», деген екен. Сол айтпақшы, қайсы бірін айта берейін. Өнер халықтікі, ал халықтың иесі сол елдің басшылары болғандықтан, өнер иелеріне басшылардан қамқорлық болуы тиіс. Шығыстың жеті жұлдызының бірі Хафизге Ақсақ Темір айтыпты: «Ақыны әкімін іздеген ел бақытсыз, әкімі ақынын іздеген ел бақытты», деп. Мүмкін аудандағы кейбір кемшіліктер өнер адамдарын, құрметті азаматтарын әкім бауырларының іздемегендігінен болар. Мұның бәрін жазып отырғандағы мақсатым – іштегі ойларыммен бөлісу және осы айтылған жағдайларды оқып, аудан басшылары ойланар деген үміт қой. Басқа ниеттен аулақпын. Әбдірейім ӨМІРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қызылорда облысы.