Сұлтан Жиенбаев – еліміздің саяси өмірімен бірге жасасып келе жатқан қайраткер. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларға куә ғана емес, оған белсене араласқан азамат. Күні кеше Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы атап өтілгенде, сол соғыста ерлік көрсеткен санаулы адамдардың қатарында Сұлтекең Мәскеуге де барып, үлкен тойға қатысып қайтты. Сол сұрапыл соғыстан еске алатын жайлар көп. Басқасын айтпағанда, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бір құрылымда бірге қызмет атқарды. Өзі қатты жараланғанда, Мәншүктің жәрдем бергенін, жігерлендіргенін ол еш уақытта ұмытпайды. Соғыстан кейін Сұлтан Жиенбаев елді қалпына келтіру жұмысына белсенді қатысты. Оның үлкен ұйымдастырушылық қабілетін аңғарып, республика басшылығы оны жауапты жұмыстарға жіберді. Қырық жылдай темір жол, сауда саласында, партиялық және мемлекеттік жұмыста басшылық қызметте болды. Сегіз жылдай республика Сауда министрі, он бес жыл бойы республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Өмірінің сол тұсын айтқанда, Сұлтекең қазақтың біртуар азаматтары, үлкен қайраткерлер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Бәйкен Әшімұлы Әшімов, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтар туралы тебірене әңгіме қозғайды.
– Үлкен қайраткерлер туралы, олармен қарым-қатынаста болғаның туралы айту қиын. Олармен араласқанды айтқан-да, мақтанғандай көрінесің. Бірақ тағдыр деген бар, сол тағдыр мені сол адамдармен қызметтес етті. Тіпті отбасылық араласуға да, жақын жүруге де жазды. Сонда реті келгенде олар туралы айту парыздай көрінетіні де бар. Негізгі әңгіме Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы болғанмен, мен сөзді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан бастағым келіп отыр. Назарбаевтай жас та болса алғыр басшыны алғаш таныған Димекең ғой.
– Біз де, Сұлтеке, халқымызға айрықша қызмет еткен осынау екі басшының қарым-қатынасы туралы сұрамақшы едік, өзіңіз бастап кеттіңіз...
– Димекеңді ерекше жақсы көргендіктен ғана емес, осы екі тұлғаның арасында өзім аңғарған байланыстың барлығынан да солай етіп отырмын. Димекең жарықтық республиканың ширек ғасырдай бірінші басшысы болды. Ешкім оған көп отырдың деген жоқ. Қайта Мәскеудің жетесіз басшылары оны орнынан алғанда, қазақ жастарының бас көтергені де көп жайды аңғартады. Елді одан әрі басқара бергені жөн еді дегендері ғой бұл. Сол Димекең адам танығыш еді. Ол таныған адамдардың ішінде кездейсоқ келгендер болмайтын. Бүгін келіп, ертең кететіндер кездеспейтін. Соның арқасында басшылықта аласапыран ауыстыруға жол бе-рілмейтін. Енді Димекең мен Назарбаевтың қатысына келсек, жетпісінші жылдардың аяғында Қарағандыда республикалық партия активінің жиналысы өтті. Оған Қонаевтың өзі қатысты. Сонда сол жиналыста сөз сөйлеп, келелі ой айтқан жалынды жас партиялық қызметкердің алғырлығына риза болыпты. Ол Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Алматыға келген соң Димекең осы жиналыста сөз болған мәселелерді Орталық партия Комитеті Бюросының мүшелеріне кеңінен айтып берді. “Облыстық партия комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев деген алғыр, білімді маманды Орталық Комитет хатшылығына ұсынсам деген ойым бар”, деген еді Димекең. Кейін Орталық Комитет пленумында бірінші хатшының ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыға келген соң, жақсы араласа бастадық...
– Осы жерде сөзіңізді бөлейік, Сұлтеке, сіз бұған дейін Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен жоқ па едіңіз?
– Иә, ұмытып барады екем, мен Нұрсұлтан Әбішұлын 60-шы жылдардың аяғында кездестіргем. Онда мен республика Сауда министрі едім де, іссапармен Теміртауға бардым. Онда Нұрсұлтан Назарбаев қалалық партия комитетінің хатшысы екен. Барған жұмысым бойынша жағдаймен таныстым, хатшымен пікір алмастық. Маған ол айрықша әсер қалдырды. Жағдайды жан-жақты білетіндігімен, мәселені терең пайымдайтындығымен, пікірін жетік жеткізетіндігімен, ерекше шешендігімен мені таңдандырды. Қазақтың жас қырандай өткір бір баласы самғап ұшқалы тұрғандай көрінген. Менің алдыма да қордаланып қалған біраз мәселелерді ақтарып салды. Кейін өз тарапымнан, министрдің қолынан келетіндей дәрежеде, сол мәселелерді шешуге көмек қолымды создым.
– Сол таныстығыңыз кейін Нұрекең Орталық Комитеттің хатшысы болған кезде жалғасын тапқан шығар?
– Әңгіме мынада: ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болса, мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының жеңіл өнеркәсіп жөніндегі орынбасарымын, былайша айтқанда, екеуміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Жаңа қызметтің қыр-сырын Нұрекең бұрыннан да біледі. Тек жұмыстың ауқымы өзгерді. Бұрын бір облыс мәселесін қамтыса, енді республика көлеміндегі мәселелерді шешуге тура келеді. Оның үстіне, күні кеше өндірістің өзінде тікелей жұмыс істегені бар, сол мәселелерді жанымен сезінеді десе де болады. Ол заман – партияның дегенімен жүрген заман. Өмірдің барлық саласындағы саясатты партия белгілейді. Республика экономикасының өзекті саласы – өнеркәсіп дамуының бағыт-бағдарын белгілеу және оған басшылық жасау Нұрекеңе жүктелді, бұл міндетті ол абыроймен атқарды деп айта аламын. Көп нәрсені көзіммен көрдім. Біраз мәселені бірлесіп шештік. Орталық Комитет пен республика Үкіметі арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Партияның басшылық рөлін алға тосып, үкіметтік құрылымдарға тізесін батырған емес. Онымен кездескен жұрт сөз естимін деп емес, мәселені шешіп қайтамын деп баратын.
– Арада енді бір бес жыл өткенде, Сұлтеке, сізге Нұрсұлтан Әбішұлымен тікелей бірге жұмыс істеуге тура келді.
– Осы жерде тағы да Димаш Ахметұлын еске алғым келіп отыр. Сол тұста Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысының қатысынсыз респуб-ликаның басшы қызметіне ешкім тағайындалмайды. Біріншінің өзі ұсынады, әйтпесе ұсынысты сол адам мақұлдайды. 1984 жылы Үкіметті ұзақ уақыт басқарған Бәйкен Әшімұлы Әшімов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметіне ауысты. Оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Бұл Димекеңнің таңдауы екендігінде дау болмаса керек. Сол тұста тәжірибесі де бар, іскерлігімен де көрінген азаматтар баршылық еді. Басқасын былай қойғанда, облысты басқарып отырған білікті азаматтарға да бұл қызметті тапсырса, алып кететіні анық. Бірақ Димекең, болашақты ойлады білем, 44 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевқа тоқтаған. Арғысын айтпағанда, сол Орталық комитеттегі бес жыл хатшылық қызметінен оның ауқымдылығын, ел басшысына лайықты қасиеттерін аңғарғаны анық. Терең білімді, кез келген аудиторияны баурап алатын туа бітті шешендік қасиет бойына дарыған Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездегі Одақтағы ең жас Премьер-Министр болды.
– Бұған дейін сіз 14 жыл Үкімет басшысының орынбасары болып қызмет атқардыңыз. Жаңа Үкімет Төрағасын бұрынғылармен салыстыруға мүмкіндігіңіз бар. Осы ретте не айтар едіңіз?
– Бұл жерде алдымен халқымыздың абзал азаматы Бәйкен Әшімұлы көңілге оралады ғой. Дүниеден озғанына да көп бола қоймаған Байекең де кемеңгер қайраткерлеріміздің бірі болды. Тіпті қызметінен кеткеннен кейін де ол сол кемеңгерлігінен айныған жоқ, халқымыздың абыз ақсақалына айналды. Ал оның қызметіне келсек, ол байсалды да парасатты басшының өнегесі деп сипаттауға лайық. Әлденеге асып-сасу, қиындықта абыржып қалу ол кісіге жат еді. Тек өзі ғана емес-ау, ол жетекшілік еткен үлкен басқару органы тиянақтылықпен, үйлесімділікпен, байыптылықпен жұмыс істеді. Арпалыс болмайтын. Содан да осынау қызметте ол ұзақ отырды. Оған партия да, Димекең де үлкен сенім артты. Енді сол Байекең мен оның орнын басқан Нұрекеңді салыстырар болсақ, ұқсастығы да көп, ерекшеліктері де бар дер едім. Басты ұқсастық – екеуі де жұмысқа барынша берілген, ел мүддесіне барынша адал басшылар болды. Ерекшелік дегенде, Назарбаев жігер-қуаты тасыған жас басшы, оған білімдарлығын қосыңыз. Әйтеуір осы екі қайраткерді салыстырған соң, Назарбаевтың Әшімовтен алған өнегесі де аз болмаған шығар деп ойлаймын. Мұны, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де Бәйкен Әшімұлының 90 жылдығында арнайы айтты да. Ал менің сонда байқағаным, жаңа төраға өзінен бұрынғы басшының атына сын айтқан емес, оның атын қадірлеп айтып отыратын.
Ол қиын кезең еді. Кеңес Одағының экономикасы мен халық шаруашылығында тоқырау байқала бастаған кезде келген Назарбаев оның республика экономикасына дендеп енбеуі үшін күресті. Одақтық үкіметпен, оның министрліктерімен тығыз байланыста болып, көп мәселелерді шешіп отырды. Осы жерде оның кіммен болса да, қай деңгейде болса да тіл табысу қабілетін ерекше атап өткім келеді. Ол тек өз республикамызда ғана емес, одақтық көлемде беделге ие бола бастады. Оның пікірімен сол одақтық деңгейдегі басшылар да санасатын. Бұл республикамыз үшін маңызды мәселелердің оң шешілуіне жағдай жасады.
– Әрине, сол тұста партияның дегені болып тұрды да, республиканың бірінші басшысы саналатын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың беделі күмән тудырмайтын, ал іс жүзінде Үкімет басшысы республикада екінші тұлға болды. Осы екі басшының ара қатынасы жөнінде кейде әртүрлі әңгімелер естіліп қалады.
– Жоғарыда Дінмұхамед Ахметұлының Орталық комитеттің хатшылығына Назарбаевты қалай ұсынғанын және оның бәрі ашық түрде жүргізілгенін айттым. Ол кезде жасырын әңгіме, әлдебір топтың тықпалауы дейтін болмайтын. Қабілетімен көрінген адамға қолдау көрсетілетін және ол ашық айтылатын. Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысы болып тағайындалғаннан кейін Дінмұхамед Ахметұлының Бюро мүшелеріне: “Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз мол, Нұрсұлтанға барынша қолдау көрсетіңіздер. Түбінде елді басқаратын осы болады” дегенін өз құлағыммен естігем. Мен ғана емес, басқалар да естіді. Алғашқы кезде-ақ Нұрекең Үкімет басшысы болып сайланғаннан кейін болашақ ел билігінің тізгінін осы адамның ұстайтынын аңғарғанбыз. Өзара әңгімеде солай дейтінбіз. Рас, сол тұстағы тоталитарлық жүйе, Мәскеудің өктемдігі Димекеңнің өзі таңдаған адамға ақ тілекпен билік тізгінін ұстатуға мүмкіндік бермеді. Араға Мәскеудің қолдауымен келген Колбин дегеннің киліккенін де жұрт біледі. Бірақ бәрібір ақырында Димекеңнің сол таңдауы, ақ тілегі жүзеге асты. Менің пікірімше, Нұрсұлтан Әбішұлының Үкімет басшысы болған уақыт оның республиканың бірінші басшылығына дайындық кезең болды. Бұл мектеп жас басшыға көп нәрсені үйретті, оны шыңдады, самғап биікке көтерілуіне жағдай жасады. Қонаев сол тұста Одақ көлемінде беделді басшы еді. Әсіресе, Орта Азия елдерінде айрықша беделге ие болды, ол өзінің байыпты кемеңгерлік қалпынан айнымайтын. Кадрларға аса сақтықпен қарайтын, оларды сапырылыстырып, ауыстырып жатпайтын. Ешкім де өзін қашан ауыстырар екен демей, адал, ізденімпаздықпен жұмыс істесе, еңбегі бағаланатынына, болашағына толық сеніммен қарар еді. Халық арасында да Димекеңнің беделі жоғары еді. Менің ойымша, Мәскеудегілер Қонаевтың сол беделін артық көрді. Оларға қай жерде де өз дегенінен шықпайтын, басын шұлғып отыратын адам керек еді.
Дінмұхамед Ахметұлымен қызметте де, өмірде де жақын араласқан адаммын. Көрші тұрдық. Оның Назарбаевқа көзқарасын, ол жайындағы пікірін бір адамдай білемін дей аламын. Димекең Нұрсұлтан Әбішұлына жақын ізбасарындай айрықша қамқорлықпен қарады. Оның бастамашылық қадамдарын барынша қолдап отыратын. Өз кезегінде Нұрекең де Димаш Ахметұлына үлкен құрметпен қарады.
Назарбаевтың Мәскеу жіберген Геннадий Колбинмен тіл табысып жұмыс істегені де біле-білген адамға көрегендіктің көрінісі. Колбиндей әпербақанға бар билікті ұстатып, сырт қалып қойғанда, не болар еді? Әйтпесе Назарбаевтың орнында Меңдібаев сияқтылар болғанда, жағдайымыз қандай күйге түсер еді. Мәскеудің тоталитарлық тегеурініне төтеп беріп, қиын-қыстау кезеңде жұмыс істеуге тура келді. Менің өз басым Назарбаевтың сол тұстағы еңбегін, қолынан келгенше республиканың, ұлтымыздың мүддесі үшін табандылық көрсеткен күш-жігерін жоғары бағалаймын. Ел мүддесі үшін кіммен болса да тіл табысып жұмыс істеу көп адамның қолынан келе бермейтін өнер. Сол өнер кейін Назарбаевтың республиканың бірінші басшысы болуына, елімізді дамудың жаңа биіктеріне көтеруге мүмкіндік берді.
Республика Үкіметінде Назарбаевтың басшылығымен бір жылдай бірге қызмет істедік. Бұрынғы қызметтегіні қоса алғанда, оның жұмыс стилін жақсы аңғардым деуіме болғандай. Іскер басшы, білімдар басшы, бастамашыл адам ретінде жадымызда қалды. Жоғарыда айтқандай, оның Үкіметтегі төрағалық қызметі ел басшысы дейтін биік мансапқа көтерілердегі биік тұғыр болды. Бұл тұғырға талайлар шыққан. Бірақ одан да биікке көтерілу Қонаев пен Назарбаевтың ғана пешенесіне жазылыпты.
– Үкімет басшысы болып Назарбаев келгеннен кейін бір жылдан соң зейнеткерлікке шығыпсыз...
– Сұрағыңның аяғын айтқызбай-ақ жауабын берейін. Мені қудалаған жоқ, жасым зейнеткерліктен біршама асып та кеткен болатын. Әдепке жүгінгенде де мен орнымды жастарға ұсынуға тиіс едім. Үкімет басшысы менен жиырма жастай кіші, жасымды сыйлап, маған қатаң талап та қоймауы мүмкін. Ал онымен өзі сияқты жігерлі жастардың жұмыс істегені мақұл. Бәрін ескеріп, зейнеткерлікке шығуды жөн санадық.
Осы жерде бір жағдайға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Зейнеткерлік дейтін ұғымға сыймайтын тұлғалар бар. Олар бұрын да болған, кейін де болды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да жасы сонда жетпістен асып кеткен еді. Ол ел басшылығының тізгінін мықтап ұстап отырды. Оның зейнеткерлікке шығуы туралы әңгіме айтудың өзі сонда оғаш көрінер еді. Ондай адамдардың үлкен ақыл-парасаты, халықтың арасындағы абырой-беделі елге қызмет етуге тиіс еді. Кейін оны Мәскеу кетуге мәжбүрлегенде, халықтың көтерілгені де заңдылық.
– Сіздің сол зейнеткерлікке шыққаныңызға да ширек ғасырдан аса уақыт өтіпті. Елге қызмет еткен, үлкен лауазымды қызмет атқарып, саяси өмірге де араласқан адамның зейнеткерлікке шыққан соң да елдің саяси өмірін қадағалап отыратыны даусыздай көрінеді. Үлкен өзгерістер болды. Тәуелсіздікке қолымыз жетті, елімізді әлем таныды. Осынау ұлы өзгерістердің басында бір кезде өзіңіз бірге қызмет еткен қайраткердің болғаны да сізді айрықша сезімге бөлер деп ойлаймыз...
– Еліміздің саяси өмірін қадағалап отыратынымызды дөп басып айтып отырсың. Бүгінгі өмір біздің кешегі өміріміздің жалғасы. Қарттық дендеп кетпесе, жұрттың бәрі сол өмірінің жалғасына бей-жай қарамайды. Болып жатқан жақсылыққа қуанамыз, қиындықтар біздің де жанымызға батады. Тікелей өзіміз араласып жатпағандықтан, сырт көздейміз ғой. Сол ширек ғасырдай уақытта елімізде жүзеге асқан істерге сырт көзбен баға берер болсақ, жақсылығымыз көп, көлеңкемізден күнгейіміз көп деп ойлаймын. Ең басты табысымыз дейік, халқымыздың бақыты дейік, ол – Тәуелсіздікке қолымыз жеткені. Аштықты да, тоқшылықты да көрген халықпыз. Ашыққан қарын тойынады. Тәуелсіздік халыққа бір-ақ рет беріледі. Халқымыз 300 жыл бодандықта болды. Тәуелсіздікті ғасырлар бойы армандадық. Басқаны былай қойғанда, күні кешегі КСРО тұсында да аштықты бастан кешірдік, біраз уақыт қолымыз аузымызға жетіп, тамағымыз тойды дегенде де тағдырымыз Мәскеудің қолында болып, жанымыз күйзелді. Арыстарымыз құрбан болып, халқымыздың қаймағы қалқып алынып тасталғаны, бертінде Колбин сияқтылардың кердеңдегені де сол тәуелсіздігіміздің жоқтығы еді ғой. Енді Тәуелсіздігімізге қол жетті-ау деген кезде ел басшылығының тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер адамның ұстағаны да халқымыздың бағы десек ләзім. Біреулер сол тәуелсіздік өзі келді деп, оның бағасын түсіргісі келеді. Оны ғасырлар бойы армандағанымыздың өзі не тұрады. Және сол тәуелсіздікті ұстап тұрудың өзі бізге қандай қиындыққа түскенін де жанымызбен сезіндік. Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, бұрынғы жүйе күйреген кезіндегі қиындықтарды көпшілігіміз көрдік. Дүкендеріміздің сөресі қаңырап бос тұрды, қарттарымыздың азын-аулақ зейнетақысын төлеуге де, дәрігерлер мен мұғалімдердің жұтаң айлығын төлеуге де қаржы табылмай, ел қиналды. Сол қиындықтан шықтық. Ширап шықтық десек те артық емес.
Біреулер біздің тәуелсіздікпен бірге келген табысымызды, оған Елбасының парасатты басшылығының арқасында қол жеткенін жете бағалай алмайды немесе бағалағысы келмейді. Оған да өре керек шығар. Басқаны былай қойғанда, басқа елдермен салыстыруға болады ғой. Орта Азия елдеріндегі жағдаймен біздің елдің жағдайын салыстырсаң да оған көз жетеді. Әркім өздерін басқалардан кем санамас, бірақ тапжылтпайтын цифрлар кімнің кім екенін нақты айтып береді. Жан басына шаққандағы табыс жөнінде қырғыздардың бізден он еседей төмендігін соңғы кезде жұрт мысалға көп келтіріп жүр. Өзбектердің деңгейі де біздікінің жартысына жетпейді. ТМД-ның Еуропа аймағындағы мүшелері де бізге бағыт түзеп отыр. Экономикада ғана емес, саяси өмірдегі жағдайда да біздегі тұрақтылыққа көп елдер қызыға қарайды. Біреулерде әртүрлі революциялар болып жатса, енді біреулер тұтастығынан айырылып, жапа шегіп жатыр. Егер ел басшылығында көреген адам отырғанда, айталық Молдавия өзінің бір бөлігі Приднестровьеден айырылар ма еді? Онда халықтың үштен бірі – орыс, үштен бірі – украин, үштен бірі – молдаван бола тұрып, сепаратистер қалайша өз ойларын жүзеге асырды дейсің. Ал біздің солтүстік облыстарымызда орыстардың үлес салмағы әлдеқайда көп болса да, Мәскеудегі талайлардың біздің жерімізге көз алартқанынан еш нәрсе шыққан жоқ. Біздің басшылығымыздың көрегендігі оған жол бермеді деуіміз керек.
Қазір біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағасымыз. Осындай мәртебеге басқа елдердің де жеткісі келеді. Бірақ үлес бізге тиіп отыр. Мақтануымызға болады. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі, бастамашылық қадамдары, зор халықаралық беделі арқасында жеткенімізге ешқандай дау жоқ. Сол үшін де Елбасының атына талай ризашылық сөздер айтуға болар еді. Бір бұл емес, оның бастамашылығымен еліміздің абырой-беделін көтеретін қаншама істер тындырылып жатыр. Жақында бір басылымнан Назарбаевтың бастамашылығымен жүзеге асқан оннан астам халықаралық деңгейдегі шаралар тізіп айтылыпты. Бәрі жөн. Бәрі де айтуға тұрарлық. Ондай істер жұрттың жадында жүреді. Ал мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне, ол тындырған үлкен істерге байланысты оның атын халқымыздың тарихында мәңгілікке жазатын үш мәселені бөле-жара айтқым келеді.
Оның біріншісі – Сарыарқаның төрінен Астана дейтін әсем қала орнаттық. Бүгінгі Астананы көруге көзбен бірге адал ниет те керек. Ол жай қала ғана емес, елдің тұтастығын ойлаған, халықтың бірлігін ойлаған кемеңгерлік саясаттың көрінісі. Солтүстік өңірде қазақтардың саны аздығы жұртқа белгілі. Әлдебір арандатушы күштердің солтүстік облыстарды Ресейге қосу жөніндегі әңгімені қоздырған кезде мұндағы қазақтардың қоңылтақсығаны да шындық. Дәл осы сәтте ел астанасын Ақмолаға ауыстыру жөнінде шешім қабылдағаны елдің тұтастығын нығайтқан батыл да үлкен саяси қадам болды. Мен өзім Алматыда туып-өскен адаммын. Қаламды жанымдай жақсы көремін, оның мәртебесінің өсе түскенін қалаймын. Бірақ астананың елдің орталығына көшкені халықтың тағдырын ойлаған, елдің мәртебесін өсірген көрегендік шара болды деп есептеймін.
Екіншісі – кезінде тарихтың тәлкегімен жер бетіне тарыдай шашырап кеткен, қандастарымыздың тарихи атамекеніне оралуына барлық жағдай жасалды. Алматыда өткен әлем қазақ-тарының алғашқы құрылтайында құшақ жайып қауышқан қандастарымыздың қуанышында шек болмағанын көрдік. Өздерінің қандастарын Отанына шақырған, оған барынша жағдай жасаған елдер шамалы. Израиль, Германия және біз. Ресей де мұндай елдер қатарына бізден кейін қосылды. Бәзбіреулер осынау үлкен істегі кейбір кемшіліктерді алға тосып, оған жөнді мән берілмегендей етіп көрсеткісі келеді. Кемшіліктер қай істе болса да болады, ең бастысы – Үкіметіміздің қандастарымызды елге қайтарып, оларға жағдай жасауды бағдарға алып отырғандығы. Бұл демографиялық мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздігімізге әсер ететін фактор, жалпы ұлттық дамуымыздың сара бағыты.
Үшіншісі – ата-бабаларымыздан аман жеткен мемлекеттік шекарамызды барлық халықаралық құжаттарға сай бекітіп алдық. Ол қазір халықаралық бас ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңсесінде тіркелген. Енді ешкім оған көз аларта алмайды. Атом қаруынан бас тартқан кезімізде де еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ядролық державалардың кепілдігін алғанымыз көрегендік болды. Сондықтан да, шекарамыз мығым деп айта аламыз. Жер дауы қай заманда да ең бір шетін мәселе болған. Көршілес елдердің арасындағы жанжалдардың көпшілігі осы жер дауынан ушығып жатады. Сол шекарамызды нығайту жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған зор ісін болашақ ұрпағымыз ризашылық көңілмен еске алатын болады.
Әрине, мен бұл жерде Нұрекеңнің атына байланысты басқа да талай ауқымды істердің маңызын кемсіткім жоқ. Тізе берсек, көп қой. Атом полигонын жабу, ядролық қарудан бас тарту, әлемдік дін басшыларының басын қосып, ынтымаққа ұйытқы болу, елдерді жақындастыруға байланысты қаншама халықаралық ұйымдарды құрудағы белсенділігі, басқа да бастамалары оның әлемдік деңгейдегі басшы екенін айқын сипаттайды. Ал мен осындай басшымен қызметтес болғанымды, оның шарықтап самғауына куә болғанымды мақтаныш етемін.
– Енді бір сұрақ, Сұлтеке. Бір кезде бірге қызмет істеген адам ретінде Президентпен хабарласып тұрасыз ба?
– Президенттің уақыты тапшы, оны бәріміз де білеміз. Сондықтан бұрын таныс едім деп, кездесуге сұрану артық. Бірақ Президент бізді ұмытпайды. 80, 85 жылдық мерейтойларымда құттықтап, құттықтау хаттар жіберді. Өзінің кітабына қолын қойып, менің атыма марапат айтып ұсынғаны бар. Бірге суретке де түстік. Біз сияқты ақсақалдарды Нұрекең ұмытпайды.
Әңгімелескен Мамадияр ЖАҚЫП.