Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың маңызды бағыттарының бірі халықтың барлық топтарын біліммен қамту болып табылатындығы атап көрсетілген. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев үш ауысымдық оқуды жою, мектепке дейінгі мекемелерде кезек мәселесін шешу, сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім жүйесін дамыту міндеттерін алға қойды. Елбасының бұл кешенді міндеттерін іс жүзіне асыру мақсатында елорданың білім беру жүйесі белсенділік танытуда.
Кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков көшпелі кеңес өткізіп, білім мекемелерінің жұмысымен танысты. Қала басшысы Оқушылар сарайында, сал ауруына шалдыққан балаларға арналған №64 «Асыл бөбек» балабақшасында, №6 гимназияда, Астана қаласының кәсіптік-техникалық колледжінде болды.
Елордадағы сәулетті ғимараттардың бірі – Оқушылар сарайы 2011 жылы желтоқсанда Елбасының тапсырмасымен салынды. Қазіргі кезде онда 9 мыңнан астам баланы қамтитын 109 үйірме жұмыс істейді. Мұнда жас жеткіншектердің шығармашылық және ғылым-білімдегі әлеуетін дамыту үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған Ұлттық интерактивті парк ашылып, ғылым, техника, спорт және өнердің барлық бағыттары бойынша интерактивті стендтер мен экспонаттардың үлкен кешені ұсынылған. Оқушылар сарайының жанынан ашылған жастар театры еліміздегі маңдайалды театрлардың бірі. Мұнда жұмысқа үздік жас әртістер мен режиссерлер тартылған. Парк Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына, оқушыларға ғылыми және мәдени танымдарға негізделген қызықты білім тәжірибесін ұсынады, сонымен қатар, жастардың ғылымға, жаңа нәрселерді зерттеуге, спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттырады.
Әділбек Жақсыбеков мекеме басшысына үйірмелердің және секциялардың қолжетімділігіне, балалардың демалыстарын қызықты өткізулеріне назар аударуды тапсырды, сондай-ақ, ата-аналардың балаларын секция мен үйірмелерге жазу кезінде ешқандай қиындықтарға тап болмауы тиіс екендігін ескертті. Қала әкімі жаңадан ашылған №64 балабақшада болып, арнайы жабдықталған медициналық кабинетте өткізілетін емдеу-оңалту және сауықтыру шараларымен танысты. №64 мамандандырылған балабақша 2012 жылы ашылған, қазіргі кезде онда сал ауруына шалдыққан 164 бала оқиды. Мекемеде логопедтер мен дефектолог мамандығын меңгерген тәрбиешілермен қоса, педиатр, физиотерапевт, ортопед және басқа білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Балабақшада музыкалық және спорт залдары, арнайы тренажер залы, сенсорлық бөлме, кинозал мен этнографиялық мұражай бар.
Білім мекемелерін аралау барысында елорда әкімі қалалық кәсіптік-техникалық колледжде болды. Бұл білім мекемесі 2009 жылы салынған, қазіргі кезде онда 261 студент оқып жүр. Колледж құрылыс және техникалық саланың мамандарын даярлайды, мекеме базасында жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын 24 оқу-өндірістік шеберхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, Әділбек Жақсыбеков №6 гимназияда болды. Бұл оқу орнында 1289 оқушы білім алады. Мұнда «Ақылды мектеп» жобасы аясында тұрақты бақылау жүргізіледі, 30-ға жуық бейнекамера орнатылған.
Көшпелі кеңес барысында Астана әкімі қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева бастаған мамандарға білім мекемелерінің инфрақұрылымын және білім беру сапасын жақсарту жөніндегі мәселелерді назарда ұстауды тапсырды. Әкім барлық білім беру мекемелерінде балаларды тамақтандырудың сапасына да назар аударды. Ә.Жақсыбеков балабақшаларда орындардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласында жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, ағымдағы жылы орта мектептерде үш ауысымдық оқуды жоюды, осылайша, мектептердің шамадан тыс толық болуын жоюды тапсырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».