10 Қаңтар, 2015

Ақпараттар ағыны

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
*Елімізде «Қолжетімді бас­пана-2020» бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2015 жылы банк желісі арқылы «Барлық халық санатына арналған баспана» бағыты бойынша 326 мың шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарда тұр. *ҮИИД бағдарламасын орындау үшін кадрларды даярлауға 10 млрд. тең­ге қаралды. Бiлiм және ғы­лым вице-министрi Тахир Балық­баевтың айтуынша, бұл мамандарды даярлайтын 10 ЖОО-ның бағдарламалары алдағы уа­қытта Үкіметтің қарауына ұсынылады. *Соңғы жылдары ғы­лым­ға бөлінетін қаржы көле­мі 2,5 есеге өскен. Ресми дерек­терге көз жүгіртсек, өткен жылы салаға 49 млрд. теңге ба­ғытталыпты. Сонымен бірге, ғылыммен шұғылданатын азаматтардың да қатары артқан. *Астанаға 2014 жылы 642,1 мың турист атбасын тіреген. Қалалық туризм, дене­­шы­нықтыру және спорт бас­қар­масының дерегінше, елор­дада 297 туристік фирма жұ­мыс істейді. Негізінен, олар таяу және қиыр шет елдерде елор­далықтардың демалысын ұйымдастырады. *Ақтөбеде «Уралец» шағын трактор шығару ісі қолға алынды. Бұл жобаны «Трактор» МТС» ЖШС жолға қойды. Бұл серіктестік «Трактор» ААҚ (Челябі, РФ) компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Кәсіпорын жылына 500 «Уралец» пен өзге де техника шығаруды көздеп отыр. *Былтыр «Бейнеу – Ақтау» автожолының 200 шақырымы пайдалануға берілді. «Орталық – Батыс» жобасы аясында салынып жатқан бұл жолдың жалпы ұзындығы 470 шақырымды құрайды. Оның құрылысына пайдаланылып жатқан материалдар түгелдей отандық өнім көрінеді. Айта кетейік, биыл өңірде «Жетібай – Жаңаөзен» бағытында 73 шақырымдық автомобиль жолының құрылысы басталады. *Ақмола облысы Степ­ногор қаласына 3,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қала әкімдігінің баспасөз қыз­меті атап көрсеткендей, моно­қалаларды дамыту бағ­дар­ламасы аясында қаралған бұл қаржының 266 млн. теңгеге жуығы жас отбасылар үшін тұрғын үй салуға жұмсалады. *Солтүстік Қазақстанда ҮИИД МБ-ның екiншi бес­жылдығы шеңберінде ал­ғашқы зауыт iске қосылды. Халық тұтынатын тауарлар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қажеттi құбыр және металл өнiмдерiн шы­ғаратын бұл жаңа кәсіпорынның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Зауыт өз өнiмдерiн еліміздің барлық өңiрлерiне және Ресейдің ше­ка­ралық облыстарына жөнелтеді. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша дайындалды.