Университет • 06 Мамыр, 2024

ҚазҰУ: «Флагман» бағдарламасына – 10 жыл

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстанның мультилингвалды және мультимәдениет ортасында болашақ кәсіби мамандарды тілдік даярлау моделін оңтайландыру» тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚазҰУ: «Флагман» бағдарламасына – 10 жыл

Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің «Флагман» бағдарламасы, ұлттық университеттің Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институты, Шетел филологиясы және аударма кафедрасы бірлесіп ұйымдастырған конференция жұмысына АҚШ және Қазақстан дипломаттары, Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің (ACCELS) басшылары, «Флагман» бағдарламасының оқытушылары, Қазақстан, ҚХР, АҚШ, Қырғызстан университеттерінің шет тілі ретінде қазақ және орыс тілдерін оқытатын мамандар, сондай-ақ «Флагман» бағдарламасының студенттері мен ҚазҰУ докторанттары қатысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов халықаралық конференция Қазақстанның мультилингвалды және мультимәдениет ортасы жағдайында тілдік даярлықтың заманауи трансформациялық моделін танымал етуге бағытталғанын атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестер (ACCELS, АҚШ) арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге 2014 жылы қол қойылған болатын. Құжат Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім мен ғылымдағы екіжақты гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамыту қажеттілігін тең құқылы әріптестік ынтымақтастыққа және тануға негізделген.

10 жыл ішінде «Флагман» бағдарламасы бойынша (Russian Overseas Flagship) университетте АҚШ-тың түрлі жоғары оқу орындарынан 200-ден астам студент білім алды.  Былтыр шілде айында ҚазҰУ алғаш рет әр штаттан келген 15 америкалық орыс тілінің маманына – мектеп мұғалімдері мен университет профессорларына біліктілікті арттыру курстарын өткізді. Сонымен қатар  былтыр АКСЕЛС және ҚазҰУ профессорлары қатысатын бірлескен халықаралық жоба басталған еді.

Конференция барысында Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бас консулы Еркін Мишель, Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігі басшысының орынбасары Исламбек Райымов, Стратегиялық тілдер, мәдениеттер және өңірлер (АҚШ) бойынша білім беру бағдарламалары департаменті директорының орынбасары Кэтрин Кэшнер және «Флагман» бағдарламасының студенті Хлоя Эджингтон құттықтау сөз сөйледі.

ҚазҰУ профессоры Элеонора Сүлейменова «Флагман» бағдарламасының тәжірибесі: Қазақстанның мультимәдениетті және мультилингвалды ортасында тілдерді оқыту» туралы баяндама жасап, О.Алтынбекова, Л.Екшембеева, З.Сәбитовамен бірлесіп жазған «Қазіргі орыс тілінің морфологиясы» оқулығын таныстырды.

Э.Серікқызы

Пленарлық отырыс кезінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті докторы, профессор Дэн Дэвидсон (АҚШ) «Соңғы 10 жылдағы тестілік деректер нәтижелері бойынша «Флагман» бағдарламасының трансформативті оқытуы» жайлы баяндамасын жасап, Мартин С.Синтия (АҚШ) «Флагман»  бағдарламасында болашақ кәсіби шетелдік мамандардың құзыреттілік біліктілігін бағалауға қатысты шеберлік сағатын өткізді. Шара соңында қатысушылар өз ойларын бөлісіп, пікір алмасты.

 

АЛМАТЫ