Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Сәуір болмай, тәуір болмас» деген. Көкек айында ауылдағы ағайын құрал-сайманын түгендеп, еңбекке қамданады. Осы мезгілде қала тұрғындары да сенбілікке шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартуға, көшет отырғызуға кіріседі. Бұл жолы қаламен қатар ауыл тұрғындары да тазалық акциясынан қалыс қалмауға тырысты. Бес аптаға жалғасқан экологиялық науқанның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналды. Осы орайда Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» деген атаумен жалғасқан акцияға журналистер де жұдырықтай жұмылып, қолдау көрсетті. Сенбілікте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымымен бірге «Журналистер саябағын» тазалады. Журналистика және саясаттану факультетінің оқытушылары және студенттерімен бірге келген факультет деканы Қайрат Сақ редакциямен әріптестік байланыс үзілмейтінін айтты.
«Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Журналистика және саясаттану факультеті мен «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымының арасында байланыс берік екенін тағы бір көрсетіп, «Журналистер саябағына» ұжымдастармен, студенттермен келдік. Биыл Журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына – 14 жыл. Бір жағы факультетке өзімізше осылай тарту жасауды ұйғардық. «Журналистер саябағы – факультеттің, ұжымның да саябағы. Сенбілікке келуге ниет білдірген студенттердің көбі бұрын-соңды саябаққа келмепті. Сәйкесінше олар «Журналистер саябағына» бару туралы ұсынысты бірден қуаттады», деді Қ.Сақ.
Сенбілікке келген студенттердің арасында Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті Нұрайлым Амангелдіқызы бар. Ол Баспасөз және баспа ісі кафедрасынды оқиды.
«Топтағы студенттердің «Журналистер саябағына» сенбілікке барамыз деген ұйғарымын бірден құптадым. Бір жағы аллеяны тамашалап, екіншіден, «Egemen Qazaqstan» газетінің мекенжайын білгім келді. Баспасөз және баспа ісі кафедрасында білім алып жатқан соң, газеттің тарихынан хабардармыз. Бүгін басылымда еңбек ететін бірнеше аға буынмен жүздестік. Келешекте осы басылымда еңбек етуді қалайтын қатарластарым көп. Мен де солардың қатарындамын», деді Н.Амангелдіқызы.
Сенбіліктен кейін университет пен басылым ұжымы естелік суретке түсіп, жылы лебіз, ықылас-ниет білдіріп тарқасты.
Осы күні мәслихат депутаттары Байқоңыр ауданы өмірлік жағдайы қиын балаларды қолдау орталығының төңірегін тазалады. Қонақтарды директордың міндетін атқарып жүрген маман Аягөз Нәбиева қарсы алып, мекеменің жұмысы туралы аз-кем ақпарат берді.
«Бізге зорлық-зомбылық көрген балалар, девиантты мінез-құлқы бар балалар да келеді. Бүгінде орталықта 70 бала тіркелген, оның 44-і – тұрақты, 36-сы – уақытша тұратындар. Бүгінгі сенбілікке қалалық мәслихаттың депутаттары келіп, балалармен бірге көшет отырғызды. Мекеменің ауласын тазалауға жәрдемдесті. Қалалық мәслихаттың, біздің бастамамызбен іске асып жатқан бұдан өзге де іс-шаралар көп», деді А.Нәбиева.
Экологиялық акцияда елорда тұрғындары «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағына ағаш отырғызды. Бұл іс-шараға аталған мекеменің, Алматы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, жастар ұйымының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен еріктілер жиылды. Осы тұста «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Нұрбол Зұлқарнаев қала тұрғындарын экологиялық акциядан құр қалмауға шақырды.
«Әрбір азамат қаланың көркеюіне үлес қосуға міндетті деп білеміз. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Нұрлы жүрек» орталығының аумағында 40 алма ағашы отырғызылды. Біздің орталықта 271 бала арнайы әлеуметтік қызмет алады. Енді келешекте олардың өз алма бағы болады деп үміттенеміз. Біз әр бейсенбіде қосымша экоакция өткізіп, аумақты тазалаймыз. Әрқайсымызда азаматтық сана болуы керек. Тазалық сақтап, қаланы ретке келтіруіміз қажет», деді Н.Зұлқарнаев.
«Өнегелі ұрпақ» деп аталатын апталықта қала тұрғындары ардагерлердің, қарттар үйінің аумағын абаттандыруға жәрдемдесті. Мысалы, Жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Әлібек Жүсіпов бастаған жастар экоапта аясында 4 мектептің ауласымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ағаш отырғызған. Осы апталықта Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, елге танымал кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Едіге Емберді төбе көрсетті. Белгілі спортшылар Астана маңындағы «Светоч» балалар үйінің жанындағы орта мектепте сенбілік ұйымдастырды.
«Таза Қазақстан» деп аталатын ауқымды экологиялық акцияның төртінші аптасы «Өнегелі ұрпақ» ұранымен өтіп жатыр. Елорда тұрғындары ардагерлердің, балалар мен қарттар үйінің аулаларын тазалап, абаттандырды. Экологиялық акцияға біз де өз үлесімізді қосуға тырысып жатырмыз. Әріптестермен ақылдаса келе, Астана маңында орналасқан «Светоч» балалар үйіне келдік. Бұл балалар үйінде қазір 19 бала тәрбиеленеді екен», деді В.Левит.
«Тазалық таза жерде емес, тазалық сақтаған жерде болады» деген. Бір емес, бірнеше аптаға жалғасқан сенбіліктердің басты мақсат-мұраты да тұрғындарды тазалық сақтауға шақыру болғаны белгілі.