Ғылым • 07 Мамыр, 2024

Ертеңіміз – электромобиль

127 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Техниканың қарыштап дамығанына қарасақ, түбі электромобильге көшетін секілдіміз. Өйткені Өскеменнің өзінде Қытайдан еніп жатқан көліктерге қызмет көрсететін мамандарды даярлау басталып кетті. Сол үшін Қытай мемлекетінің Тяньцзинь университетімен бірлесіп «Лу Бань» шеберханасы ашылған. Күні кеше әмбеге таңсық шеберханаға пресс-тур ұйымдастырылды.

Ертеңіміз – электромобиль

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық университеті қабыр­ға­сында құрылған Лу Бань шеберханасы электр­о­мобильдерге қызмет көрсету технология­ларымен толық жабдықталған. Пресс турда гибридті автомобильдер мен электро­мобильдерді диагностикалап жүрген студенттердің жұмысын көрдік. Бұл орта­лық желтоқсанда ашылғанымен, жетіс­тік жоқ емес. Студенттер көліктердің тетік­терін шашып, қайта жинауға, оны тек­серу­ден өткізуге дағдыланып жүр. Ал мұға­лімдер бұған дейін Тяньцзинь уни­вер­­си­тетінде іс-тәжірибеден өтіп келген.

– Байқасақ, Қытайдың көліктері кө­бейіп келеді. Ертеңгі күні оларға қызмет көрсету үшін кадрларды бүгін даярлауы­мыз керек. Қазір студенттерді үйретіп жатырмыз. Негізгі бағыт – диагностикалау және қызмет көрсету. Жазға қарай электромобильдерге толықтай диагнос­тика жасай аламыз, – дейді аға оқытушы Динара Мырзабекова.

па

Әрине, көпшілік электромобильдерге күмәнмен қарайды. Аяқасты істен шықса, кімге жөндетеміз, тетікті қайдан аламыз деген секілді сан түрлі сауал мазалайды. Ал Лу Бань шеберханасындағы мамандардың айтуынша, тетіктер істен шыққанымен, қайта жөндеу қиындық туғызбайтын көрінеді. Сонымен қатар «аккумулятор күшімен жүретін көліктер сақылдаған аязға шыдай ма?» деген сұ­рақ­ты да қойдық. Бұл да – көпшіліктің көңі­лінде жүрген сауал.

– Электромобильдердің аккумуляторларын жылыту үшін арнайы құрылғылар бар. Алайда қуат көбірек кетеді. Жалпы, қазіргі таңда жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көліктердің үлкен пайдасы ауаны ластамайды. Қуат көзі ғана қажет, – дейді профессор Мұрат Мұздыбаев.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері «Авто­мобильдердің Smart-техно­логиялары» зерт­ханаларының қызметімен де таныс­ты. ШҚТУ-дың академиялық мәселе­лер жөніндегі проректоры Әсия Маше­ке­нованың айтуынша, биыл осы салада шама­мен 80 түлек жоғары білімді маман атанады.

– Облысымызға жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Лу Бань шеберханасын еліміздің өзге өңірлерінде де ашу керегін айтты. Шеберхананың алдына қойған мін­дет­терін кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін ШҚТУ-дың 15 оқытушысы былтыр Қытайға барып, біліктілігін арттырып келді. Оқытушыларымыз биыл тағы да барып, тәжірибе жинақтайды. Алдағы уақытта университет базасында жасанды интеллектіге бағытталған «Лу Бань-2» шеберханасын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Әсия Машекенова.

Ал ШҚТУ академиялық қызмет де­пар­таментінің директоры Самат Байгереевтің шеберхана базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік мамандар даярланып жат­қанын айтады.

– Қазірдің өзінде «Көлік, көлік техникасы және технологиялар», «Жол қозғалысын ұйымдастыру» білім беру бағдарламалары бойынша 400 студент білім алып жатыр. Лу Бань шеберханасында білім алып, біліктіліктерін жетілдірген түлектер көлік құрастыру зауыттарында, автомобильдерді сату және сервистік қызмет көрсету жөніндегі диллерлік орталықтарда, өнеркәсіптік кәсіпорындардың көлік цехтарында қызмет ете алады, – дейді Самат Байгереев.

Айта кетерлігі, «Астана Моторс» компаниясы алдағы жылдың басында көлік зауытын ашуды жоспарлап отыр. Ол жақта да мамандарға деген сұраныс жоғары болады. Жалпы, техникалық университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы 96 пайыз. Мұнда оқыған қай сала түлектері болсын, сұранысқа ие.

 

Өскемен