Әскер • 07 Мамыр, 2024

Әскери ұшқыш – қорғаныс айбары

150 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қорғаныс пен қауіпсіздік саласында әскери авиация ең жойқын әрі шешуші күші саналады. Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстаннан шыққан екі дүркін Кеңес Одағының батырлары Т.Бигелдинов пен С.Луганский әскери ұшқыштар болғаны тарихтан мәлім.

Әскери ұшқыш – қорғаныс айбары

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұ­рынғы алып империя армиясынан өз еншісін алып, әскери әуе-қорғаныс күш­терін жасақтау қамына кірісті. Қорғаныс министрлігінің Әуе қорғанысы күштері басқармасына қарайтын 19132 әскери бөлім 1998 жылдың 10 желтоқсанында құ­рылған. Біз ширек ғасыр уақыттан бері елор­да аспанын күзеткен авиация базасына арнайы бас сұғып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Бөлім командирінің тәрбие және идео­логиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Ерлан Малдыбаев бізге авиация базасының қызметі жайында айтып берді. Оларға жүктелген негізгі міндеттер – Үкімет пен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамын тасымалдау, литерлік және әуе кемелерін сүйемелдеп ұшу, Астана қаласының маңызды стартегиялық нысандарын әуе шабуылынан қорғау, жедел әуе десанттарын түсіру, басқа да арнайы тапсырмаларды орындау. Сонымен қатар террорға қарсы операцияларды әуе кемелерімен қамтамасыз ету де осы бөлімге тиесілі.

л

Ерлан Бүркітұлының айтуынша, мұнда «Airbus», «Boeing» секілді ше­тел­дік ұшақтар, Ми-171, Ми-8 сынды кеңес­тік тікұшақтар, сонымен бірге өз елімізде құрастырылатын «Eurocopter» тік­ұ­шақтары, өзге де әуе кемелері шоғыр­­ланған. Барлық әуе техникасы жоға­ры білікті экипажбен толықтай қам­тамасыз етілген. Олар жоғарыда аталған тапсырма­ларды орындау үшін үнемі ұшу дайындықтарынан өтіп тұрады.

«Алып техниканы әуеде қалықтату тың­ғылықты дайындықты әрі үлкен ше­бер­­лікті талап етеді. Ол қарапайым кө­лік басқару секілді оңай дүние емес. Сон­дықтан ұшқыштарымыз аптасына үш рет: сейсенбі, сәрсенбі, жұма күндері ұшу жаттығуларынан өтеді. Сонымен қатар әр айдың соңында жалпы дайындық ұшу­лары ұйымдастырылады. Әр сабақтан кейінгі бақылау сынағында ұшқыштарға түрлі тосын жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жайында сұрақтар қойылады. Егер дұрыс жауап бере алмаса, ұшуға жіберілмейді», дейді Е.Малдыбаев.

Оның айтуынша, аспанға көтерілер алдында ұшқыштардың денсаулық және психологиялық жағдайы жіті тексеруден өтеді. Дәрігер олардың қан қысымы, денсаулыққа шағымы жоқтығы, тіпті ұйқысының қанғандығына дейін тексереді. Одан кейін психологтің қарауы басталады. Осының өзі шамамен бір сағатқа жуық уақыт алады.

«Біз әскери мақсаттағы бөлім болға­нымызбен, жоғары жақтан тапсырма берілсе, елге қажетті көмектің бәрін жа­сауға әзірміз. Мәселен, 2021 жылы тәліп­­тер Ауғанстан билігін басып алған кезде біз ұшақтарымызбен сол жақтағы қазақ­тарды елге қайтару жұмыстарына қатыстық. Одан бөлек, Сирияға кеткен аза­маттарымызды алып келу үшін бес рет «Жусан» арнайы гуманитарлық операция­сы ұйымдастырылса, соның бәріне біздің ұшқыштарымыз да қатысып, отандастарымызды елге алып келді», дейді әскери бөлім командирінің орынбасары.

ш

Әрине, кез келген әскери ұжымның бас­ты міндеті – елді жаудан қор­ғауға дайын болу. Бейбітсүйгіш еліміз айналасындағы көршілерінің бәрімен тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, ешкім­мен алакөз болып отырған жоқ. Алай­да бұл біздің әскери ұшқыштарымыз қол қусырып отыр дегенді білдірмейді. Олар бейбіт күнде де түрлі төтенше жағ­дайлардың алдын алу үшін от пен судың ортасына түсіп, ерлік көрсетіп жатыр. Күні кеше елордамызда ІІМ Ұлттық ұланы авиациялық базасы­ның ашылуында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мұны атап өткен болатын.

«Осы орайда мен әскери ұшқыштар­дың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитар­лық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы.

Су тасқыны кезінде 19132 әскери бөлімнің ұшқыштары да тілсіз жаудан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізіп, адамдарды құтқаруға атса­лысқан болатын. Тіпті сын сағатта көрсеткен жанқиярлық іс-әрекеттері үшін МИ-171 тікұшағының борт технигі, капитан Владимир Литовченко «Ел қорғаны» медалімен марапатталса, ұшқыш Талғат Тұрғанбаевқа мерзімінен бұрын «полковник» әскери шені берілді.

«Бізге «Kit» атты бизнес қауым­дастық­­тан су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізуге қолғабыс ету туралы ресми хат келді. Әуе қорғанысы күштерінің бас қол­басшысы, авиация генерал-майо­ры Дәурен Қосанов рұқсат бергеннен кейін «Airbus» ұшақтарымен Ақтөбе облысына 10 тонна, Петропавлға 10 тонна, Батыс Қазақстан облысына 30 тонна гуманитарлық көмекті жеткізіп бердік», дейді майор Е.Малдыбаев.

Авиация базасын аралау барысында «Ел қорғаны» медалінің иегері В.Литов­ченкомен де тілдесудің сәті түсті. Бұл жігіттің толық аты-жөні – Владимир Алексейұлы Литовченко. Бір қызығы, ұлты – қазақ. Ақтау қаласының тумасы, Тараз шаһарында ер жеткен. Бізбен ана тілімізде сөйлескен ол өзін «қазақтың қарадомалақ баласымын» деп таныстырды. Ол мұнда тікұшақтың борт технигі болып жұмыс істейді. Яғни тікұшақты оталдырып беруден бастап барлық техни­калық қауіпсіздігіне сол жауапты.

– Осы қызметте жүргеніме 15 жылдан асты. Сондықтан өз ісімді бес сауса­ғымдай білемін. Қостанай облысына аттан­ғанда бізге радиусы 200 шақырым аймақ­тағы ауылдарды аралап, су ортасын­да қалған­дарды құтқару тапсырмасы берілді. Опе­рация барысында 300-ден астам адамды құтқарып, Арқалық қаласындағы ар­найы орындарға жеткіздік, – дейді кейіп­керіміз.

Оның айтуынша, төтенше жағдай болған жерлерде судың тереңдігі 2-2,5 метрді құрағандықтан, тікұшақтың жерге қонуына мүмкіндік болмаған. Сондықтан олар су бетіне барынша жақындап келіп, тікұшақты бір орында қалықтатып ұстап отырып, үйдің төбесіндегі адамдарды арқанмен көтеріп алып тасымалдапты.

– Біз Арқалықта 4 күн бойы тәулігіне 12-15 сағаттан жұмыс істедік. Үйдің шатырында, трактордың төбесінде отырған адам­дарды құтқардық. Сенесіздер ме, тіпті араларында сол жерде 4 күн бойы тамақ та, су да ішпей отырған адамдар бар еді. Тікұшаққа көтерілгеннен кейін олар бізден жүрек жалғайтын нәрсе сұрайды. Оларға өзіміздің алып шыққан азығымызды бердік, – дейді ол.

Төтенше жағдай аймақтарында олардан бөлек ҰҚК Шекара қызметі мен ТЖМ күштері тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істеген. Ал Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің техникаларында түнде де әрекет ету мүмкіндігі болғандықтан, бұлар тәуліктің кез келген уақытында жұмысты тоқтатпаған.

«Бірде түнгі сағат 4-тің шамасында тікұшақтың төбесіндегі жарығы 6 ша­қырымға дейін жететін прожекторды қосып, су басқан аймақты аралап келе жатқанда үйдің төбесінде отырған адамдарды байқадық. Олар да те­ле­фондарының шамдарын жағын, бізді көмекке шақырды. Сол күні желдің екпіні қатты еді. Біз адам­дарға жақындап барғанымызбен тік­ұшақты бір орында ұстап тұрып, арқан­ды түсірейін десек, жел бізді әрі-бері шай­қап жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Осы кезде, шыны керек, қорқыныш болғанын жасырмаймын. Сәл қате әрекет жасасаң, апат болуы да мүмкін еді. Бірақ ұшқыштарымыздың шеберлігі арқасында бәрі сәтті аяқталып, төрт адамды құтқарып, Арқалыққа жет­кіздік», дейді капитан.

Бұл оның төтенше жағдай кезіндегі құтқару жұмыстарына бірінші рет қатысуы емес. Өткен жылдары Қостанай , Абай облыстарында орман өрті тұтанғанда да тілсіз жауды ауыздықтауға арнайы барып атсалысқан. Абай облысындағы өртті сөндіру кезінде ерекше жігер танытып, кейін Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін иеленген ұшқыш Асхат Сейіловті де осы әскери бөлімнен кездестірдік. Ол 2008-2012 жылдары Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білім алған. Мамандығы – ұшқыш-инженер. 2012 жылдың қараша айынан бері осы әскери бөлімде қызмет етеді.

«Біз Абай облысындағы өртті сөн­діруге мамыр және маусым айларында екі рет бардық. Әсіресе маусым айында болған өрттің беті қатты еді. Бір аптадан астам сол жақта болып, тікұшақ астына ілетін үлкен шелек тәріздес құрылғымен Ертіс өзенінен су тасыдық. Канада елінде өндірілетін бұл ыдысқа 3 тоннаға дейін су құйып алу­ға бо­лады. Соны жанып жатқан дала өр­ті­­нің үстіне әкеп шашамыз. Біз бұл жат­­ты­ғу­ды үнемі орындап дайындалып тұра­­­тын­­дықтан, сын сағатта аса қиындық туғыз­­ған жоқ. Осылайша, жердегі өрт сөн­дірушілерге әуеден көмегімізді тигіздік»,  дейді ол.

Ұшқыш болу – әрбір қазақ баласының арманы десек, қателесе қоймаспыз. Бірақ оған қойылатын талаптар да ерекше. «Авиация – талғампаз бикеш. Ол тек үздіктің үздігін ғана таңдайды», депті америкалық ұшқыш Генри Ком. Біз бөлім командирінің орынбасары, майор Ерлан Малдыбаевтан әскери ұшқыш болу үшін адамға қандай талаптар қойылатынын, қайда оқуға болатынын сұрап білдік. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде әске­ри ұшқыштар мен инженерлік құ­рам офицерлерін негізінен Ақтөбе қала­сын­дағы Т.Бигелдинов атындағы әуе қорға­нысы күштерінің әскери институтында даяр­лайды. Одан бөлек, аталған қалада Кіші авиациялық мамандар мектебі жұмыс істейді. Онда сарбаздар мен сержанттар қатарынан әскери авиацияға техникалық қызмет көрсететін мамандар білім алады. Сонымен қатар көрші Ресейдің Челябі, Сызрань, Красно­дар, Балашов қалаларындағы әскери ұшқыштар даярлайтын оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар.

Ерлан Бүркітұлының айтуынша, бұл әскери институтқа әскери қызмет өткер­месе де 22 жастан аспаған азаматтар, мер­зім­ді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, келісімшарт бойынша әскери қызметтегі, 25 жасқа толмаған азаматтар түсе алады. ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинау керек. Ұшқыштар мен инженерлік мамандықтар үшін математика мен физика профильдік пәндер болып есептеледі. Осы талаптарға жауап беретін кез келген жас әскери институт студенті атанып, еліміздің қауіпсіздігін әуеден қорғауға үлес қоса алады.

Адамзат баласы тату-тәтті тіршіліктің қадірін түсініп, әлемде тыныштық бол­ға­ны, әр елде тұрақтылық салтанат құр­ға­ны – бейбітсүйгіш жұрттың бас­ты арманы. Әскери ұшқыштарымыз да өз шеберліктерін тек бейбіт заманда көрсет­се екен деп тілейміз.