Тұлға • 09 Мамыр, 2024

Жарақаттанса да жасымаған

152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отан үшін от кешкен есіл ерлердің есімі ел есінен өшпейді. Майдан даласында алғы шепте болған Сапарбай Саршаев ағарту саласында еңбек еткендіктен болса керек, еліміздің бас басылымын сұрапыл соғыстан оралған соң үзбей оқыпты. Майдангердің жасы егде тартқан ұлы Аманғали Саршаев та – қазір «Egemen Qazaqstan»-ның ұзақ жылдан бергі оқырманы.

Жарақаттанса да жасымаған

Жұмыс орнымызға арнайы ат басын бұрған соғыс ардагерінің ұлы «Әкеме деген сағынышым мен құрметімді газет бетінде көрсетсем деген ниетпен келдім», деді. Айтуынша, әкесі майдан даласында екі рет ауыр жарақат алса да, алғы шептен  қайтпаған.

«Мен әкеммен мақтанамын. Ол кісі 1911 жылы қазіргі Байзақ ауданының бұрынғы Теспе ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Атам Сарша байдың жалшысы ретінде қызмет етсе, әжем үй шаруасында жүрген. Әкем медреседе ескіше сауат ашыпты», дейді ол.

Аманғали Саршаев келтірген дерекке жүгінсек, әкесі Алматыдағы жоғары партия мектебін 1934 жылы аяқтаған. Кейіннен қазіргі Абай облысына қарасты Тасбұлақ кеңшарында ферма меңгерушісі болып еңбек жолын бастапты. Арада аз уақыт өткенде Меркі ауданындағы Кузьминка мектеп-интернатына директорлыққа тағайын­далып, туған жерге оралған. Сондай-ақ Қазақстан, Тәтті ауылдарындағы мек­теп­тер­ді де басқарған.

«Әкем 1942 жылы майданға аттанған. Еуропаның біраз елін жаудан азат ету барысында екі рет ауыр жарақаттанған. Соған қарамастан гос­питальдан шыққан соң, қайта алдыңғы шепке Германияның Вальденбург қаласында жеңіс шеруіне қатысқан. Әкемнің майдан даласындағы ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Бірқатар орден-медальмен марапатталған. Елге оралғаннан кейін бұрынғы Свердлов ауданындағы бірқатар мектепте директор қызметін атқарды. 1949 жылы соғыс кезінде алған ауыр жарақаты сыр беріп, мәңгілік мекеніне аттанды», дейді А.Саршаев.

Әкесі туралы мәлімет іздеген Аманғали аға Ресей Қорғаныс министрлігіне хат та жолдаған екен. Министрліктің мұра­­ға­тынан жеткен мәліметте лейтенант Сапарбай Саршаевтың майданда 1239-атқыштар полкінің дивизия құра­мында болғаны, соғыс кезінде көрсет­кен ерлігі бағаланып, «Жапонияны жеңгені үшін», «Германияны жеңгені үшін» секілді өзге де бірқатар орден-медаль алғаны туралы дерек келтірілген.

«Ол кісі бізге әрқашан ер азамат үшін Отан қорғаудан асқан міндет жоқ екенін айтып отыратын. Әкемнің ғибратқа толы әңгі­ме­лерін мен енді өз немерелеріме жеткізушімін. Майданда ерен ерлік көрсет­кен асқар тауымның өмір жолы қай кезде де үлгі болып қала береді», дейді А.Саршаев.

 

ТАРАЗ