Күллі әлем көз тіккен адамзат тарихындағы алапат соғыстың нүктесін қойған қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев еді. Оның ерлігі туралы алғаш жазушы Кәкімжан Қазыбаев жазды. Рейхстагта Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевқа Бауыржан Момышұлының ұйытқы болуымен Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс Орталық комитетке, Мәскеуге дейін сұрау салынады. Кейбір деректерге қарағанда, 1945 жылғы 5 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс қозғалғанымен, оған Мәскеу ықылас білдірмеді. Зерттеушілердің айтуынша, оның бір себебін Рақымжанның әкесі Қошқарбайдың 1937 жылы қуғынға ұшырап, «халық жауы» атануымен байланыстырады. Сөйтіп, бұл іске Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов араласып, Рақымжанның кезінде батырлыққа ұсынылған мұрағат құжаттарын көтертіп, маршал И.Коневқа жеткізеді. Бірақ оның соңы дауға ұласып, төрелік айтады деген К.Ворошилов табандылық көрсете алмаған. Осылайша, батыр Баукеңнің мұрындық болуымен, Кәкімжан Қазыбаевтың араласуымен басталған «майданға» сол кездегі еліміздің басшысы Д.Қонаевтан бастап басқа да қайраткерлер мен қаламгерлер үн қосады. Жампоз журналист Жанболат Аупбаев үздіксіз мақалалар жариялап, қамал алған қаһарманның ерлігін қайта жаңғыртып отырды. Ақырында еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барып, 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
– Содан бері Рақымжан Қошқарбаевтың аты қайта жаңғырып, халқымыздың мақтанышына айналды. Елімізде батырдың есімі ерекше аталып келеді. Соның бір куәсі – мектебімізге батыр есімінің берілуі. Бұл – мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына батырдың есімімен аталғанын мақтан тұтамыз. Мектебіміздің бүгінгі миссиясы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру, – деді мектеп директоры Ләззат Мұханбетқызы.
Жиынға Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Нұрмат Әбдраимов, Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин, Астана қалалық Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, «Намыс-Ардагер» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Төрегелдин, ардагерлер кеңесінің мүшелері Болат Темірбаев, Кендай Ахметов, Орталық ардагерлер кеңесінің бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы, Мектеп қамқоршылық кеңесінің төрайымы Майра Әлімханқызы, Ауған соғысы ардагерлері және жергілікті жауынгерлер одағы кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Серік Оспанов, Ауған соғысы ардагерлері және жергілікті жауынгерлер одағы кеңесі төрағасының орынбасары Қанат Омаров қатысты.
Салтанатты жиында көк ту көкке көтеріліп, әскерлер мен мектеп оқушылары әуелете әнұранды шырқады. Игі істің беташар сөзін сөйлеген Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, полковник Тілеухан Басқожаев биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен батыр, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы екенін жеткізді.
– Іс-шараның бәрі Үкімет бекіткен кешенді жоспар шеңберінде өткізіледі. Оның бәрі Отан қорғаушылардың бүгінгі және болашақ ұрпағы үшін үлгі болып саналатын қазақтың батыр ұлының есімін мәңгілікке қалдыруға арналған. Даңқты батырдың есімін алу құрметті әрі жауапкершілігі жоғары, – деді ол.
Келешек ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен өрлік қасиетті сіңіруде мектептің батыр есімімен аталуының маңызы зор. Осы орайда №44 орта мектебінің мұғалімі, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Терсебаевтың мектепке Рақымжан Қошқарбаевтың есімінің берілуіне зор үлес қосыпты. Ол батыр туралы тарихи естеліктер мен мұраларды жинақтап, батырға арналған кабинеттің ашылуына еңбек сіңірген көрінеді.
– Мектебімізге Рақымжан Қошқарбаевтың есімінің берілгеніне қатты қуандық. Халқымыздың ел қорғаған ерлері мен батыр ұлдарының қаһармандығы балаларымызға, ұрпағымызға мұра болып, мәңгі жасай берсін. Өскелең ұрпақтың бойында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, отансүйгіштік рухында тәрбиелеу мақсатында мектебіміздің оқушылары қалалық, мектепішілік саптық жаттығулар мен ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды, – деді Б.Терсебаев.
Ал Астана қаласы Білім нысандарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және абаттандыру бөлімінің басшысы Мәдина Сүлейменова жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлігі туралы айтып берді. Мерекелік іс-шарада ақ тілектер ақтарылып, құттықтаулар толастаған жоқ. Ал батырдың туыстары да игі іске алғыс білдірді.
– Мен – Рақымжан ағатайымның немере қарындасымын. Ол кісінің қарындасы қолымда тұрады. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараға өте қуаныштымын. №44 мектеп ағамның атына беріліп жатыр. Жас ұрпақ ешқашан соғыс көрмесін! – деді Маржан Нұрмағанбетова.
Бірі біліп, бірі білмес, батырдың тегі Мусин болған екен. Бірақ оның атасына «халық жауы» жаласы жабылған соң, әулет болып тегін өзгертуге мәжбүр болған. Рақымжан Қошқарбаев туралы осындай аз-кем естеліктерді жиында туыстары айтып берді. Іс-шара соңында құрмет қарауыл ротасы қару-жарақпен дефиле көрсетсе, оқушылар «Батырдың ерлігі – ел есінде» атты Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінен көріністер қойды.