Экономика • 11 Мамыр, 2024

Жанармайдан тапшылық болмайды

129 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында жанармай тапшылы­ғының алдын алу тақыры­бында талқылау жиыны өтті. Жалпы, бұл ауыл шаруа­шылығындағы, жанар-жағармай сату саласындағы кәсіпкерлерді жыл сайын мазалайтын мәселе екені рас.

Жанармайдан тапшылық болмайды

Осы орайда қалалық эко­но­ми­калық тергеп-тексеру депар­таменті басшысының оры­нбасары Алмас Манатұлы кәсіпкерлер палатасында бизнес-қауымдастық өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастырды. Жиынға сондай-ақ жергілікті палатаның, бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігінің, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» ЖШС-ның, жанар-жағар­май қауымдас­тығының, «Қаз­МұнайГаз» АҚ мен «PETROSUN» компаниясының басшылары мен өкілдері қатысты.

Жоғарыда аталғандай жи­налыстың күн тәртібінде мұ­най өңдеу зауыттарының жұмысы жөндеуге орай кіді­ретін болса, жанар-жағармай тапшылығының алдын алудың жоспары қандай болмақ, міне осы сұрақ пен жеңілдетілген жанармай бөлінісі, заңсыз мұнай айналымымен күрес деген секілді басқа да тақырыптар бойынша мәселелер қаралды.

«Мұнай саласындағы заңсыз әрекеттермен күрес – департамент жұмысының басты міндеті. Сондықтан да жанар-жағармай сататын заңды тұлғалардың жұмысына үнемі мониторинг жасалады. Осы орайда, мұнай өнімдерін құжатсыз немесе жалған құжатпен сату мәселесі бақылаудан түскен емес. Шымкентке мұнай өнімдерін жеткізуші негізгі компания­ның бірі – «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» ЖШС. Аталған зауыт қазіргі таңда кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Ал бүгінгі жиынның мақсатына келсек, ол мұнай өнімдері саласындағы заңсыздықтың алдын алуға, проблемаларды ашып көрсетіп, оларды шешуге арналып отыр. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің де күнделікті тіршілігінде қолай­лы жағдай қалыптасады», деді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы.

Өз кезегінде «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» компаниясының даму және коммерция бойынша вице-президенті Ерлан Кесікбаев кәсіпорынның мұнай өнімдерін өндірудегі жұмыстары туралы соңғы мәліметпен бөлісті.

«2024 жылғы 1 қаңтардан 1 сәуірге дейін зауытта 1 млн 300 мың тоннаға жуық мұнай өңделді. Тарқатып айтсақ, 449 000 тонна АИ 92 маркалы жанармайын, 71 000 тонна АИ 95 бензинін, 380 000 тонна дизель отынын, 80 000 тонна авиакеросин, 194 000 тонна мазут, 85 000 тонна газ өндірдік. Зауытта қазір бар боп тұрған өнімге келсек, 6 300 тонна АИ 92 бензині, 5 800 тонна АИ 95 жанармайы, 11 000 тонна дизель, 4 000 тонна авиакеросин, 14 000 тонна мазут қалды. Алда-жалда зауыт жұмысы жөн­деу жұмыстарына байланысты тоқтаған күннің өзінде жанармай тапшылығын болдырмаудың мүмкіндігі ескеріледі. Сондықтан бұл мәселеге орай тиісті жұмыс жоспары «ҚазМұнайГаз» компаниясымен және Энергетика министрлігімен алдын ала келісіледі. Зауыттағы жөндеу жұ­мыстары бұл күндері толы­ғымен аяқталған», деді ол.

Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер депар­таментінің бас маманы Руслан Жазықбаевтың мәлімдеуінше қазіргі таңда «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» кәсіпорны 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда бензин өнімін – 55 мың тоннаға, дизельді 9 мың тоннаға артық шығарды. Жалпы, өндіріс орны былтыр 2 млн 82 000 тонна жанармай, 2 млн 2 000 тонна дизель отынын өндіріп, барлығын сатқан болатын. Есеп бойынша қалада 196 авто жанармай бекеті тіркелген. Биылғы 1 сәуірдегі мәліметке сүйенсек АЖБ-ларда 72 000 тонна дизель отыны саудаланды. Бұл былтырғының тиісті кезеңімен салыстырғанда 110%  көп. Мегаполисте жанармайға ай сайынғы қажеттілік 24 000 тонна болса, маусымға қарай ди­зель отынына 11 000 – 15 000 тоннаға дейін сұраныс туын­дайды. Маман жанармай мәсе­лелесі мемлекеттік кіріс­тер департаментінің әрдайым бақылауында тұратынын жет­кізді. Камералық бақылау көр­сеткіштерінің нәтижесінде былтыр салық органы мұнай өнімдерін тиісті құжатсыз сатқан екі заңды тұлғаны анықтады. Олар мазут өнімдерінің шығу тегін көрсетпей саудасын қыздырған. Бұл бойынша іс материалдары экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданған. Бұған қосымша зерделеу нәтижесі бойынша 2023 жылы бір авто жанармай бекетінде 5 тоннадан астам дизель құжатсыз сатылғаны белгілі болды. Көлеңкелі бизнес­пен күрес мақсатында осы күнде шаһардағы ең ірі кәсіпорын мұ­най өңдеу зауытында арнайы есептеу-бақылау қондырғысы орна­тылып жатыр. Сонымен бірге 1 шіл­деден бастап есептеу құралы барлық мұнай базасында іске қосылатын болады. Маманның айтуынша сол кезде мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан мұнай өнімдеріне бақылау жүргізу жеңіл бола түспек.

Осы мәселеге орай Бәсекелес­тікті қорғауды дамыту агенттігі­нің Шымкент қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Ернар Қосбаев биыл өткен жылмен салыстырғанда жанармай тапшылығы бойынша ешқандай арыз-шағым түспегенін мәлімдеді. Дегенмен, ол департамент­те жоспарлы және жоспардан тыс талдау жұмыстары жүргізіліп оты­ратынын жеткізді. Осы тал­дау жұмыстары қорытын­ды­сында бүгінге дейін ешбір құ­қық бұзушылық деректерінің анық­талмағанын айтты. Әйтпесе өңірде жыл сайын жанармай тапшылығы орын алып жататын. Керісінше дер кезінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жанармай тапшылығына байланысты бірде-бір мәселе туындамағанын тілге тиек етті. Оған қоса департамент жетекшісі сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік субъектілер­ге бөлуде теңдік қағидаты мен соның негізіндегі ережелер қатаң сақталуға тиістігін атап өтті. Өйткені жуырда автогаз сату­шы мекемелер қауымдастығы бас­шылығынан газды бөлу бойынша құзырлы мекемеге арыз-шағым түсіпті. Ендігі жерде осы іске байланысты департамент тергеуді бастап кеткен.

Сонымен жиын қоры­тын­дысында Экономикалық тергеп-тек­серу департаменті бас­шы­сының орынбасары Ал­мас Манатұлы жанар-жағар­май тапшылығын болдырмау және мұнай өнімдерін сату сала­сындағы заңсыздықтың алдын алу бойынша алдағы уақытта да бірлесіп атқаратын жұмысты жалғастыра беру қажеттігін еске салды.

 

ШЫМКЕНТ