Аймақтар • 11 Мамыр, 2024

«Ұшқан ұя»: фильм неге түсірілген жоқ?

159 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеңіс күні қарсаңында әйгілі әскери қолбасшы, Кеңес Ода­ғы­ның батыры, жазушы Бауыр­жан Момышұлының майдан даласындағы стратегиялық іс-қимылы туралы жиі айтыла бастайды. Әйткенмен даңқты тұлғаның қазақ әдебиеті үшін орны бөлек шығармалары кей жағдайда қалтарыста қалып кететіні бар.

«Ұшқан ұя»: фильм неге түсірілген жоқ?

Батыр Баукеңнің қазақ әде­биетіне үлкен олжа салған шы­ғармасы – «Ұш­қан ұя» повесі. Бұл туынды талай ұр­пақ­тың жа­нына азық болатыны сөз­сіз. Өлмес шығарма кімнің де болсын бойына өшпес қуат сый­лайды. Авто­биографиялық шығарма бола тұра, күллі қа­зақ­тың жанына жігер берген по­вестің өміршең екеніне кү­мән жоқ.

Ұзақ жыл бойы жергілікті БАҚ-та басшылық қызмет ат­қар­ған батырдың немере інісі, қаламгер Бекет Момын­құл зейнетке шыққан соң, Бауыр­жантану ғылыми-зерттеу орта­лығында же­міс­ті еңбек етіп жүр. Бауыржан Момыш­ұлына қатысты тың деректерді зерделеп жүрген батыр ұрпағы таяуда Баукеңнің «Ұшқан ұя» шығармасына қатысты жаңа бір мәліметпен бөлісті.

Ізденістің ізіне түскен Б.Мо­мынқұл 1968 жылы шыққан «Қазақфильм» кино студия­сына қатысты қаулыны тауып алған екен. Қаулыдағы жаз­баға зер салсақ, уақытында Баукең­нің «Ұшқан ұя» повесі желісінде фильм түсіру жоспарланған.

«Сценарий және редакция­лық кеңес жазушы Бауыржан Момышұлы повесінің өзектілігі мен жоғары көр­кем­дік еңбегін ескере отырып және сценарист Ә.Таразидің осы оқиға­ға негізделген сценарий жазуға ұмты­лысын негізге алып, режиссер А.Қар­сақбаевтың осы шығарманың негізінде фильм түсіруге ұмтылысын ескеріп, қаулы қабылданды.

1. Жазушы Бауыржан Мо­мыш­ұлының «Ұшқан ұя» повесін кино­ға бейімдеу құ­қығын алу; 2. Киносту­дияның бухгалтерия­сы автор Б.Мо­мыш­­­ұлына тиесiлi соманы төлейді» делінген қаулы мәті­нінде.

«Қолға түскен қаулының мәтініне қарап, уақытында Бауыржан Мо­мыш­ұлы­ның «Ұшқан ұя» шығарма­сы желі­сінде фильм түсіру жос­пар­лан­ғанын көріп отырмыз. Алай­да даңқты тұлғаның туын­дысы негізінде кино сол күйі түсірілген жоқ.

Қолға алынған бастама неліктен аяқсыз қалды? Осы жағы бізге белгісіз. Бәлкім, уақытында іске кіріспек бол­ған азаматтар білетін шығар деген ой маза­лайды. Расында да, қаулы шыға­рыл­ғанына қара­мастан, киноның түсіріл­меуін­де бір гәп бар шығар», дейді батыр­дың немере інісі Бекет Момынқұл.

Қаулыға қосымша тіркел­ген келісім­шарт мәтінін­де автордың «Ұшқан ұя» по­­ве­­сінің құқығын үш жыл бе­дерінде экранға шығару үшін «Қазақфильм» киносту­диясының меншігіне берілгені туралы жазылған. Сондай-ақ бірнеше тармақтан тұратын келісімшартта екі тараптың құқығы анық көрсетілген. Тіпті фильмді түсіру үшін Бауыржан Момышұлына 2 мың рубль көлемінде қаламақы төленетіні де көрсетіліпті.

Жарты ғасырдан астам уа­қыт бұ­рын түсіруге бел буған «Ұшқан ұя» фильмі туралы қабылданған қаулы мен келі­сімшарт мәтініне қол қой­ған­дардың қатарында кинос­тудияның сол кез­дегі директоры Камал Смаилов пен қа­­зақтың көрнекті ақыны, сол жылдардағы «Қазақфильмнің» бас редакторы Олжас Сүлей­менов те бар.

Қалай десек те қазақ әде­­биеті үшін үлкен олжа санал­ған «Ұшқан ұя» повесі же­лісінде фильм түсірілген жоқ. Қабылданған қаулы негізінде істі аяғына жеткізуге не ке­дергі болғаны да түсініксіз. Әйт­кенмен бұл мәселеге қатысты құжатқа қол қойған Олжас Сүлейменов мәселенің мәнісін білуі мүмкін. Ал құжатта «Ә.Тарази» деп көрсетілген тұлға біздіңше қазақтың көрнекті қаламгері Әкім Тарази болуы керек. Ол кісінің де бұл жағдайдан хабары бар деп топшылаймыз.

Бәлкім, аттары аталған тұл­ға­лар бас басылымда жария­лан­ған осы мақаланы оқыған­нан кейін қандай да бір мәлі­мет­пен бөлісер деген ойдамыз. Өйткені қолға алынған істің неліктен аяғына дейін жетпегенін бір білсе, осы кісілер білуге тиіс.

«Ұшқан ұя» повесі желісін­де кино түсіру кеңес одағы тұсында мүмкін болмаған да шығар. Дегенмен ниет бол­ғанын қаулы мәтініне қарап түсіну қиын емес. Ең бас­тысы да сол ниет қой. Қалғанына жүйрік уақыттың өзі төреші...