Әке-шешесінен алты айлық сәби кезінде айырылған әкем Мектеп Дүйсембиев те тағдыр тартқан сынақтан сырт айналып өткен жоқ. Періште кезінде жетім қалған әкемді туыс жеңгесі бауырына басты, бақты-қақты. Ешкімнен кем қылмай өсірді.
19 жасқа таяған шағында әкем Ташкент шаһары арқылы майдан даласына шақырту алды. Ол кісі он үшінші механикаландырылған танк дивизиясының сапер взводының құрамында командир болды. Қарт құрлықты жаяу жүріп, Отан қорғады. Байырғы Ленинградты, Новгород маңы мен Выру қаласын және Эстония аумағын жау тастаған минадан тазартуға күш салды. Ол туған топырағына 1954 жылы Аустриядан оралды.
Қатал тағдырдың түрлі сынағына мойымаған ардақты әкем өзі көрген қиындықтар туралы ләм-мим деп жақ ашқан емес. Тірісінде толғанып тұрып: «Сендер бақыттысыңдар, ата-аналарыңды көрдіңдер. Мен әке-шешемнің түрін де білмеймін» деп сыр шерткенде, жанарында әлдебір өкініш пен сағыныштың табы тұратын. Асқар тауымның көзін көргендер оның адал азамат болғанын тамсанып айтып жататын.
Әкем майдан даласынан аман оралғанымен, соғыс салған жүректегі жараның ізі қайтқан емес. Ол жастық шағы мен денсаулығын майдан шебінде қалдырды. Жанарынан мейірім нұры себезгілеп тұратын әкеміздің мейірбан бейнесі мәңгі жадымызда қалатыны анық.
Отан үшін от кешкен Мектеп Дүйсембиевтің соғыстағы ерліктері елеусіз қалған жоқ. Көптеген орден-медаль омырауында жарқырады. Ол кісінің жанкешті ерліктері Ресейдің «Соғыс батырлары» сайтында тайға таңба басқандай анық сақталған. Асқар тауымыздың аты-жөні Тараз қаласында тұрған «Жеңіс» саябағындағы мемориалдық тақта мен Сарысу жеріндегі тақтаға жазылған.
Ардақты әкем тірі болғанда 9 мамыр күні 100 жасқа толар еді. Амал нешік, жүрегіне соғыс түсірген сызат жанын ауыртпай қойсын ба? Біраз жыл бұрын фәни жалғанмен қош айтысты. Алайда оның бейнесі мәңгі жадымызда қалады.
Алтынкүл ДҮЙСЕМБИЕВА,
еңбек ардагері
Жамбыл облысы