Технология • 11 Мамыр, 2024

Авторлық құқық кімге тиесілі?

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан жасанды интеллект және инновацияны дамыту комитеті құрылды. Бұл мекеме жасанды интеллект технологияларын дамыту саласындағы нормативтік-құқықтық реттеуді әзірлеуге жауап береді.

Авторлық құқық кімге тиесілі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» халықаралық фо­­румында жасанды интеллектіні нор­мативтік тұрғыда реттеу қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі кезде жүз жиырмадан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. «Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажет­тілігі мен азаматтардың мүд­десін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адам­дардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс», – деді Президент. Бүгінде жасанды зерденің даму қарқыны күннен-күнге артып, ауқымы да кеңейіп, бірнеше салаға дендеп еніп жатыр. Алайда игілік үшін жасалған жасанды интеллектінің қиғылық ісі де баршылық. Әсіресе авторлық құқықтың бұзылуы, жалған ақпараттардың таралуы секілді мәселелер күн тәртібінен түспей тұр. Сарапшылар бұл саланы басынан бақылауда ұстамаса, кейін зардабын тартатынымызды жиі айтып жүр. Еу­ропалық одақ осы мәселелерді реттеу­де көшбасшылық танытып келеді. Одаққа мүше елдер жел­тоқсан айында Еуропалық Кеңес пен Еуропалық парламент мақұлдаған «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Батыс елдері қазір жасанды интеллект арқылы жасалатын шы­ғармалардың авторлық құқығын қорғау жөнінде жұ­мыс атқарып жатыр. Мәсе­лен, «New York Times» газеті өзінің 3 миллиондай мақаласын пайдаланғаны үшін «OpenAI» мен «Microsoft» компанияла­­­рын сотқа бер­­мек. Одан бөлек, дыбыс жазатын «Universal Music Gro­­up» ән мә­тін­­дерін рұқсатсыз пайда­лан­­ғандықтан «Ant­hropic» компания­сын айыптаған. Сон­дай-ақ бей­не­­­­кө­рініс­тер жи­­нақталған «Getty» сайты өзінің қорын кө­шіріп алғаны үшін «Stability» атты жасанды интеллект компаниясын сотқа берген. Тағы бір ма­ңызды мәселе – жасанды интеллект жасаған туындының авторлық құқығы бола ма деген тақырып. Осы уақытқа дейін жасанды зердеден алынған мә­ліметтер «иесіз» саналып келді. Бірақ бұл үрдіс жалғаса берсе, авторлық құқық мә­се­­лесі де ушыға бе­ре­тіні анық.

«Жа­сан­ды интеллект жа­­саған кон­­тент­тің ав­­­тор­­­лық құ­қы­­ғы туралы мәселе өте күр­­­делі. Қа­зір­дің өзін­­­де бұл та­қы­­рып әлемде көп­­теген талас туғызып жа­тыр. Не­­гізгі мәсе­­ле – жасанды интеллект жасаған дүние­­лер­дің автор­­­лығын кімге тиесілі деген сұрақта жатыр. Жасанды интеллект пен оның жасаған контентінің әзірге ресми «иесі» немесе «авторы» жоқ деп қарастырылады. Өйткені жасанды зерде – бұл құрал, оның өзіндік шығар­машылығы жоқ. Көптеген елде ЖИ жасаған контентке авторлық құқықты қолдану мүмкін емес деп есептеледі. Себебі оған шығармашылықтың адами элементі қажет. Деген­мен ЖИ жа­саған контентті пай­даланғанда, оны дамытушылар мен пайдаланушылар арасында келісімшарт арқылы реттеу мүмкін. Бірқатар ел мен аумақтарда бұл мәселе бойынша заңнамалық тұрғыдан белгілі бір жетілдірулер мен түзетулер жүргізіліп жатыр. Мысалы, Еуро­палық одақта және Америка Құрама Штаттарында жасанды интеллект жүйелерінің жасаған жұмыстарын коммерциялық тұрғыда пайдалану үшін лицензиялау және келісімшарттық шарттар арқылы реттеу ұсы­нылып отыр. Осы арқылы ЖИ жасаған контентті бақылау және оның пайдалануын реттеу мәсе­лелері шешілмек, – дейді ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы.