Медицина • 11 Мамыр, 2024

Медициналық мекемеге де менеджер керек

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кез келген мекеменің басшысы өз жұмысын ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп білуге тырысады. Құрылтайшы немесе басқа да лауазымды қызметтегі азаматтар қаржылық мәселелерге басымдық берген соң, басшыға қойылатын талап күшейді. Сол секілді заманға қарай денсаулық саласының басшылары кәсіби білім-білігімен қатар менеджменттен хабары болса жақсы.

Медициналық мекемеге де менеджер керек

Қазақстан денсау­лық сақтау менед­жер­­лерінің қауым­дас­тығы бастамашы болып өт­кіз­ген дөңгелек үстелде білікті мамандар кадр даярлау саясатына қатысты бірнеше мәселені күн тәртібіне шығарды. Іс-ша­раны өткізуге Назарбаев уни­верситетінің Медицина мектебі де мүдделі болыпты. Онлайн және офлайн форматта өткен бас­қосуға Денсаулық сақтау министр­лігінің өкілдері, сала сарап­шылары, жоғары оқу орын­дарының ғылыми қызметкерлері қатысты. Олар денсаулық сақтау жүйесіне қатысты ой-пікірін қорыта келе салаға менеджер даярлау ісіне қатысты ұсыныс-пікір айтты. Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышева кәсіби маман даярлауға қатысты қолданыстағы талаптар жөнінде баяндап, ол ережелердің артық­шылығы мен кемшін тұстарын қаузады.

– Әуелі маманның базалық ме­дициналық білімі болуға тиіс. Осыдан кейін менеджмент ба­ғытында білімін арттыруды жос­парлағандар немесе келешекте басшылық қызметте еңбек етуді ойлағандар денсаулық сақ­­тау менеджменті бойынша профильді магистратураға оқуға түседі. Мұндағы мәселе сол менедж­менттегі кадрларды кім даярлап жатыр деген сауалға келіп тіреледі. Магистратурада білім бағдарламалары шын­дықтан қашықтау емес пе? Кім сабақ береді? Шын мәнінде емханада жұ­мыс істеген маман ба? Себебі емханада жұмыс істемеген маман ішкі жүйені біле бермейді ғой. Сондықтан әріп­тестерді жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеуге шақырамын. ЖОО-ның білім беру бағдарламалары жө­нін­дегі комитетіне жұмыс бе­ру­шілерді қосу керек. Осы­лай­ша, сала басшыларына қандай дағ­дылар керегін білуге болады. Бұл – салаға білікті менеджер да­йын­даудың бір жолы. Менедж­мент­те білім шыңдаудың бұдан өзге тағы екі жолы бар. Өйткені қазір менеджментті магистратурада жас мамандар оқымаса, салада ысылған немесе басшылық қызметте еңбек ететін мамандарға қиын. Күнделікті сабаққа барып қатысуға уақыт табыла бермеуі мүмкін. Әрі магис­тратураға оқу­ға түсу де жеңіл емес. Мұндай жағ­­дай­да мамандар курстан өтіп, шың­­­дал­са болады, – дейді А.Қауы­шева.

Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы салаға менеджер даярлау ісіне қатысы бар тараптардың басын қосқан соң, басшының кәсіби стандарттарына қатысты ұсы­ныстарға басымдық берілді. Ден­саулық сақтау министрлігі сала ме­неджерлерінің жаңаша білім алып, қиын-қыстау күндерде сала­дағы мәселелерді жеңіл еңсе­ретіндей қарым-қабілеті бол­ғанын қалайды. Заманауи менеджерге қаржылық мәселеге, құ­қықтық сауаттылыққа келгенде терең білім қажет. Оның үстіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сі енгізілгелі тұрғындардың меди­циналық көмектің сапасына қатысты талабы жоға­ры­лады. Сондықтан аталған қауым­дастықтың денсаулық сақ­тау менеджерлерінің кәсіби стан­дарттарын әзірлеу бойынша үлкен жоба-жоспарлары бар. Онда жаңашыл басшыға қойылатын талаптар, міндеттер қамтылады. Менеджерлерді даярлаудың халықаралық стандарттары басшылыққа алынады.

Дөңгелек үстелге онлайн қо­сылған Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, қауымдастық мү­шесі Нұржан Мұқашев денсау­лық саласындағы көшбасшылық, менеджмент жөнінде баяндады. Халықаралық тәжірибелерді мысал етті.

– Бүгінде қауымдастықпен бірге салада білікті басқару­шылардың кәсіби дағдыларын жетілдірудің қандай мүмкін­діктері барын түсінуге тырысып жатырмыз. Денсаулық сақтау саласының өзі жылдан-жылға дамып жатқан соң, басқарушыға қойылатын талап күшейеді. Басшылардың білім-білігі сыналады. Басшылар дайын болмаса, қаржылық қиын жағдайға тап болған мезгілде, бетін аулақ, төтенше жағдайда оңтайлы шешім қабылдау қиын болады. Халықаралық зерттеулерге үңілсек, денсаулық сақтау саласында қаржыны шындап тиімді пайдалану, пациенттердің ахуалы жақсаруы сынды мәселелер басшылардың біліктілігіне, тәжі­рибесіне, басқарушылық қа­бі­летіне байланысты құбыла­ты­нын байқауға болады, – дейді Н.Мұқашев.

Негізі Қазақстан денсау­лық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы 2017 жылы құ­рылған. 2021 жылғы 26 қаңтарда Әділет вице-министрі Азамат Әмір­ғалиевтің шешімімен рес­пуб­ликалық ұйым мәртебесін алған. Қауымдастық әуелден денсаулық сақтау саласының басшылары үшін көшбасшылық пен инновацияның көзі болуға тырысып келеді. Сондай-ақ қа­уымдастық кәсіби мамандарды мемлекеттік немесе жеке сектор­да еңбек етеді екен деп бөле-жар­май, денсаулық сақтау ұйым­дарының басшыларына қолдау көрсетуге ниетті екенін байқатып отыр.

Жиында саланың білгір мамандары денсаулық сақтау саласында кәсіби білікті, көшбасшы әрі менеджер маман қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздеуге тырысты. Себебі медицина менеджерлерінің кәсіби стандарттарына қатысты ереже-талапта осы ескертулер назардан тыс қалмайды.