Қазақстан үшін 2014 жыл ел ішінде де, халықаралық аренада да елеулі жетістіктерге толы жылға айналды. Мемлекет басшысының жұмыс кестесі де мазмұны мен тығыздығы жағынан соған сай болды.
Шетелге сапарлар және өңірлерге жұмыс сапарлары, түрлі мәжілістер мен отырыстар, халықаралық және республикалық форумдар, конференциялар мен съездер, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдаулар, жұртшылық пен еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарда болу, соның бәрін қоса алғанда, бұл жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен
700-ге жуық хаттамалық іс-шара өтті.
Мемлекет басшысы
12 мәжіліс өткізді, соның
8-і Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі басшылығының, орталық мемлекеттік органдар басшыларының,
2-еуі облыстар мен Астана, Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен өтсе,
2-еуі көшпелі мәжіліс болды.
Президент жанындағы консультативтік-кеңестік органдар желісі бойынша Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің, Ұлттық инвесторлар кеңесінің, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің бір-бір отырысы және Қауіпсіздік Кеңесінің
5 отырысы болып өтті.
Жыл бойы депутаттық корпуспен өзара тұрақты түрде жұмыс жүргізген Президент Парламенттің екі отырысына қатысты, сондай-ақ, Парламент палаталары төрағаларымен және парламенттік фракциялар жетекшілерімен кездесті.
Мемлекет басшысы ел өңірлеріне
17 жұмыс сапарын жасады: Алматы қаласында үш рет, Атырау, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облысында екі реттен, сондай-ақ, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды. Сонымен қатар, Астана қаласында да Президенттің ұдайы жұмыс бабындағы кездесулері болып тұрды.
Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған
8 сапарын, сондай-ақ,
17 мемлекетаралық саммит пен
4 халықаралық форумды қоса алғанда, Президенттің қатысуымен халықаралық сипаттағы
150-ге тарта іс-шара болып өтті.
Н.Ә.Назарбаев
25 баспасөз конференциясы мен брифинг өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа
12 сұхбат берді,
5 бейнежазба үндеуін жолдады. Бұдан басқа халықаралық ядролық қауіпсіздік және Қазақстан мен Еуропалық Одақтың екіжақты ынтымақтастығы мәселелері бойынша шетелдік БАҚ-та Елбасының
2 мақаласы жарық көрді.
Президент жыл бойы
6 600-ден астам құжат қарап, қол қойды. Оның ішінде
118 заң,
266 жарлық,
88 өкім,
18 мәжіліс хаттамасы,
1 027 қызметтік құжат,
4 762 талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материал, азаматтардың
331 арыз-шағымы бар.
Осы мерзімде Мемлекет басшысы барлығын қоса алғанда
56 күн іссапарда, соның ішінде
29 күн шетелде,
27 күн Қазақстанның өңірлерінде болды.
* * *
2014 жылы елдің
әлеуметтік-экономикалық жағдайына Қазақстанның алдағы Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне, әлемдік экономикалық дағдарыстың тереңдеуі тұсында қуат көздері бағасының құлдырауына, сондай-ақ, Батыс пен Ресей арасында өріс алған «санкциялық соғысқа» байланысты сыртқы факторлар әсер етті.
Осындай жағдай қалыптасып отырған кезде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Қазақстан-2050» Стратегиясын одан әрі жүзеге асыру тәсілдерін реттеу қажеттілігі пісіп-жетілді.
Елдің Ұлттық банкі жыл басында жүзеге асырған теңгенің бір сәттік 20% баға түзетуі сыртқы қолайсыз қысымды бейтараптандыру және отандық экономиканы қорғау жөніндегі алғашқы қадамның бірі болды.
Жұмысын қайта бағдарлау талап етілген Үкіметті ауыстыру келесі қадам болды. Осыған байланысты Президент сәуір айының басында Премьер-Министр С.Н.Ахметовтің кабинетін отставкаға жіберді және Үкіметтің К.Қ.Мәсімов басқаратын жаңа құрамы жасақталды. Бұл орайда Н.Ә.Назарбаев шешім қабылдау орталығын министрліктер мен өңірлерге қарай ауыстыра отырып, ауқымы жағынан шағын Үкімет құру қажеттігін атап көрсетті.
Қайта ұйымдастыру нәтижесінде Үкіметтегі 17 министрлік, 9 агенттік және 54 комитеттен 12 министрлік пен 30 комитет қалды: барлық агенттіктер мен жекелеген министрліктер таратылды, бірқатар министрліктер біріктірілді, сондай-ақ, жаңа министрліктер құрылды.
Президенттің тапсыруымен жаңа Үкімет жедел түрде Әлеуметтік-экономикалық саясаттың алғашқы кезектегі шараларының жол картасын әзірледі. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдеріне азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізгі түрлерінің, жанар-жағармайдың, дәрі-дәрмектердің бағаларының, сондай-ақ, монополистердің қызметіне қойылатын тарифтердің өсуіне жол бермеуді тапсырды.
Президент дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін ұлттық және шетелдік инвесторларды да шақырды. Сонымен қатар, мемлекет елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында әлеуетті инвесторларға арналған ауқымды жеңілдіктер жиынтығын ұсыну жөнінде бастамашылдық танытты. Бұл жеңілдіктер қатарында инвесторларды корпоративті табыс салығы мен жер салығын төлеуден 10 жыл, мүлік салығын төлеуден 8 жыл мерзімге босату; нысанды пайдалануға бергеннен кейін күрделі шығынның 30 пайызына дейін мемлекеттің өтем беруі; қосымша құнға салынатын салық пен акциздерден басқа барлық салықтар мен төлемдердің мөлшерлемесін арттыруға қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беру қарастырылған.
Н.Ә.Назарбаев шағын және орта бизнес өкілдерін де осындай әрекетке шақырды. Оларға қолдау көрсету үшін Президент ұзақмерзімдік несиелендіру мүмкіндіктерін арттыруды тапсырды, осыған байланысты Ұлттық қордан сол мақсатқа 2014 және 2015 жылдары 1 триллион теңге бөлуді ұсынды.
Сондай-ақ, дағдарыс жағдайында экономикаға қолдау көрсетіп, оның тиімділігін арттыру мақсатында капиталдарды жария ету және мемлекеттік меншік нысандарын жекешелендіру шаралары басталды.
Қыркүйекте басталған, үшінші рет қолға алынып отырған мүлік пен капиталдарды жария ету рәсімінің мақсаты көлеңкелі экономикадағы қаржыны айналымға тарту болып табылады. 2015 жылдың соңына дейін жалғасатын жария ету шарасы нәтижесінде Қазақстанның бюджетіне 12 млрд. долларға жуық қаражат түседі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар мемлекеттің үлесі бар кәсіпорындарды жеке секторға беру үдерісі бастау алды. Бұл міндетті Президент Қазақстан халқына 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының алдына қойған болатын. 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарының негізінде квазимемлекеттік сектордың 700-ден астам мекемесін бәсекелік ортаға беру жоспарланған. Одан басқа, активтер мен нысандарды өткізу ісінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, олардың сатылуы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бірыңғай электрондық сауда жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Дағдарысқа қарсы тағы бір маңызды тетік халықаралық қаржы институттарымен ықпалдастықты кеңейту ісі болды. 2014 жылы Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 2,5 млрд. доллар, Азия даму банкімен 1,6 млрд. доллар, Ислам даму банкімен 1,1 млрд. доллар, Еуропа Қайта құру және даму банкімен 550 млн. доллар мөлшерін құрайтын ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойды.
Сонымен бірге, дағдарысқа қарсы іс-шаралар жүйесінің тірегі Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы болып отыр. 2014 жылы оның алғашқы бесжылдығы аяқталып, 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығы басталды.
Үкіметтің ҮИИДБ-ның алғашқы бесжылдығының қорытындылары туралы шілде айындағы есебі барысында Мемлекет басшысы оның табыстарын атап әрі негізгі кемшіліктерін көрсете отырып, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі өзінің айрықша бақылауында екенін ескертті.
Дағдарысқа қарсы іс-шаралар аясында Президент жыл бойы ел өңірлерінің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлді.
Мәселен, Н.Ә.Назарбаев орақ науқанының барысымен танысу мақсатында Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барған кезде мемлекеттің аграрлық салаға көрсетіп отырған мақсатты қолдауына ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің назарын аударды. «Аграрлық секторды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бастау алды. Оның негізгі бағытының бірі – ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру. Бұл өте маңызды және ауқымды жұмыс, – деді ол. – Қазір Кеден одағы аясында қазақстандық өнім өндірушілердің алдынан орасан мүмкіндіктер ашылуда, мұны пайдалана білу керек. Таяу уақыттарда отандық өнімдерді Иран арқылы Парсы шығанағына шығаруға жол ашылады. Сондықтан біз экспортқа лайықталған өнімдерді көбірек өндіруіміз керек».
Павлодар облысында Президент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту барысымен танысып, ішкі нарықты өз жанар-жағармайымызбен жедел әрі толықтай қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында Қазақстан үшін зауытты жаңғыртудың маңызы зор екенін атап айтты.
Мемлекет басшысы Қостанай облысында 60 жылдық мерейтойын атап өткен Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде, сондай-ақ, «Toyota Fortuner» және «SsangYong Nomad» автокөліктерін құрастыру ісін жолға қойған «СарыаркаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС-інде болды.
Қарағанды облысында Н.Ә.Назарбаев жалпы ұзындығы 1 200 шақырым болатын «Арқалық – Шұбаркөл» және «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желілерін салтанатты түрде ашты. «Арқалық – Шұбаркөл» магистралінің пайдалануға берілуі Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне шығу мүмкіндігін қамтамасыз етті. 2014 жылы «Өзен – Берекет – Горган» халықаралық теміржол магистралі құрылысының аяқталғанын ескерсек, «Жезқазған – Бейнеу» желісі Орталық Қазақстанды Ақтау теңіз порты арқылы Түрікменстанмен, одан әрі Парсы шығанағымен жалғастырды.
Көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне Президент Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде де назар аударып, инфрақұрылымды жаңғырту және Каспий теңізі порттарының қуатын арттыру жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмасы бойынша Ақтау портында қуаттылығы жылына 1,5 млн. тоннаны құрайтын астық терминалын салу, сондай-ақ, негізгі жүктер мен контейнерлерге арналған қуаттылығы жылына 1,5 млн. тоннаны құрайтын екі терминал салу көзделуде. Мұның өзі жалпы алғанда жүктердің жылдық тасымалының көлемін жылына 19,5 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2014 жылдың аяғында Алматы облысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрғақ порты пайдалануға берілген болатын. Құрғақ порт Қытаймен шекарада Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан ірі көлік-логистика торабының алғашқы кезектегі нысаны екені белгілі. «Бұл – ҚХР-мен бірігіп жүзеге асырылып жатқан, көптен күтілген ірі жоба. Біз оған үлкен үміт артамыз. Халықаралық орталық ретінде Қорғас бұдан да қарқынды дами беретін болады. Мен таяу уақытта ол жерде Қазақстанның үлкен бір қаласы пайда болады деп ойлаймын», – деп мәлімдеді Президент оның ашылу рәсімінде.
Тұтастай алғанда, ««Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА «Жетіген – Қорғас» және «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желілерімен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізімен және Ақтау теңіз портымен ұштаса келе, Қазақстанның әлемдік сауда мен тасымалға одан әрі интеграциялануын қамтамасыз ете отырып, қуатты шекара маңы логистикалық орталығын құрайды.
Сондай-ақ, 2014 жылы Қытай тарапымен бірлесе отырып, әлемнің ең ірі порттарының бірі саналатын Қытайдың Ляньюньган теңіз портында Қазақстан терминалының алғашқы кезектегі нысанын салу жөніндегі көлік-логистика жобасының басталғандығын да атай кеткен жөн. Терминалды салу Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Австралияға, Канадаға және кері бағытта тасымалданатын Қазақстанның транзиттік жүктерін өңдеу және тиеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Осылайша, 2014 жылы Қазақстанның шалғай өңірлерін бір-бірімен жалғастырған, сонымен қатар, ірі халықаралық транзиттік бағыттар желісіне етене интеграцияланған бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыру үшін елеулі қадамдар жасалды.
Тұтастай алғанда, дағдарысқа қарсы бағдарламаның түпкілікті пішіні Мемлекет басшысының 11 қарашада Қазақстан халқына кезекті Жолдауы аясында жарияланған «Нұрлы Жол» бағдарламасында көрініс тапты. Шын мәнінде, ол Қазақстанның алдағы дағдарыс жылдарына арналған Жаңа Экономикалық Саясатын тұжырымдап берді. Оның өзегін Инфрақұрылымдық даму жоспары құрайды. Президент жеті басымдық қатарында көлік-логистикалық, индустриялық-инновациялық, энергетикалық, тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдауды атады.
«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы біздің ауқымды қадамымыз. Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Тек білекті сыбанып іске кірісу керек», – деп қорытты Президент қазақстандықтарға тілегін арнай отырып.
Бағдарламаны жүзеге асыру, сондай-ақ, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында алдағы үш жыл ішінде Ұлттық қордың 9 млрд. доллар қаржысын пайдалану жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен бірге, дағдарыстың себептері Қазақстаннан тысқары жатқанын және жаһандық деңгейде күш-жігерді үйлестіруді талап ететінін ескере отырып, Н.Ә.Назарбаев бұл мақсаттар үшін Дүниежүзілік экономикалық форум (Швейцария), Х Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы (БАӘ), VІІ Астана экономикалық форумы (Қазақстан), ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция (Қазақстан) сияқты ірі халықаралық форумдардың мінберлерін белсенді түрде пайдаланды.
* * *
Украина дағдарысына байланысты оқиғалар 2014 жылғы
сыртқы саясаттағы басты сын-қатерге айналды. Қазақстан оның өзегіне жақындау болып шықты.
Қалыптасып отырған осындай жағдайда Қазақстанның өз сыртқы саясатының, ең алдымен, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты әлемнің жетекші елдерімен және Еуропалық одақпен қарым-қатынасының көпвекторлылығын сақтап қалуы жылдың басты қорытындысы болды.
Қазақстан өзінің
Еуразиялық интеграцияны нығайту жөніндегі стратегиялық бағытын ұстана отырып, 2014 жылғы 29 мамырда Ресеймен және Беларусьпен бірлесіп, тарихи маңызы бар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Кейінірек шартқа Армения мен Қырғызстан қосылды.
Тиісті шартты қатысушы елдердің барлығы қысқа мерзім ішінде ратификациялады. Былтыр ЕАЭО жұмысын бастауға дейінгі әзірлік аясында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 5 отырысы болды, қорытынды жиыны 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында өтті.
Саммиттің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында Н.Ә.Назарбаев 2015 жыл еуразиялық интеграцияның жаңа кезеңінің бастауы ретінде тарихқа енетінін атап өтті. «Біз Одақты құруға жиырма жыл уақыт жұмсадық. Ол 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде мен ұсынған идеядан нақты іс жүзіндегі шешімге айналды. Барлық мемлекетаралық құжаттарды әзірлеу барысында орасан жұмыс атқарылды, онда біздің елдеріміздің әрқайсысының ұлттық мүдделері, экономикалық мүмкіндіктері ескерілді», – деді Елбасы.
Осылайша, арада 20 жыл өткенде Қазақстан көшбасшысы идеясының табысты іске асқанына әлем куә болды.
Еуразиялық интеграцияның векторы ТМД елдерімен дәстүрлі достық және өзара тиімді қарым-қатынастарға негізделеді. 2014 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырыстарымен қатар қазан айында Минск қаласында ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі және ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырыстары, желтоқсанда Мәскеу қаласында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті.
Көмірсутегі саласында инновациялық технологияларды бірлесе қолдану мәселелері бойынша қыркүйекте Атырау қаласында болған Қазақстан және Ресей ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумын да осы шаралар қатарында атап өткен жөн.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатының
еуроатлантикалық бағытында да елеулі табыстарға қол жеткізді.
Мәселен, Мемлекет басшысының Бельгияға қыркүйектегі ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселесі жөніндегі келіссөздер үдерісі аяқталды.
Сондай-ақ, Америка тарапымен де байланыс белсенді болды. Атап айтқанда, Нидерландтағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ Президенті Б.Обамамен кездесуі өтті. Бұл кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету, ядролық қаруды таратпау ісіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары У.Бернс пен Халықаралық қатынастар комитетінің Еуропа және Еуразия елдері шағын комитетінің төрағасы Д.Рорабакер басқарған АҚШ Конгресі делегациясының Астана қаласына сапары барысында Қазақстан-Америка үнқатысуы жалғасын тапты.
Қазақстан Президентінің Нидерланд пен Бельгияға сапарлары, сондай-ақ, Швейцария Президенті Д.Буркхальтердің, Франция Президенті Ф.Олландтың, Чехия Президенті М.Земанның, Италия Премьер-министрі М.Ренци мен Албания Премьер-министрі Э.Раманың елімізге сапарлары аясындағы еуропалық көшбасшылармен байланыстары да өткен жылды жемісті етті.
Қазақстан көшбасшысының халықаралық аренадағы жоғары беделімен ұштасқан Қазақстанның осындай салиқалы әрі үйлесімді сыртқы саясаты біздің елімізге Украина қақтығысында оның Ресей, АҚШ, ЕО және Украина секілді барлық тараптарымен белсенді іс-қимыл жасай отырып,
маңызды араағайындық рөл атқаруға мүмкіндік берді.
Қақтығыс басталған 2014 жылғы наурыздан бері Н.Ә.Назарбаев диалогтың қажеттілігі туралы тезисті табанды түрде ұсына отырып, Ресейдің, АҚШ-тың, Германияның, Ұлыбританияның және басқа да мүдделі елдердің басшыларымен телефон арқылы ұдайы келіссөздер жүргізді.
Көбіне-көп Қазақстан Президентінің күш-жігерінің арқасында жаз ортасына қарай Кеден одағы мемлекеттері, Украина басшыларының және ЕО басшылығының кездесуіне қол жеткізілді. Соның қорытындылары бойынша Украинадағы ахуалды бейбіт реттеу үдерісінің басталуына негіз қалаған Минск келісімі қабылданды.
Қазақстан Президентінің Ресей мен Украинаға желтоқсандағы сапарлары да үлкен рөл атқарды. Украина басшылығымен келіссөздердің қорытындылары бойынша Н.Ә.Назарбаев қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты жолдары бар екендігі туралы мәлімдеді: «Негізгі серіктес болып саналатын Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіруге болады деп ойлаймын. Украина Еуропаға жақын, осыны ескеріп, солармен қауымдасып отырғанын толық түсінуге болады. Мен Ресейді де, Украинаны да елдің аумақтық тұтастығын сақтай отырып, тығырықтан шығудың жолын іздеу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын.
Минск келісімдерінде көрсетілген мәселелерді шешуге болады. Бұл ретте, бәрі аз ұлттар құқығына келіп тіреледі. 100-ден астам ұлт өкілдері мекендейтін Қазақстанда түрлі этностарды ана тілдерінде оқытатын мектептер, ұлттық театрлар бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның жанындағы тіл үйренуге, мәдениет пен тарихты сақтауға септігін тигізетін 36 мәдени орталық жұмыс істейді. Бұл – әлемдік тәжірибе, Украина мұны өз мемлекеттігі аясында қолдануына болады. Тығырықтан шығудың жолы бар екеніне сенімдімін және оны тезірек пайдалану қажет».
Франция Президенті Ф.Олландтың Қазақстанға мемлекеттік сапарына да осы тұрғыдан қараған жөн. Бұл сапар барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерімен қатар, Украинадағы шиеленісті бәсеңдету жолдарын талқылауға да елеулі түрде көңіл бөлінді.
Н.Ә.Назарбаевтың бітімгерлік саясаты нәтижесінде 2014 жылдың соңында Ресей, Украина, Германия және Франция мемлекеттері басшыларының қатысуымен «норманд форматындағы» келіссөздерді бастау туралы түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілуі қорытынды іспетті болды. Тіпті биылғы қаңтар айының ортасына жоспарланған кездесуді өткізу үшін Қазақстанның астанасы таңдалды.
Қазақстанның
Азия бағытындағы сыртқы саясатының интенсивтілігі мен мазмұндылығы да бұдан кем түсе қойған жоқ. Оның басымдықтары Қытай, Иран, Түркия сияқты өңірдегі ең ықпалды деген мемлекеттермен, сондай-ақ, Орталық Азиядағы көршілермен қарым-қатынастарды одан әрі тереңдете түсуге байланысты болды.
Қытаймен қарым-қатынас мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Қытай мен Ресейдің жақындаса түскені байқалған тұста бұл байланыстар қосымша қарқын алды. Мәселен, Қазақстан Президентінің ҚХР-ға мамыр айындағы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 8 млрд. долларлық екіжақты 15 құжатқа қол қойылды. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және транзит, инфрақұрылымды дамыту, сауда, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты арттыру туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қытаймен арада бастау алған бастамалар мен жобалар Мемлекет басшысының Қазақстанға желтоқсанда ресми сапармен келген ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен болған келіссөздері барысында беки түсті.
Қазақстанның Оңтүстік Кореямен өзара іс-қимылы табысты түрде ілгеріледі. Президент Пак Кын Хенің елімізге шілдедегі сапары барысында энергетика, машина жасау, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, білім беру мен ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бүгінде оңтүстіккореялық серіктестермен 22 млрд. долларды құрайтын 15 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Балқаш ЖЭС-і, Атырау облысындағы газхимия кешенінің құрылысы, Каспийдегі «Жамбыл» кен орнын игеру ісі осы жобаларға тиесілі.
Мұсылман әлемі елдерімен байланыс едәуір жандана түсті. Катардың Әмірі Тамим бен Хамад әл-Танидың, Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл Халифтің, Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстанға сапарлары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашты.
Қазақстан – Иран қарым-қатынасының дамуына серпін берген Иран Президенті Х.Руханидің Қазақстанға қыркүйектегі мемлекеттік сапарының маңызы зор болды. Соның қорытындысы бойынша Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық жөніндегі жол картасына, халықаралық жолаушылар және жүк тасымалы туралы келісімдерге қол қойылды, тау-кен өндірісі, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салаларындағы, ғылыми-зерттеулер мен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Түркияға екі рет барып қайтты. Маусымда өткен Түркі кеңесінің ІV отырысында Президент Түркияға келешекте Еуразиялық экономикалық кеңестің ассоциациялық мүшесі болуды ұсынды. Тамыз айындағы екінші сапары барысында сайлауда жеңіске жеткен Президент Р.Ердоғанды ұлықтау рәсіміне қатысты.
Н.Ә.Назарбаевтың мұсылман әлеміндегі беделі жоғары екеніне оның қазанда БАӘ-де өткен Х Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында «Ислам қаржысы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталуы дәлел бола алады.
Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық та қарқынды дами түсті.
Қазақстан Президентінің желтоқсан айындағы бірқатар маңызды қорытындыларымен есте қалған Түрікменстанға ресми сапары да өте табысты болды. Атап айтқанда, екі ел арасында Каспий теңізінің табанын бөлісу туралы келісім жасалды, сондай-ақ, Қазақстанның Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азияның нарығына шығуын қамтамасыз ететін «Өзен – Берекет – Горган» теміржол магистралі салтанатты түрде ашылды.
Өзбекстан Президентінің Қазақстанға қарашадағы ресми сапары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге бірлесе қарсы тұру, Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысын өткізу туралы, т.б. шешімдер қабылданды.
Қырғызстан Президенті А.Ш.Атамбаевтың Қазақстанға қарашадағы мемлекеттік сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің IV отырысында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ, күзгі-қысқы жылу беру маусымында көрші елге көмек көрсету жөнінде маңызды шешімдер қабылданды.
Қазақстанды халықаралық аренада таныту тұрғысынан Н.Ә.Назарбаевтың
халықаралық бірлестіктер мен халықаралық форумдар аясындағы кездесулерінің маңызы зор болды.
Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысы 2014 жылы халықаралық ынтымақтастық аясында
17 халықаралық саммитке қатысты. Атап айтсақ: ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит (Нидерланд), АӨСШК-нің IV саммиті (ҚХР), Түркі кеңесінің IV саммиті (Түркия), ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы (Тәжікстан), «Азия – Еуропа» форумының Х саммиті (Италия), Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті (Ресей), Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХІ форумы (Қазақстан), Қазақстан және Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысы (Қазақстан), Кеден одағы, Украина мемлекеттері басшылары мен ЕО басшылығының кездесуі (Беларусь), ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы (Беларусь), ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысы (Беларусь), ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы (Ресей), Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің 5 отырысы (Қазақстан, Ресей, Беларусь), сондай-ақ,
халықаралық форумдардың 4 отырысына қатысты: Дүниежүзілік экономикалық форум (Швейцария), Х Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы (БАӘ), VII Астана экономикалық форумы (Қазақстан), ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция (Қазақстан).
Қазақстан Президентінің наурызда Гаага қаласында өткен
ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысуы жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыс мәселелері бойынша біздің елдің көшбасшы болып келе жатқанын тағы да дәлелдеді. Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ жанынан ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттерге, сондай-ақ, өңірлік ядросыз аймақтар туралы келісімдерге қол қойған барлық елдерге ядролық державалардың кепілдігін сақтау жөніндегі Халықаралық мониторинг бюросын құру туралы ұсынысы саммитке қатысушылардың бәрінің де зор қызығушылығын туғызды.
Мамырда Шанхай қаласында өткен 47 елдің мемлекет және үкімет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері қатысқан
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV саммиті маңызды халықаралық оқиға болды. Саммитте жаңа екі мүше – Катар мен Бангладеш елдері қабылданды, сол арқылы форумға қатысушылар саны 26-ға жетті.
Шанхайда Қазақстан көшбасшысы АӨСШК-ні Азияның қауіпсіздігі мен дамуы жөніндегі ұйымға айналдыруды ұсынды, бұл Кеңесті дамудың жаңа сапалық биігіне шығарады. Осылайша, Мемлекет басшысының АӨСШК жиынын шақыру туралы 1992 жылы БҰҰ мінберінен ұсынған бастамасы толыққанды халықаралық өңірлік ұйымға айналдыру сатысына көтерілді. «Ол ЕҚЫҰ-ға шынайы бәсекелестік тудыруға тиіс. Батыс Шығыстан бөлек өзара ықпалдастық пен өзара түсіністікті, сондай-ақ, шығыстық дәстүрлер мен құндылықтарды ескермей, тұрақты дами алмайды», – деп атап көрсетті Президент.
Түркі интеграциясы аясында жемісті нәтижелерге қол жеткізілді. Н.Ә.Назарбаев
Түркі кеңесінің IV отырысында түркі әлемінің келешегі бар даму бағыттары ретінде трансөңірлік көлік коммуникацияларын бірлесе пайдалану арқылы түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетін арттыру және ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры жүйесінде дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін атап өтті.
Жаһандық шиеленістің ширығуы мен тұрақсыздықтың жаңа ошақтары пайда болғанын ескерсек, Қазақстан Президентінің қыркүйекте Душанбе қаласында өткен
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысуының ерекше маңызы болғанын көреміз. Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігін, ШЫҰ Су комитетін, өңірлік бағыттарға ұдайы мониторинг жасап, талдап отыру үшін Болжам жасау орталығын құру, сондай-ақ, өзара ұлттық валюта арқылы есептесу жөніндегі бастамалары қорытынды құжаттарға, соның ішінде ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына арқау болды.
Нағыз серпіліс қыркүйектің соңында Астрахань қаласында өткен
Каспий маңы мемлекеттерінің IV саммиті барысында болды. Каспий теңізінің айдынын бөлісу, браконьерлікпен бірлесе күрес жүргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экология, экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар келесі саммитте шешуші құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы үшін елеулі құқықтық негіз қалады.
Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаевтың қазанда Милан қаласында болған
«Азия-Еуропа» форумының Х саммитіне қатысқанын да атап өткен жөн. Бұл форум барысында Қазақстан осы халықаралық ұйымның толық құқылы мүшесі мәртебесін иеленді.
2014 жылы Мемлекет басшысының екіжақты қарым-қатынастар бағыты бойынша шетелдерге 8 сапары болды. Оның 1-еуі мемлекеттік, 2-еуі ресми және 5-еуі жұмыс сапары. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік сапармен Қытайға (19 мамыр), ресми сапармен Нидерландқа (23 мамыр), Түрікменстанға (2 желтоқсан), сондай-ақ, жұмыс сапарларымен Ресейге (28 сәуір), Түркияға (27-28 тамыз), Бельгияға (8-9 қазан), БӘА-ға (28 қазан) және Украинаға (22 желтоқсан) барды.
Президент жыл бойы бірқатар шет елдің мемлекет, қоғам және саяси қайраткерлерін, халықаралық ұйымдар мен компаниялардың басшыларын, іскерлік топтар мен банк жетекшілерін қабылдады.
Н.Ә.Назарбаев жыл ішінде Ресей, АҚШ, Түркия, Беларусь президенттерімен, Германия Федералдық канцлерімен, Ұлыбритания, Малайзия, Италияның премьер-министрлерімен және басқалармен
телефон арқылы сөйлесті.
Президентке 19 елдің – Ауғанстанның, Египеттің, Үндістанның, Иранның, Италияның, Канаданың, Қытайдың, Ливияның, Литваның, Македонияның, Малайзияның, Нидерландтың, Оманның, Пәкістанның, Тәжікстанның, Чехияның, Швецияның, Эстонияның, Жапонияның елшілері
Сенім грамоталарын тапсырды.
* * *
2014 жылдың
ішкі саяси күнтізбесі ел Президентінің Қазақстан халқына арналған
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын 17 қаңтардағы Жолдауымен ашылды. Онда Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуі жөніндегі егжей-тегжейлі жоспарын ұсынды. Президент ел алдында тұрған міндеттердің мәнін атап айта отырып, «Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, Үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалана білуге тиіспіз», – деп мәлімдеді.
Сәуірде «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханилық және келісім мәдениеті» ұранымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Президент «2050» Стратегиясының табысты жүзеге асырылуының аса маңызды шарты қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік болып табылатынын атап көрсете отырып, Қазақстан халқының топтасуының идеологиялық негіздерін белгілеп берді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесі отырыстарында жариялаған, әлемде және өңірде өзгеріп жатқан геосаяси ахуал жағдайында ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамалары қоғамда түсіністік пен қолдау тапты.
Н.Ә.Назарбаевтың Парламенттің бесінші шақырылымының ІV сессиясының ашылуы барысындағы депутаттық корпуспен қыркүйектегі кездесуі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру орайында саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету, сондай-ақ, дағдарысқа қарсы шаралар мәселелеріне арналды.
Өткен жылы Президент жаңа мерекені – Отбасы күнін атап өтуді ұсынды, соның аясында ол «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніне байланысты өткен салтанатты жиналыста 2014 жылдың негізгі қорытындыларын жариялады. Президент 2015 жылға арналған басымдықтар мен міндеттер туралы айта келіп, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын, ел Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге байланысты алда тұрған мерейтойлық даталардың маңыздылығына ерекше мән берді.
Мемлекет басшысы бұл мәселелердің бәріне 21 желтоқсанда Қазақстанның жетекші телеарналарының журналистерімен тікелей эфирде өткен қорытынды кездесуінде толығырақ тоқталды. Бұл орайда, Президент әлемдік экономикалық дағдарысқа, оның отандық экономикаға, елдің ішкі және сыртқы саясатына әсеріне, Украинадағы жағдайға қатысты барша қазақстандықтарды толғандырып отырған проблемаларға, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы қорытындыларына, «Нұрлы Жол» бағдарламасының мазмұнына және басқа мәселелерге ерекше мән берді.
Жыл соңында Н.Ә.Назарбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қолдау көрсетуге арналған жалпыұлттық акция туралы бастама көтерді. Елбасы тапсырмасымен Жаңа жыл қарсаңында бүкіл еліміздегі облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері республикада тұрып жатқан 5 мыңнан астам соғыс ардагерлеріне арнайы барып, оларға Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаттары мен сыйлықтарды табыс етті.
Президент 2014 жылдың соңында өзінің қазақстандықтарға арналған жаңажылдық құттықтауында былай деді: «Біз үздіксіз өзгеріп жатқан ауқымды ашық әлемде өмір сүрудеміз. Қазір бұл өзгерістердің жылдамдығы арта түсті. Алайда, біз өз тағдырымызды өз қолымызда мықтап ұстап отырғанымызды тағы да дәлелдедік. Қазақстан келе жатқан жылды нақты жасампаздық іс-әрекеттер жоспарымен қарсы алуда. Болашаққа бастайтын осы жол өзгерістерді жаңа жетістіктерге айналдырады. Ол үшін біз күш-жігерді ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан – бірлік пен татулықтан алып отыратын боламыз. Тұтастық, уақыт пен ұрпақтың мызғымас байланысы біздің жолымызды бұдан да сенімдірек ете түседі».
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
Президенті Кеңсесінің бастығы.