13 Қаңтар, 2015

Никита, Ксения және Богдан қазақ балабақшасына келді

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_2339 Аудан орталығы – Тереңкөл­де жаңа балабақша ашылды. Көптен күткен қуанышты балалар мен ата-аналар үшін «НВС Строитель» серіктестігі сыйға тартты. Құрылысшылар бұрынғы интернат үйін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңартты. Бала­бақшаның ерекшелігі сол, мұнда кішкентайлар 1,5 жастан 3 жасқа дейін қабылданады. Тәр­биешілер бөбекжай деп атайды. Қазір аудан орталығының 33 тұрғыны үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Яғни балабақшада білімді, білікті тәрбиешілер қызмет ете бастады. Тағы бір қуантарлығы сол, қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаға балаларын жетектеп өзге ұлт өкілдерінің ата-аналары да келді. Осы жерде туып-өскен олар мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп саналы түрде түсінеді. Сөйтіп, 90 баланың 27-сін өзге ұлт өкілдерінің балалары құрап отыр. Мысалы, Слава Рыбалконың шешесі Елена кәсіпкер, Никита Диденконың анасы Валентина болса біздің әріптесіміз, аудандық «Заря» газетінің редакторы, Ксения Бурошкина мен Богдан Ефименконың аналары Наталья мен Татьяна аудандық ауруханада медбикелер, Елизавета Кулистің анасы Наталья аудандық пошта бөлімінде, Кириил Дударевтің анасы Оксана кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді екен. – Бұл – ата-аналардың отба­сылық шешімдері. Мұны кіш­кентай балаларымыздың әке-шешелерінің өздері тұрып жатқан туған Отандарына, ауылдарына деген құрметі деп түсінеміз. Еліміздің болашағы – қазақ тілінде, балаларымызды балабақшадан бас­тап қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелейтін боламыз. Елбасының саясатын қолдайтын тату тірлікте өмір сүріп жатқан біздің ауданымыздағы өзге ұлт өкілдерінің бір ел, бір тағдыр дейтін ниет-пейілдері ұзағынан болсын, – дейді «Талбесіктің» меңгерушісі Гүлбаршын Бақытқызы. Кішкентайлар енді «Келешек» бағдарламасы арқылы тәрбие­ленеді. Аудан орталығында «Талбесіктен» басқа, «Ақбота», «Балдәурен» балабақшалары да бар. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері аудан орталығының атауы өзгеріп, Тереңкөл аталды, жаңа заманға сай салынған қазақ мектебі бой көтерді. Фарида БЫҚАЙ,  «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Қашыр ауданы.