Мен бұл курсқа «сырттан ауысып келген сырттанмын». Күні бүгінгідей көз алдымда: болашақ курстастарымның жиналып отырған аудиториясын әрең тауып, кешігіңкіреп келіп кірдім. Мені аңдап қалған кейбіреулері: «Мұрты едірейген бұл кім?» дегендей одырая қарасып қалды. Көптің көзінен именіңкіреп қалғаным да рас енді. Сонда да сыр білдірмей өзімше алшаң басып алдыға адымдап келемін. Бос орны құрғыр да көрінбейді. Қатарлардың ортасынан ауа бергенімде біреу жеңімнен тартып: «Мұнда отыр», деп әрі қарай ысырылып жанынан орын берді. Есімі де ерекше екен. Намазалы.
Ақселеу ағам айтпақшы, алдың алыс, артың жақын өмір-ай десеңші. Содан бері талай қыр асып, қырық бес жылды артқа тастаппыз. Сол танысқан күніміз табысқан да күн болып, арамызға ала жіп кіргізген емеспіз. Жыл өтсе де, қыл өткен жоқ. Айырмашылығы сол, кешегі бала Намазалы бүгін аты берісі елімізге, арысы мұхит асып, есімі елге елеулі, айтулы азамат Нәкең болды. Жалғыз біздің курстың ғана емес, бүкіл еліміздің марқайып айтар марқасқасы.
Онымен балалықтың бал бұлағын бірге кешпесек те, жігіттіктің жазирасында бірге сайрандап, жемісін бірге тердік. Білуімізше біздің досымыз бала күнінен-ақ дара болғанға ұқсайды.
– Ол кішкене кезінен-ақ қағылез, қайсар болатын және кей мінезі үлкен адам сияқты ерекше ақылды еді, – деп отыратын оның бала күннен досы Рысбек Рысқұлұлы. – Бала Намазалы мен құсап қыздардың көзіне құм шашып қашқан емес, көзі кеміс үлкен кісіні бір көзін қысып мазақтаған емес. Тіпті, оның оғаш қылық жасағаны есімде жоқ. Ол қашан да бізге үлгі болатын.
Оның сол бір аңқылдаған ақкөңіл досының осы әңгімесінен болашақ биік парасат иесінің бала тұлғасын танығандай боласың.
– Намазалы атқа жаны құмар болды, – дейтін Рысбек тағы да. – Ауылда бәйге болса жарыстың алдын бермейді. Намазалы атқа қонды дегенше, бас бәйгені алды дей бер.
Осы жерде арғымақ ақын Айтов досымыздың да жасында дәп осындай атқұмар болғаны еске түседі. Қазір екеуі де өмір бәйгесінің алдын бермей әлі құйғытып, құйындатып келе жатқан жоқ па!
Айтпақшы, Намазалының ат танығыштығын өзімнің де көзім көргені бар.
Тағдырдың мына жазуын қараңыз, қызық болғанда менің жерлес қарындасыма ол үйленіп, оның жерлес қызына мен қосақталдым. Алдымен оған мен күйеу жолдас болдым, бір жылдан соң ол маған Төлегеннің Шегесі болып, ауылыма дейін бастап барып, жерлес қызын әке-шешеме өзі түсіріп берді.
Біздің Арқа басынан жаугершілікті көп атқарғандықтан ба екен, бір қараған жанға бәйге атындай бойын жасырып, сұлулығын көрсетпей тұрады. Сол момақан ғана құба белдер мен алыстан мұнартып көрінетін шоқылардың арасы толған шоқ-шоқ қайың-терек, сылдырап аққан бұлақ болып келеді. Мен туып-өскен Қарағанды өңіріндегі Киікті стансасының да маңы сондай.
Бізді жанында Қабдыраштың Төлені деген досы бар Болат ағам тосып алып, қайың-талы сыңсыған қолат-қолатты аралатып, әкем жайлап отырған тау арасындағы Сарыөзен деген қыстаққа алып барды.
Алыстан қазақтың найза ұстап, қылыш көтерген соңғы батыры Ағыбай жатқан Тайатқан-Шұнақ, оның оң қапталында Қоңырқұлжа мен Сарықұлжа, Айғырұшқан таулары мұнартады.
– Ойпыр-ай, сен тау баласы екенсің ғой, – деді сонда Намазалы маған қадала қарап. Көкпен тілдескен тауы, арқырап айбаттанып ағатын өзендері бар жер жәннаты Меркінің ұлы бола тұрып, сөйтіп маған да, менің жеріме де әділ баға беріп еді сонда жап-жас сұңғыла жігіт.
Әкем малды, жылқылы еді. Сөйткенше үлкен ағам Бақыт жылқыларды тауып айдап әкеліп, бір семіз тайды ұстап, қалғанын шарбақтан шығарып жатыр екен.
– Әй, ана жылқыларды санамадыңдар да ғой, – деп қалды шешем.
– Қырық екі екен, апа, – деген дауыс саңқ ете қалды. Намазалының дауысы!
Әкем елпілдеп ешкімді мақтамайтын, бір көрмеге суықтау адам болатын. «Ойпырым-ай, сол баланың зерегі-ай», деп көпке дейін таңдай қағып жүрді. Сол жолы бір топ қыз-жігіт бардық қой. Бір қызығы ауылға барған сайын әкем солардың ішінен Намазалыны ғана сұрайтын. Сол кездің сұңғыла шалы болар баланы айнымай таныған екен-ау деп топшылаймын қазір.
Айтпақшы, Намаздың ат танығыштығы жөнінде. «Әй, әне бір тортөбелді-ай» деп қалды ол менің бәсіре тайыма сұқтана қарап. Сол тай кейін ұшқыр жылқы атанып, әсіресе, қашаған қуса аттатпайтын сүйріктей сәурік болды. Өз үйірін шашау шығармай адамға да, аңға да бермейтін. Қасқыр көрсе қарсы шауып, жерге тығып жіберердей тарпынатын. Кейін Алматыда жүргенде естідім, сол кертөбел баяғының батырларынша ақыры оққа ұшып мерт болыпты. Таудың арасында бақша егіп Степан деген біреу отырушы еді, жануарды сол оққа байлапты. Тайыншадай-тайыншадай иттері болатын, әлді айғыр солардың бірін тарпып, талдырып тастағанға ұқсайды. Кейін ол ит те майып болыпты.
Нәкеңнің әке-шешесін мен де көріп, баталарын алғанмын. Басқа курстас достарымнан сөзсіз артықшылығым осы. Әкесі Омекең жып-жинақы, сөйлесе дөп тигізіп қана ой айтатын, қыран қабақ кісі еді. Ал анасы Әйкүл апамыз молдау пішілген, салмақты, сарабдал жан болып көрінді. Намазалының бойында екеуінің де қасиеттері дарыған.
– Енді Омаштың сарынына салайын, – деп бізді бір күлдіріп алып Намазалы гармонын құлаштай созып бір кететін. Соған қарағанда ол кісі де өнерден қара жаяу болмаса керек. Ал Нәкеңнің өзінің әжептәуір ән айтатынын бұл күнде біреу біліп, біреу білмес. «Биік таулар биікпін деп мақтанба, күнің туса сен де тыйпыл боларсың», деп Мақтымқұлы мақамдарын аңыратқанда құлақ құрышын қандыратын.
Ал енді осы Омаш әкеміз бен Әйкүл апамыздың сегіз ұл мен қызының ешқайсысы да жерде қалған жоқ. Жерде қалғаныңыз не, бір жылы Намазалы мен Дәуітәлі бауырымыз «Құрмет» орденін бір күні алып, Омаштың қос жүйрігі бәйгеден қатар келіп, таңдай қақтырғаны бар. Әне, таза қазақы тәрбиенің тылсым сыры!
Әдетте: «Арман адастырмайды», деп тақпақтап жатамыз ғой. Мәселен, өз басым «журналист болам» деп төртінші класта жүргенде-ақ тон пішіп, оны арманымның аққұсына айналдырып, көкейіме қондырып қойған едім. Сонда да не Намазалы, не Жанболат бола алғаным жоқ. Мұны армандаудың қажеті жоқ дегеннен айтып отырғаным емес. Намаздың ерлігін айту үшін сөзімнің сыралғысы ретінде салып отырғаным.
Ал осы Намазалы өз биігіне армандамай-ақ жеткен ғажайып жан. Оның алғашында СХИ ма, әлде политех па, әйтеуір солардың біріне түсіп ауа жайылғаны да бар. Алматыда «Балалар әлемі» дүкенінің маңында бір жобалау институты тұратын. Әлгі оқуымды тастап кетіп, анау қабатта, анау әйнектің арғы жағында қызмет істедім, деп көрсететін маған. Ауылда жүріп мал бағып, малтығып келген маған онысы: «Кремльде жұмыс істеп келдім», дегеннен кем көрінбейтін.
Ақыры, бойындағы тума талант түртпектеп байыз таптырмады ма, әлде Тұрсын айтпақшы «пайғамбардың ақ жолындағы Салихсейіттің сарқыты» болған соң ата-баба әруағы қолдады ма, әйтеуір өзінің шыңға шығарар өмірлік жолын ақыры адаспай өзі-ақ тауып келді.
Өз курстасы, досы болған соң жаудыра береді демегін, ағайын, сондықтан әрі қарай сөзді Шериаздан аға Елеукеновке берелік.
– Өндірдей жас жігіттің талап тұлпарына ырғып мінгені кеше ғана сияқты еді. Енді бір қарасам қасымыздан зу етіп өте шығып көз ұшында самғап кетіп бара жатыр. Біз де өзімізше бірсыпыра еңбек еткен сияқты едік, бірақ мына Намазалы інімнің қарқынына, тіл аузым тасқа, көз ілеспейді. Өз қатарында бірінші болып ЮНЕСКО профессоры атануы неге тұрады. Әйтеуір мен алмақ тұрсын, естімеген атақтары, Кембридж университетінің «Жыл адамы» дей ме, тағы да бір «Құрмет медалі», «Тану декларациясы» дей ме, шаш-етектен. Оған өзімізден берілген марапаттарды қосыңыз: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан «Алғыс хат», Журналистика акадмиясының «Алтын самұрық», Ахмет Байтұрсынов атындағы Журналистер одағының сыйлығының лауреаты ... толып жатыр. Ол Лас-Вегас (АҚШ), Монреаль (Канада), Париж (Франция), Мәскеу және басқа да шет шаһарларында өткізілген ғылыми конференциялардың мінберінен баяндама жасап, қазақ журналистикасының қол жеткізген табыстарына ілтипатты баға алып беріп жүрген ғалымдарымыздың бірі.
Ал Зейнолла Қабдолов ағамыз болса: «Әрбір менің ұстаздық тәрбиемді алып, түлеп ұшқан шәкірт – менің қолымнан шыққан төлтума кітабым іспетті. Мен жазған кітаптардың ішіндегі классикасы – Намазалы Омашұлы!» деп тамсаныпты.
Бұлардың екеуі де жас кезімізде тіпті атын айтуға қаймығатын алып ағаларымыз. Өздері тау бола тұрып, артындағы інілерінің дәл сондай тұлғасын танып, бағасын айтып, батасын берген мұндай абыз аға ұрпақтан айналмайсың ба, ағайын!
Аға дегеннен шығады, Намазалыны алаштың Ақселеуі де жақсы көрді, жақсы көргені былай тұрсын, тіпті оның алдында сәл-пәл кішірейіп, төбесіне көтеріп құрметтейтін. Намазалы қанша дос болса да Ақаң асқар таудай ағамыз, онысына іштей намыстаныңқыраушы едім. Бүгінде Нәкең ағамыздың онысын артығымен ақтап отыр. Ол алдымен ағамыз дәріс оқыған университет ғимараты ішінен А.Сейдімбеков атындағы аудитория ашып, оның ішін кәдімгі музейге бергісіз қылып қойды. Өзі мұрындық болып жүріп жыл сайын Ақселеу оқуларын өткізеді. Ақаңның тасқаяқты жақсы көргені белгілі. Соған орай жылма-жыл оның туған күніне орайластырып қалам ұстаған қауым арасында бильярдтан жарыс өткізіп тұру да Омашевтің мойнында. Өз ауылының ғана азаматын дәріптеу үрдіс алған мына заманда Нәкеңнің бұл ісі үлгі тұтарлық-ақ азаматтық енді.
Біздің Нәкеңнің бүгінгі шыққан биігіне талабы мен таланты, қайраты мен қайсарлығы арқылы жеткені ақиқат. Мен оны тұлпарға тегін теңеп отырғам жоқ. Ол бәйгенің арты не, жал-құйрығын шаң басып өмірі ортасында да қалған емес. Құр сөз болмас үшін бір оқиға айтайын. Университет бітірген соң Ош деген жерде үш ай әскерде болдық. Бір күні 15 шақырымға жаяу жарыс болды. Сонша қашықтыққа машинамен апарды да, ал казармаларыңа дейін шабыңдар енді, деп бізді жаяу қоя берді. Үстімізде әскери кенеп форма, аяқта ап-ауыр керзі етік. Бомази шұлғау. Бұрын әскерде болған тісқақты Нұрқасымның ақылымен қонышымның бос жерлерін газетпен тығындап алғам. Кейін көзім жетті, менің жанымды алып қалған сол болды.
Намазалы алдымда, қасқыр жортаққа салып келеміз. Сол қалпымызда казармаға дейін бүлкектедік. Көп жігіт мүлдем барлығып жолда қалды. Алдымдағы Намазалы казарманың түбіне келіп жығыла кетті. Түрінен әлде неге қатты ауырсынғаны білінеді. Бір кезде қиналып отырып керзі етігін шешті-ау әйтеуір. Қарадым да шошып түстім. Арқасын алдырған аттай екі тобықтың үсті қызыл шақа. Кейбір жерлерінде іртік-іртік болып терісі жалбырап тұр. Намысқа булыққан қайран досым жанына батқанына қарамай жүгіре берген ғой. Кәдімгі соғыстағы батырларда ғана кездесетін қайтпас қайсарлық деген осы емес пе!
Қызық мен етігімді шешкенде болды. Алдымен әлгі тыққыштаған газеттердің үгінділері бұрқ ете қалып, шұлғауымды жазғанда аяғым жас баланың білегіндей болып бүп-бүтін шыға келді. Өйткені құрысын, оны көрген досымның көзін айтсаңызшы. Маған бір, газетке екі қарайды шақшиып.
Содан ол тамаққа да бара алмай казармада жатып қалды. Командирлердің көздерін ала беріп, асханадан тамақ тасимын. Намаздың маған өкпелегені сондай, мен апарған тамақты тіпті ішпей қойды. Менің орнымда ол болса алдымен өзінің емес, менің қамымды ойлар еді-ау. Содан бері Нәкеңнің алдында екі аяғымды бірдей тартып жүретін болдым.
Бұл қысқа ғұмырда досымыздың талай қайсарлығына куә болдық. Сүйсіндік те сүйіндік. Сонау Қырғыз елімен шекаралас таза қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебін бітіріп, жоғары оқу орнын да қазақша аяқтаған оның ол кезде, яғни 80-ші жылдары басқа ұлт өкілдерін таңғалдырып, сонау Мәскеуде докторлықтың шаңын аспанға шығарып қорғап келгенін ерлікке баламай көріңіз. Ардақты ақын досымыз Несіпбектің:
... Өрледің оза шауып тас қияға,
Әйтпесе ана маңдай қасқия ма?!
Жеңіліп Наполеондай сорлап қайтпай,
Сен батыр қорғап қайттың Москвада! –
деп сүйсіне ой себезгілегені сол тұс.
Кейбіреулер атаққа қолы жеткеннен кейін, атынан ауып түскендей жоқ болып кетеді ғой. Омашев әсте олардың қатарынан емес. Ол өзінің атақ-дәрежесін әлденеше ақтаған ақылман. Ең алдымен ұлттық журналистика ғылымының ұстыны болып, оны замана желі қалай соқса да шайқалмайтындай етіп негізін берік қалап, қабырғасына дейін қозғалмайтындай етіп қойды. Қазір бұл ғылымда одан өткен білгір жоқ десек еш қателеспейміз. Қазақ радиосы тарихының 1931 емес 1921 жылынан басталатынын тапжылтпай дәлелдеп, он жыл кейін шегергенінің өзі неге тұрады. Және бұл ретте бұл тақырыпты бұрынырақ зерттеген әріптес ғалымдарының да еңбектерін елеп, ескеріп отырады. Бұл да зиялылықтың, ғылымға деген тазалықтың белгісі. Намазалыға тән қасиет.
Қазір жаппай тойланып жатқан облыстық басылымдардың да мерейтойларын бір ізге салып отырған осы Омашев. Ал алаштануға қосып отырған еңбегі өз алдына бір төбе. Өзіміз бітірген журфакқа сіңірген оның еңбегі тіпті ерекше, тіпті ересен. Ол шетелдің талай жерінде болды, мұхит асып сонау Америкаға дейін барып қайтты. Кейбіреулерге ұқсап, Абай абыз айтқандай, қу дүниенің боғын алып қайтқан жоқ, өзіміздегі ғылым мен білімнің жоғын жоқтап қайтты. Ақыры өзінің іскерлігі мен ілкімділігінің арқасында соның бәрін кәдеге асырып, журфактың бет-әлпетін жаңа заманға сай мүлдем өзгертіп, ХХІ ғасырға лайықтап алып өткен де осы Омашев.
Тағы бір талантты досымыз Жүрсін Ермановтың:
Бәрін айт та бірін айт – Намазымыз,
Тасқа салсаң таймайтын КамАЗ-ымыз.
Темірбек пен Тауманның орнын басқан,
Сен аман бол, сары алтын сабазымыз! –
деп жырлайтыны оның осындай тау көтерген Толағайдай қайратына сүйсінгендіктен қайнап шыққан ыстық ықыласы, риясыз ризашылығы болар. Әйтпесе, әрі досы, әрі жерлесі, талай туысын қиянаттан құтқарған мені жырласа қайда қалыпты.
Осыдан біраз жыл бұрын Намазалымыз денсаулығы сыр беріп Астанаға біржола көшіп келген. Абыройымыз бар екен, Арқаның ауасы ем болып досымыздың беті бері, аурудың алды әрі қарады. Нәкең қайсарлықтың көкесін осы жолы көрсетті. Кейде тіпті оған қарап біз қиналатын да жағдайлар болды. Ал ол болса былқ етпейді. Әрине, қиналады ғой. Бірақ білдірмейді-ау сабазың. Әлгі Бальзак шалдың: «Осындай адамдардан шеге жасаса ғой, шіркін», дейтіні рас екен. Ақыры қайысса да, майыспады.
Біз қазір Астанада курстас жетеуміз. Жетеуміз қарсылассақ жеті бөріміз, салғылассақ жеті серіміз, ал енді қызып алсақ жетеуміз де жеті жын-періміз. Не кереметі бар екенін білмеймін осы жетеуміздің де жығылар жеріміз Намазалының алды. Оның мысы да, пысы да басым. Арқаның ай мүйізді арқары емес пе, Жүрсін ғана біраз шарпысатыны рас. Бірақ шаңырақтай мүйізін шайқап-шайқап ол да қояды ақыры.
Намазалы Омашевты дара біткен дарақ десе болар. Менің ұғымымдағы діңгегі әуелеген, жемісі мәуелеген, желге пана, күнге көлеңке дара біткен дарақтың дәл өзі ол. Ол ұстаздық еткен отыз жылда алдынан үш мыңға жуық шәкірт өтіпті, олар жайған жапырағы емей немене, отызға жуық кітап, бес жүзге жуық мақала жазыпты. Ол халқына берген жемісі емес пе, үш балапанынан көрген немерелері болса алдағы мың жасайтын мәңгілік өмірі ғой.
Сәулебек ЖӘМКЕНОВ,
әділет полковнигі,
заңгер-журналист.
АСТАНА.