13 Қаңтар, 2015

«Мүгедектер масыл болмайды»

452 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

– дейді «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенғали Оспанов

Дуйсенгали Оспанов-2

Қостанай қаласының шет шағын ауданындағы ғимараттың төменгі қабатының бір жағын түгелдей алып, сонда «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі игілікті істер атқарып отыр. Бұл мүгедек жандардың іздеп келіп, жан шуағын сезінер, көңіліне рухани медет табар орны. Жақында осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Дүйсенғали Оспанов пен қолөнер шебері Алина Лампартер «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 7-ші рет берілген «ЖанШуақ» қоғамдық сыйлығына ие болды. Біздің тілшіміз «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінде болып, Дүйсенғали ОСПАНОВПЕН әңгімелескен еді. – Дүйсенғали, сыйлығыңыз құтты болсын! – Рахмет. Еңбегімізді сатпаймыз, тек мұндай марапат арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың да масыл емес, қоғамға пайдалы іс тындыра алатынын жұрт білсе болды. – Сыйлықтың аталымы «Мүге­дек жандардың өмір сапасын жақ­сартқаны үшін» деп аталады. Осы аталым, расында, сіз бас­қара­тын «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің атқарған істеріне дәл келіп тұрған жоқ па?! – Айтқаныңыз орынды. Жұбайым Аруна Жақсығұлова екеуміз осыдан он жыл бұрын «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігін құрған болатынбыз. Атқарған ісіміздің барлығы да қостанайлықтардың көз алдында. Өзіміз түрлі жобалар жасап, сол арқылы түрлі қорлардың бөлген қаржысын ұтып алып, жұмыс істеп келеміз. Соңғы рет біздің жобаларымыз «Сорос-Қазақстан», Тұңғыш Президент қорларының гранттарын ұтып алды. Алғашқы кезден бастап, Қостанай қаласындағы, одан қалды, аудандардағы арбада отырып қалған жандарға мү­гедектер арбасын жеткізіп беріп жүрдік. Бұрын Кеңес Одағы кезінде мүгедектерге ыңғайланып жасалған жеңіл машиналар болатын. Кейінгі кезде сондай машиналар жасалмайды. Біз осы мәселені көтеріп, бірнеше рет автошеру өткіздік. Алдымен Қазақстанды аралап шықтық. 2013 жылы автошерумен Қазақстан мен Ресейді араладық. Бірақ әлі де бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Үш жылдан бері «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі ғимараттың төменгі қабатын жалға алып, онда мүгедек жандар үшін көптеген жұмыстар жүргіземіз. Қазір орталыққа отызшақты адам келеді. Олар кешке дейін осында өздерінің сүйікті ісімен айналысады. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ береміз. Орталықта бірнеше кабинет бар. Интернетке қосылған компьютер класы, спорт-жаттығу залы, медицина кабинеті, музыка кабинеті, қолөнер залы жұмыс істейді. Бағасы бір миллион теңгедей тұратын музыкалық аппарат-жабдық сатып алғанбыз. Екі тігін машинасы тағы бар. Арбада отырған кісілердің көпшілігі массажды қажет етеді. Сондықтан оның жабдығы да осыдан табылады. «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің ансамблі жұмыс істей бастады. Ол қоғамдық орындарда, «Сосновый бор» санаторийінің демалушылары алдында жиі концерт береді. Кәсіби музыкалық білімі бар, белгілі әнші Күнсұлу Жақаева біздің бірлестіктегі ән айтатын кісілердің дауысын қояды, әндер үйретеді, жалпы, осы ансамбльге жетекшілік етеді. Жұртшылық алдында батыл концерт бере бастағанымыз да осы кәсіби дайындықтың арқасы. Арамызда өнерлі жандар жеткілікті. – Бұл орталықта тек кәсіби музыка маманы ғана емес, психолог, медицина қызметкері, кәсіби спорт маманы қызмет істейтінінен хабардармыз. Бұл сіздердегі жұмыс деңгейінің биіктігін көрсететіні рас. Таратып айтып кетсеңіз. – Мұндай қоғамдық бірлестіктерде кәсіби мамандардың қызмет істеуі жиі кездесе бермейді. Біз өткен жылдары сегіз компьютер алып, онда мүгедектерді оқыттық. Олармен маман мұғалім жұмыс істеді. Компьютерді меңгергендерге сертификат бердік. Біздің бірлестікте «Преодоление» деген орталық жұмыс істейді. Онда іс қағаздарын жүргізуді, полиграфиялық дизайнды, фото ісін оқытып жатырмыз. Демек, біздің сертификатты алған соң, мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс іздеуге талпынады. Жақында олардың алғашқы тобы бітірді, қала орталығындағы мәдениет сарайында концерт қойып, оларға сертификаттарын тапсырдық. Біздің спорт-жаттығу залында мүгедектер арбада билеумен, жеңіл атлетикамен және үстел теннисімен айналысады. «Үміт-Надежда» бірлестігінің тағы бір мақтанарлық ісі бар. Мысалы, биыл Инчхонда өткен паралимпиялық Азия ойындарына Қазақстаннан 86 спортшы қатысқаны белгілі. Со­лардың арасында арбада билеуден қазақстандық спортшылар бір күміс, бір қола медаль алып қайтты. Мен мақтанып-ақ айтайын, арбада отырып билеу спортымен алғаш қостанайлық мүгедек жандар айналыса бастаған еді. Оның негізін елімізде «Үміт-Надежда» бірлестігі қалады. Осы беделді жарысқа Қостанайдан үш паралимпиялық спортшы жеңіл атлетика мен мылтық атудан барып келді. Республикадағы Ұлттық паралимпиялық комитеттің біздің облыста филиалын ашып, оны басқаруды маған жүктеді. Біз мүмкіндігі шектеулі жандар арасында талантты спортшыларды тауып, оларды дайындау жұмыстарын бастап кеттік. Бірақ мүгедектер үшін мамандандырылған, арнайы жабдықталған спорт залы жоқ. Республикада осы мәселе ескерілмеген үш облыс болса, соның бірі – Қостанай. Жақында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов мүмкіндігі шектеулі жандардың талап-тілектерін тыңдаған болатын. Сонда біз Қостанайда спорт клубын, арнайы спорт залын ашу туралы тілегімізді айттық. Тағдырдың талайында қалған жандар үшін спорт алдымен денсаулық, екіншіден олардың өмірге деген құлшынысын оятады. – Қостанайдағы мүмкіндігі шек­теулі жандар үшін өзекті мәселе тек спорт зал болса, оның жарасы жеңіл болар?.. – Осы сұрағыңыз менің есіме керемет бір мәселені салып отыр. Ол біздің қоғамдағы мүгедектерге деген көзқарастың өзгеруі дер едім. Бұрын онсыз да тағдырдың ауыртпалығын көтеріп жүрген мүгедек жандар көшеге шыға алмайтын. Оларға адамдар тіксіне немесе мүсіркей қарайтын. Мүгедек жандар да осындай сұқ көздерден жасқанып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезіне алмас еді. Қазір олай емес. Қостанайда осыдан біраз жыл бұрын мүгедек жастар үкіметтік емес ұйымдардың қозғауымен тегін жоғары білім ала бастады. Оларды жұмысқа орналастыру үшін бос орын жәрмеңкелері өтіп тұрады. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қоғамдық орындарға пандустар жасалуда, оның сапасына «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да ықпал етіп отырады. Барлық жерде осындай жұмыстар жүріп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істеп, жұрт қатарлы өзінің нәпақасын тауып, одан қалды, өзінің қолынан келген ісімен қоғамға пайда келтіруге ұмтылады. Ондай жан өзін масыл сезінбейді. Мүгедектерге қоғамда мұндай жылы көзқарастың қалыптасуына олардың өздерінің талпынуы да көмек болды. Мысалы, біздің «Үміт-Надежда» бірлестігі он жылдан бері қандай шара өткізбеді десеңші. Орталыққа келген мүгедек жастар алғашқыда бір-біріне тосырқай қарайтын. Қазір олар араласып-құраласып кетті. Мен оларға «Мен де сендер секілді жас кезімде өмірден жеңілмеу үшін алға талпына бердім. Адамдармен араластым, Аруна екеуміз табысып, отау құрдық. Солай бір біріңмен танысыңдар, табысыңдар, өмірден қалмаңдар. Сонда ғана айналаңдағылар сендерге тең көзқараспен қарайды», деп ақылымды айтып отырамын. Енді өзекті мәселеге келейін. Біздер ұтып алған гранттарда мүгедектердің қоғамдық ұйымдарына арналған бас­пана мәселесі қамтылмайды. Біз 170 шаршы метр болатын бөлмелерді жалға аламыз, айына 85 мың теңге төлейміз, қалтамыздан қаржы шығаратын кезі­міз аз болмайды. Бұл бізге өте ауыр тиеді. Көшіп-қона беруге шама келмейді. Тек біз ғана емес, қалада мүгедектердің басқа да үкіметтік емес ұйымдары бар. Барлығына ортақ қиындық бұл. Осы мәселені көптен көтеріп келеміз, бірақ шешімін тапқан емес. Мүгедек жандардың қоғамдық ұйымдары табыс табатын кәсіпорын емес, сондықтан жергілікті бюджеттен ортақ қаржыландырылса, ол ғимаратты жалға алу ақысына жұмсалса деген тілек бар. Қамқорлық болып, қолтықтан демеп жіберсе, мүмкіндігі шектеулі жандардың ішкі рухының мықтылығымен талай шепті алып жүргеніне жұрт куә. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.